Қоқыс тастау мәдениетін қашан үйренеміз?

2464

0

Күн жылынды. Қар еріп жатыр. Байқап қарасаңыз, сол ақ мамықтың астында қыс бойы жиналған қалдық сыртқа шығуда. Бұл өзге емес, өзіміздің мәдениетсіздігімізден. Ал, оның машақатын тиынын тірнектеп жиған көше тазалаушылары көруде. Бұған біз қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі ұйымдастырған баспасөз турында көз жеткіздік.

Еңбекті неге бағаламаймыз?

Алдымен Гагарин қыс­тағындағы Балқы базар және Ешнияз сал көшелерінің қиылысына беттедік. Мұнда тазалық жұмыстары қызу жүріп жатты. Мамандардың айтуынша, бұл жер арнайы қоқыс тастайтын орын ретінде белгіленбеген. Десе де, тұрғындар үйіндіні стихия­лық қоқыс аймағына айналдырып үлгірген. Аумақта бір күн бұрын тазалық жұмыстары жүргізілсе де, суреттегі көрініс күнделікті қайталанады. Ал, бұл қоқыс­тарды ешкім сырттан әкеліп тастамайтыны анық. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шар­уашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабаевтың айтуынша, «Қызылорда тазалығы» серіктестігінің қызметкерлері шақырайған күннің, шытынаған аяздың кезінде де жұмысын тоқтатқан емес. Бүгін де олар таңғы сағат бестен бастап шаһар тазалығын мұнтаздай етуге шыққан.

– «Қызылорда тазалығы» серіктестігі заңды және жеке тұлғаларға қызмет көрсетеді. Қазір көшелердің санитарлық тазалық жұмыстарына 42 да­на арнайы қоқыс жинақ­таушы көлік, 6 дана КамАЗ, 6 дана арнайы тіркемесі бар трактор, 3 дана погрузчик жұмылдырылған. Қаланың 813-тен астам көшесінің та­залығын қамтамасыз етуге 140 жұмысшы күші, 58 жүк тиеуші, 60 жүргізуші қыз­мет­кер біріктірілді. Қоқыс шы­ғару жұмыстары екі ауы­сымда жүргізілуде. Түнгі ауы­сымдық жұмыстарға 7 техника қарастырылған. Алайда, тұрғындардың тазалық мә­селесіне бейжай қарауы, тұр­мыстық қалдықтарды кө­рінген жерге тастауының салдарынан еткен еңбектің зая кететіні бар. Тиісті мекемелер тарапынан тұрақты түрде тазалық рейдтері жүр­гізіліп отыр. Қоқысты белгі­ленбеген орынға тастау фак­тісі тіркел­ген жағдайда ес­керту, нәтиже шықпаса, айып­пұл төлеу қарас­тырыл­ған. Дегенмен, бұл жерде тұр­ғын­дарда қоқыс тастау мәдениетінің қалыптасуы ма­ңыздырақ. Қысы-жазы тыным таппай, қолына сыпырғы, кү­рек ұстайтын тазалық жа­нашырларының еңбегін естен шығармауымыз керек, – деді Біржан Далабаев.

Тазалыққа бәрі де жауапты

Тағы бір айта кететін жайт, тұрғын үйлерден шы­ға­ры­латын қоқыс негізі­нен бөлшектенуі тиіс. Мәсе­лен, тұрмыстық қатты қалдық­тар­дан бөлек, құрылыс заттары арнайы шақырту арқылы алынады. Санитарлық талапқа сай әр үйдің иесі өзіне те­мір контейнер орнатып, бе­кі­тілген тариф бойынша тө­лем жүргізуі қажет. Бірақ, жұртшылықты төңіректің та­залығынан бұрын қалтаның қамы көбірек алаңдататыны тағы бар. Көпке топырақ ша­шудан аулақпыз. Себебі, ма­ңызды мәселеге саналы түр­де қарайтын тұрғындар да аз емес.

 – Қала тазалығы баршаға ортақ. Әйтсе де, жерлестердің тазалық жөніндегі мәде­ние­тін, түсінігін әлі де көтеру қажет. Тазалық – отбасында қа­лыптасатын дүние. Шыны керек, біз, ата-аналар, кейде балаларымызды қоқыс төгуге жұмсаймыз. Ал, сол бала шынында қоқысты арнайы темір жәшікке апарды ма, жоқ па, әлде аулаға, көше бойына лақтырып кетті ме, қадағалау қажет. Тазалықты сақтау да – тәрбие. Бұдан бөлек, көптің арасында қоқысты қай жерге болсын төге салып, «ақысын төлеп жатырмыз ғой» деп міндет қылатындар кездеседі. Бірақ, бұл мәселемен  күрес­ке тек көше тазалаушылар ғана емес, қоғам атсалысу керек. Сондықтан мектеп та­балдырығында тазалық мә­селесіне арнайы сабақтар өт­кізілсе де артық емес. Кешегі Кеңес одағының тәрбиесін көргендер, яғни аға буын тазалыққа жақсы қарайды. Қажет болған жағдайда контейнерлер орнатып, айнала­мызды айнадай қылып отыр­ғанға не жетсін?! Өзге үшін емес, өзіміз үшін, – деді әл Фараби көшесінің тұрғыны Гүлдана Әбжанова.

Рейд барысында қаланың әр бұрышындағы қызу жұ­мыс­тарға куә болдық. Әл Фараби көшесін аралау барысында тазалықшылардың жол жиегінде қап-қап болып жиналған қоқыстарды ар­найы техникамен жинақ­тау сәтін, енді бір маман­дар­дың Жаппасбай батыр кө­ше­сіндегі тұрғын үй орамында орналасқан қоқыс кон­тейнерлерін дәнекерлеу ап­паратының көмегімен жөн­деуден өткізіп жатқанын бай­қадық. Бұл ретте «туған қала тазалығы үшін тырбанып жүр­ген жандардың еңбегіне жүрдім-бардым қарамасақ екен» деген ой ғана келді.

«Плоггингтің» пайдалы тұсы бар

Шынында, әр тұрғын айналасына аяушылықпен қа­раса, нұр үстіне нұр. Осы тұста тазалық үшін күресте бізге швеция­лықтардың «Плоггинг» трен­ді көмекке келе алатынын айтқымыз келеді. Бұл – Еуропа елдерінде кеңінен та­ралған спорт түрі. Онымен айналысу үшін сізге спорт киімі, арнайы қапшық, ең бастысы ниет керек. «Плоггинг» арқылы сіз жүгіріп жүріп, жолыңызда кездес­кен қоқысты жинай бересіз. Әлеуметтік желіні парақтап көрсеңіз, «Плоггинг» хэш­тегі арқылы спортпен қоса тазалыққа үлес қосып жат­қан адамдардың санында шек жоқ. Ол қоқыс тастау мә­дениетінің қалыптасқанын көрсетеді. Сонымен қатар олар қоқысты сұрпына қарай түрлі жәшікке тастайды. Мә­селен, пластикті бөлек, қа­ғазды бөлек, тағысын-тағы. Ол – болашақта қайта өң­деу жұмыстарына да үлкен көмек. Көктем келді, сер­гектік маңызды. «Плоггингпен» шұғылданып, қала таза­лығына үлес қосу  ертеңді қажет етпейтінін ұмытпаңыз! Тазалық сақтау – ортақ міндет.

М.СНАДИН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<