Қоғамдық көлікке қыжыл көп, бірақ…

629

3

Мәселе түсінікті еді. «Неге олай?» дестік. Амандық-саулықтан соң көкейдегі сұрақтарға кезек бердік. Сұрақты тыңдаушы – «Қызылорда автобус паркі» директорының орынбасары Қанат Рахметов. Білікті екені көрінді. Ашыла әңгімелестік.

Сонымен, біздің айтпағымыз – жолақыға байланысты. Дұрысы, жол-пұлды бұрынғы бағамен карточка қызметін пайдаланып төлейсіз, олай болмаса, қосымша 120 теңгені алдын ала дайындай беріңіз. Бұған желіде жағымсыз пікір толы. Қала түрғындары түрлі бағытта қатынайтын автобустардың нарқы осылай көтерілетінін айтады. Кейбір қоғамдық көліктің сапасыздығын да сөз етеді. Бірақ, қыркүйектен бастап электронды карта енгізіліп, қолма-қол төлеуді ұмытасыз. Сандық технология­ға көшу жоспары бірте-бірте іске асып жатқанда, кондуктор қолынан жыртылған билет алып үйренген жұртқа бұл жаңалық шынымен түсініксіздеу ме, қалай?!

Тиын санап тұрмайсыз…

– Маман ретінде айтайын. Жалпы көп мемлекеттің қоғамдық көлік пайдаланушылары кондуктор дегенді әлдеқашан ұмытқан. Тиын санап, тұқшыңдап тұрған ондай кәсіп иесін көрмейсіз. Адамдар қандай мүмкіндігі бар, мысалы, ұялы телефон не арнайы жалақы алатын банктік картасы бар ма, сол арқылы төлей береді. Қолма-қол ақша беру сирек, тіпті, жоқ десек те болады. Сіз өзіңіз де білесіз, қазір пойызға билет алу үшін халық бұрынғыдай вокзалға жүгірмейді. Үйден бронь жасап, пойызға мінер тұста ғана жолсерікке электронды билетті көрсетіп кете бересіз. Әрине, бұған заманауи телефон мен ондағы қосымша арнайы бағдарламалардың көмегі тиеді. Бұл да сол сияқты, – деп бастады сөзін Қанат Рахметов.

Керек дүние екені рас. Халыққа тиімді еді. Бұны тек кеңінен түсіндіру ғана жетіспей тұрғандай ма?! Өз басыма солай көрінді. Әйтпесе, дүкен атаулыға ақша алып шықпайтын болдық. «Голд» бар. Каспий банктің осы бір жеңілдігін бірден үйреніп алғанбыз. Әрі қарай тыңдаңыз.

– «Цифрлық Қазақстан» деп аталатын мемлекеттік бағдарлама бар. Қаладағы қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесін орнату осы бағдарлама шеңберінде іске асып жатыр. Қала әкімдігінің өткен 25 маусымдағы № 15619 қаулысы тұр. Онда айтылғандай, жолаушылар мен багажды қалалық (ауылдық) қатынастарда автомобильмен тұрақты тасымалдауға сараланған тариф, жолақысын ұялы байланыс операторының көрсетілетін қызметтері арқылы немесе электрондық жол жүру картасы арқылы қолма-қол ақшасыз төлеу кезінде 90 теңге, қолма-қол ақшамен төлеу кезінде 120 теңге болып бекітілді. Бұл қаулы осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енеді.

Неге 120 теңге?

Директор орынбасары айтып отырған жобаның бір түсініксіз жері төлем карта болмаса, неге жолаушы қолма-қол 120 теңге төлеуі тиіс?

– Бұл жерде ашық айтатын бір нәрсе бар, – деді Қанат Рахметов сөзін шегелей түсіп. – Жол ақысы өскен жоқ. Сіз қолма-қол төлемді тек электронды картаға ауыстырдыңыз. Ал енді 120 теңге деген қайдан шықты? Сараланған тариф бойынша, егер төлем картасына 90 теңгені баға деп қойдық та, оған қосымша қолма-қол төлемді де 90 теңге десек, яғни екеуі қатар жүрсе, онда оның несі электронды болмақ? Онда тұрғындар бұрынғысынша қолма-қол төлеп, ешқандай адам электронды төлемге ауыспас еді. Бұны дұрысы ынталандыру деп түсіну қажет. Біздің мақсат осында, жолаушылар тасымалын жеңілдетіп, халық тұтынатын көлік қызметінің мәдениетін қалыптастыру. Болашақта біз бәрі­бір осы электронды қыз­метке түптің түбінде келеміз.  Екіншіден, бір ақшаның өзі бір күнде неше адамның қолына түсетінін кім білсін, бірақ, ол өте кір болатыны анық. Мынадай күрделі кезеңде шытырлата ақша санаудың өзі қауіпті екенін мамандар да айтып бере алады.

Электронды төлем деген не? Түсінікті болу үшін қарапайым тілге жүгінеміз. Бұл – қолға ақша ұстап, қалтаңызды қағып, әмиян­ды ақтарып жатпайсыз деген сөз. Білуімізше, сіз бен біз осы жоба іске асқан соң электронды жолақы төлемінің 9 түрін пайдалана алады екенбіз. Олар – SMS, QR код, ұялы қосымша, көлік және банктік карталарды қолданатын ұялы байланыс операторлары.

Жеке кәсіпкерлер

келісуі тиіс

Электронды төлем жасауда аталған жоба «Автопарк» пен  «АlеmPay» компаниясының бірлесуімен іске асып жатқан көрінеді. Мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік негізінде. Ал бізге анығы, паркке қарасты үлкен және орта сыйымдылықты автобустардан бөлек, жеке иеліктегі қоғамдық көліктерге төлем қабылдайтын электронды құрылғы орнатылмақ. Қазірдің өзінде 600 дана төлем терминалы автобус паркіне тапсырылып, 89 автобусқа электронды билеттер жүйесінің терминалдары мен валидаторлары орнатылыпты. Ол құрылғыларды пайдалану бойынша кондукторлар мен жүргізушілер қысқа мерзімді оқудан өтіп үлгерген.

– Жеке тасымалдаушылармен электрондық төлемдерді енгізу бойынша келіссөз жүргізудеміз. Қазіргі уақыт электронды жүйеге ауысудың тиімділігін көрсетіп отыр. Бұл біздің қала үшін де, жолаушылар үшін де ыңғайлы. Тағы айтайын, мұнда біріншіден, қоғамдық көлік қызметінің мәдениетін қалыптастырамыз, екіншіден қаладағы ескірген автобус­тардың жаңаруына ықпал етеміз. Бұл – төленген қаражат өзіміздегі қоғамдық көліктің одан әрі дамуына ықпал етеді деген сөз, – дейді ендігі кезекте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Дамир Тілеуов.

Ал электрондық жолақы төлеу жүйесі тасымалданған жолау­шы санының нақты болуы, сапаның жоғарылауы, табыс көзінің ашықтығы мен салық­тық кіріс­тердің артуын жеделдетпек.

Электронды төлем несімен артық?

Сонымен күз түсісімен қоғамдық көлік ақысы электронды төлеммен 90 теңге болып қала береді. Ал, қолма-қол 120 теңге. Нақтысы – осы. Бір қызығы, сізде төлемақы электронды болып, қоғамдық көлікте терминал болмай не жұмыс істемесе, сіз жетер мекен-жайға дейін тегін жүре аласыз. Бұл қала әкімдігінің қаулысында айтылған.

Сондай-ақ, арнайы картаны үлкендер 500, оқушылар 400 теңгеден сатып алады. Ішіне банк карточкасы сияқты керегіңізше ақша алып, автобустағы терминалға жақындатсаңыз болды. Өзі-ақ керек сомасын автоматты түрде  ала қояды.

Тағы бір көмек, «SMSBUS» бағдарламасын телефонға жүктеп, «NFC» қосымшасы арқылы да төлем жасай бересіз.

Айтпақшы, электронды картаның жарамдылық мерзімін уа­йымдаудың қажеті жоқ. Ондағы қаражат та сол күйінде сақтала береді. Тіпті, алты айдан кейін автобусқа отырып, қолдағы картаны көліктегі кішкентай құрылғыға сүйкете салыңыз, бітті, жолақы төленді деген сөз. Бастысы, карта қаржысыз қалмауын бақылаңыз.

Енді пойыз бен ұшаққа мінер алдында билет алғандай, қоғамдық көлікке де міне сала төлем жасайсыз. Бұрынғыдай «түсер жеріме жақындағанда төлермін» деп отыра алмайсыз. Бақылаушылар тарапынан айыппұл арқалауыңыз мүмкін. Бұған қосымша, қолыңыздағы картамен екінші адамға төлеп, жомарттық таныту болмайды. Карта сіз мінген маршрутыңыздағы бір адамға ғана, яғни, өзіңізге жарамды. Терминалға екінші мәрте жақындатып көргеніңізбен, өзіңізге төлем жасалғаны хабарланып, картаңызды кері итереді.

Қуаныштысы, барлық қоғамдық көліктер электронды жүйеге өтісімен, аялдамаларға арнайы шағын ақпараттық экран қойылады. Бұлар жолаушыларға күткен автобусының қай жерде екендігін, өзі тұрған аялдамаға неше минутта келетінін көрсетіп тұрмақ.

Аты айтып тұрған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының артықшылығы жылдан-жылға сезіліп келеді. Қағазбастылықтан ада болуға үндеген Үкіметтің бұл шарасы да біздің көп жұмысымызды жеңілдетері анық. Ал қоғамдық көлік жүйесіне өзгеріс әкелген электронды жүйенің ендігі артық-кемшілігін тұрғындар алдағы уақытта бағалар.

Десек те, жал сипатпай дамып бара жатқан осынау заман ағымына қарай ілесе білу де қажет. Көп өзгеріс, ұдайы даму кейбір таптаурын тірліктің көбесін сөгіп, көп нәрсені үйретсе – өркендегеннің белгісі. Мамандар айтуынша, біз қоғамдық қатынастың бұл жүйесінде біршама қалыс келеміз. Демек, өзгеріске күдікпен қараудың қисыны жоқ.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

Пікірлер:
  • Корип журмиз жага устасып Алматы жакта тобплесип жатканын осы картанын кесиринен кишкентай балага дейн милицияга суйрелеп жатат толемедин кашуга биимделдин деп автобустын ишинде, тусирипте тастайд осы картанын кесиринен, бала деген умытат, жогалтат. Ертенги куни казак-казакты урып-согып жатса ким жауап беред? Маршрут егелериде бул картага отуге карсы екен. Халыкта карсы кимге тыкпалап отырсыздар

  • дурыс кошсин осы кунге дейн 50 дамыган елдин катарына кирип келе жатырмыз деп келдик ауылдарда сеть жок интернет жок барлыгында дерлик уялы телефон смартфон жок билмейди калай колдану керегин сиздер келип Америка ашасыздар проста бул сиздердин оздеринизге керек нарсе канша акша туседи кунделикти сол сиздердин кокейлеринизди тесип отканы УОС катыскан ардагерлерге коньки тебу тегин дегендей ардагерлер жолакынын жарты багасын толейди сонда ертен тагыда 3 карточка шыгарасыздарма халыктын барлыгы бирдей сиздер сиякты емес биреулер айына бир еки рет туыскандарына кыдырып келсе одар карточканын не екенин билмейди толейн десе карточка 1 рет кана жарамды бул дурыс шешим емес егер балада карточка болмаса олда 120 тг толеу мига конымсыз алдеде кеш емес кайта карауларынызга

  • Дурыс та шыгар бирак соган саикес санитарлы жагында карастыру кажет 3 маршрут сирек журеди автобус ески иши лас 120 тенге болса заман талабына сай болу кажет 17,18,,, сияктты улкен автобус берсе адам саны куп 50 жылгв есеи автобусты алып тастау кажет.

Пікір жазыңыз