Қымбатшылық: оның сырын білесіз бе?

1899

0

Қазір тұтыну нарығындағы қымбатшылық туралы жиі айтыла бастады. Өкінішке қарай, бұл – әлемдік құбылыс. Тұрмысы жайлы деген Еуропада, Батыс елдерінде қымбатшылықтан арылу жолдары қарастырылғанымен, әзірге нәтиже көрінбейді. Айталық, тұрмыс тауқыметінен зардап шеккен Ауғанстанның, Таяу Шығыс және Африка елдері азаматтарын сол ауқатты деген Еуропаның өзі қабылдауға құлықсыз.

Проблемалар қоныс аударып, жақсы өмір сүрумен шешіліп жатса, кәнекей. Қазір қымбатшылық барлық елдерді, салаларды қамтуда. Күні кеше салыстырмалы түрде тұрмысы қолайлы деген Түркияда ұлттық волюта – лира АҚШ долларына шаққанда 70 процентке қымбаттады. Ел абыржыды, толқу басталды. Қымбатшылық бүкіл Еуразиялық кеңістікте белең ала бастады. Арменияда, Ресейде, Қырғызстанда, Тәжікстанда, одаққа кірмейтін Өзбекстанда да сондай. Неліктен осылай болды? Айта берсе, түйткілдер толып жатыр.

Цифрларды сөйлетіп көрейік. 2021 жылдың қыркүйек айындағы статистика мәліметінше, Қазақстандағы экономика салалары бойынша несие қарызының қалдығы шамамен 344 трлн теңгені құрайды. Ал енді сараптама жасап көріңіз, осы несие қалдығының 86,4 проценті немесе 297 трлн теңгесі – біздің айтып жүрген тұтыну мақсатындағы несие. несие берушілер аталған цифрға күмән келтіруі де мүмкін. Себебі әлгі процентті жіліктей берсеңіз түсіндіре алмайтын, таусылмайтын түйткілдерге тап боласыз.

Бірақ айналып өте алмайтын бір шындық бар. Сол несие қалдығының 2,2 проценті ғана өнеркәсіп, 0,8 проценті ауылшаруашылық, 2,3 проценті құрылыс саласын қамтиды. Сауданың үлесі – 6,9 процент. Мәліметтерде әлгі 86 процент несие қалдығы жеке кәсіпкерлік, өнеркәсіп емес сала деп тайға таңба басқандай анық көрсетілген.

Одан да зорын айтайық, бұл – Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді қамтып отырған дерт. Ат төбеліндей аздаған топ, шындығын айту керек, оңай ақша табу жолына көшті. Барлығы да ауадан ақша жасағысы келеді. Бірақ экономиканы көтеретін саланың бірі – материалдық игілік. Жай сөзбен, ескі тілмен түсіндіргенде, кәдімгі зауыт-фабрикалар. Әрине, кеңес ұғымындағы фабрикалар емес, кәдімгі әлемдік нарықта өнімі сұраныс табатын өндіріс керек. Әзірге бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр. Бірақ қарқыны біз күткендегіден төмен екені алаңдатады.

Біздің пайымдауымызша, қазір күллі әлем қаржыны оңай табу жолына түсіп, дөрекі айтқанда, құдайшылығын ұмытып кетті. АҚШ әкімшілігі әлемдік қаржы реттеу құзыры өзінде болған соң инфляцияны шарықтатуға өз үлесін қосып, трлн-даған долларды айналымға шығарып жіберді.  Ешқандай материалдық игілікпен қамтамасыз етілмеген ақша тасқыны әлем нарығын жаулап барады.

Қымбатшылықтан кедей елдер барынша зардап шегуде. Қазақстан кейбір сала қызметкерлерінің жалақысын еселеп өсірді. Олар өкінішке қарай, материалдық игілік өндіруші саланың қызметкерлері емес. Бұл керісінше, басқа сала қызметкерлерінің тұрмыс деңгейін бұрынғыдан да төмендетіп жіберді. Жуырда ғана Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев жалақының өсімі онсыз да жетісіп тұрмаған тұтыну нарығындағы жағдайды ушықтырып жібергенін ашық айтты.

Экономикада жалақы көтерумен мәселе шешілмейді. Ол өкінішке қарай, халықтың тұрмыс деңгейінде жіктелу үдерісін күшейтті. Бүгінгінің ақиқаты осындай. Мұны жай тілмен айтқанда, капиталистердің бүгінгі ақылды буыны мойындап отырған реттеуге көнбейтін жабайы нарық дейді.

Әртүрлі ойлар мазалайды. Теңгенің тағдыры не болар екен?

Жолдасбек Ақсақалов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<