Қорқыт ата университетінде жасанды интеллект мектебі ашылады

684

0

Жақында университет делегациясы Оңтүстік Корея мемлекетіне жұмыс сапарымен барған болатын. Онда бірқатар университеттермен жоғары білім саласына қатысты ауқымды жобалар мақұлданып, екі жақты келісім жүргізілді.

Соның бірі – Қорқыт ата атындағы ҚУ мен Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университеті бірлесіп алдағы 7 жылда «Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жетекші университет» жобасы аясында жасанды интеллект мектебін ашуды жүзеге асырмақ. Жасанды интеллект мектебі 3 бағыт бойынша білім алушыларға оқу процесін жүргізеді. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Бейбіткүл Кәрімова мәлімдеді.

– Корея мемлекетіндегі іс сапардың басты мақсаты – екі ел арасындағы байланысты нығайту және ондағы университет өкілдерімен бірлесіп тың жобаларды іске асыруға бағытталды. Өздеріңізге мәлім, Корея мемлекетінде IT бағыты қарышты дамыған. Сондай-ақ, озық технологияларды шығаруда әлемде алдыңғы қатарда. Осы мақсатта біздің университет делегациясы Қорқыт ата университетінде IT орталығын ашу туралы ұсыныс білдірген болатын. Бұл ұсынысымыз қолдау тауып, біздің оқу орнында жасанды интеллект мектебін ашу туралы келісім жүргіздік. Осы жоба негізінде алдағы 7 жылда Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университеті мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржылай қолдау көрсететін болады. Жоба аясында киберқауіпсіздік, жасанды интеллект, компьютерлік ғылымдар бағыты бойынша білім беру бағдарламаларын ашу көзделіп отыр. Сондай-ақ бизнес-инкубатор орталығын іске қосуда жоспарлануда. Жыл сайын Сеул университетінен 2 профессор дәріс беру үшін және 2 студент бағдарламаларды қамтамасыз ету мақсатында оқуға жіберіледі. Аталған мамандықтарға арналған заманауи зертханалар жасақталып, олар Корея Республикасында шыққан серверлер, озық жабдықтар және бағдарламалармен қамтылады. Бұдан бөлек, алдағы уақытта Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университетінің филиалын құру жоспарлануда. Бұл жұмыстар тікелей өңір басшысының қолдауымен жүргізіледі, – деді ректор Бейбіткүл Кәрімова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<