Құлдыраудан кейін өрлеу бар

465

0

«Қазақтың тойы бітпесін!» деп желпініп жүргенімізде карантиндік шектеулер тойханалар тіршілігін тұсап тастады.

Пандемияға байланысты орын алған шектеулер кәсіпкерлерге қырын келгені анық. Әлемдік сарапшылардың зерттеулері  көрсеткендей, пандемия салдарынан орта есеппен  кәсіпкерлердің 76%-і түсім көлемі кеміп кеткенін айтса, 66%-і тауарлары мен қызметіне сұраныс күрт төмендегеніне шағымданған. Бизнес өкілдерінің 36%-не тауар жіберушілер саны азайып, 24%-нің қызмет көрсету филиалдарының саны кеміген. Әрбір үшінші кәсіпкер қызметкерлерін ақысыз демалысқа жіберсе, әрбір бесінші кәсіпкер қызметкерлерін жұмыстан шығаруға мәжбүр болған.

Бизнес өкілдері дағдарысқа дейінгі көрсеткіштеріне қайта жету үшін кемінде бір жылдан аса уақыт керек деп санайды. Десе де, кейбір кәсіп түрлеріне пандемия әсер ете қоймаса, ал енді біреулеріне жаңа идея­лар ойлап табуға мүмкіндік берді. Кәсіпкерлердің басым бөлігі дағдарыс жағдайына бейім­деліп, бірқатар шараларды жүзеге асырды. Шығынды азайтуға күш салып, жұмыстың онлайн режиміне көшкендер болды.

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының мәлі­меті бойынша, 2020 жылы пандемия жағдайында өңіріміздегі кәсіпкерлік субъектілерінің 74%-нің қызметі ішінара тоқтатылды. Оның ішінде азық-түлік емес тауарлардың бөлшек сау­дасы, туризм саласы, қоғамдық тамақтану және мейрамхана, тұру және жолаушыларды тасымалдау қызметтерінде кәсібін жүргізетін шамамен 10 мыңға жуық субъекті зардап шекті. Ал қазіргі таңда тойхана бизнесінен бөлек, кәсіпкерлік субъектілерінің қызметтері толығымен іске қосылды деуге болады.

Мемлекет тарапынан бизнесті жандандыру бағытында бірқатар іс-шаралар атқарылды. 2020 жылы 54 мыңға жуық кәсіпкерге салықтық жеңілдіктер қарастырылып, 8,5 мың шағын және орта бизнес субъектісінің 12 мыңнан астам жалдамалы қызметкерлері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жарна төлеуден босатылды. Шамамен 9 мың сауда алаңы (147 ірі сау­да объектісі бойынша) 700 млн теңгеге жуық жалдамалық төлемдерді төлеуден босатылды.

Мемлекеттік меншіктегі 356 нысанды жалға алып отырған 194 шағын және орта бизнес субъектісі 60 млн теңге жалдау ақысынан босатылды. Шағын және орта бизнестің 8 мыңға жуық өкілінің банк алдындағы міндеттемелері бойынша төлемдері кейінге қалдырылды. Одан бөлек, шағын және орта бизнес 2023 жылға дейін табыс салығынан босатылды.

Бұл ретте, салықтық түсімдері бойынша бюджет жоғалтылымы шамамен 2020 жылға – 4,6 млрд, 2021 жылға – 4,8 млрд және 2022 жылға – 5,2 млрд теңгені құрамақ.

2020 жылы қабылданған «Облыс­ты 2023 жылға дейін экономикалық дамыту жоспары» аясында экономи­каның түрлі салаларында іске асыру үшін бизнес өкілдеріне 265 жоба таныстырылды.  Өткен жылы 2 мыңға жуық жұмыс орнын ашуды көздейтін, құны 28,7 млрд теңгелік 110 жобаны іске асыру қолға алынған болатын. 11 айдың нәтижесі бо­йынша 7,6 млрд теңгені құрайтын 89 жоба іске қосылып, 1035 жұмыс орны құрылды.

Облыс әкімінің тікелей қол­да­уымен «Қызылорда» Өңірлік ин­вес­­ти­циялық орталығының қыз­меті 5 жылға ұзартылды. Бұл ретте, орталыққа «Даму» қорынан 1 млрд, «Аграрлық несие корпорациясынан» 200 млн және дәріханалардың айналымын толықтыруға облыстық бюджеттен 488 млн теңге қаржы тартылғанын айта кету керек. Атал­ған орталық тарапынан шағын кәсіп­керлердің 160 жобасы 1,2 млрд тең­гемен несиелендірілді.

Ұлттық банктің мәліметі бойынша 2020 жылдың 11 айында банктерден шағын және орта бизнеске 23,3 млрд теңге, оның ішінде, кәсіпкерлік саласындағы бағдарламалар аясында бизнестің 473 жобасына 20 млрд теңге бағытталды. Атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы-2025» бағ­дар­ламасы аясында 9 млрд  теңгеге 239 жоба, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 2,1 млрд теңгеге 60 жоба, «Жеңілдікпен несиелендіру» аясында 8,3 млрд теңгеге 108 жоба, «Даму-Сырдария» бағдарламасы аясында 622 млн  теңгеге 66 жоба қаржыландырылды.

Айта кету қажет, 2020 жылы «Бизнестің жол картасы-2025» бағ­дарламасын іске асыруға 2 млрд 56 млн теңге қаржы бөлініп, жыл қорытындысымен толық игерілді. Оның ішінде 1,3 млрд теңгесі субсидия беруге, 535,3 млн теңгесі ке­пілдік беруге, гранттар беруге 181,5 млн теңгесі бағытталған. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында шағын несиелер беруге 3,3 млрд теңге қаржы қаралып, жыл басынан бері 833 жоба несиелендірілді.

Мемлекеттік бағдарламалар ая­сын­дағы шамамен 2,8 млрд теңге қайтарымсыз гранттар 4770 жұмыс­сыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға табысталды. Оның ішін­де, «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 78 шағын және жас кәсіпкердің жаңа бизнес-идеяларын іске асыруға 181,5 млн теңге қаржы бағытталды.

Облыста жалпы саны 128 тойхана бар. Төтенше жағдай мен ка­ран­тиндік шараларға сәйкес бас мем­лекеттік санитариялық дәрігерінің қау­лысымен КВИ-дың алдын алу және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кейбір кәсіпкерлік қыз­мет түрлеріне, оның ішінде тойха­налардың қызметіне тыйым салынды.

Қызметіне тыйым салынған кә­сіпкерлік нысандарын қайта жандандыру және басқа салаларға бағыттау мақсатында облыс әкімдігі тарапынан «Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары» әзірленді. Жоспар аясында 15-тен аса тойхана қызметтерін өзге салаларға бағыттады.

Мәселен, Аралдағы «Ақниет» тойханасы киім-кешек сататын сауда нысанына, Қармақшыдағы «Ал­тын Ғасыр» отбасыға арналған киім­дер сататын сауда орталығына және «Мәлике Ана» тойханасы балалар ойын алаңы мен кондитерлік өнімдер өндіретін цехқа ауыстырылса, Қызылорда қаласындағы «Ұлы­тау» тойханасы шырындар мен сусындар және «Orda» тойханасы автоматтандырылған лаваш шығару өндірістерін іске қосу жұмыстарын жүргізуде.

Сонымен бірге, бірқатар тойха­налар өз бағыттарын құс шаруа­шылығына, құрылыс материалдары дүкеніне, медицина орталығына қайта бағыттауда. Бұл өзгерістер биыл да жалғаспақ.

Халықаралық валюта қоры жа­һандық біркелкі болмаса да, 2021 жылы экономиканың қалпына ке­луінде өсім 5,2%-ке жетеді деп болжам жасап отыр. Демек, құлдыраудан кейін өрлеу боларына сенеміз. Бір қызығы, әлемді әлекке салған жұқ­палы індеттен туған іркілістер санаға сілкініс әкелгенін де жоққа шығаруға болмайды.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<