Сабақтастық үзілмейді

1830

0

Соңғы жылдары Сыр баспасөзі айтулы күндерін лайықты атап өтіп келеді. Өткен жылы ата басылым – «Сыр бойының» 90 жылдық мерейтойы өтті. Енді, міне, тағы да айтулы күн. «Сыр бойы» газетінің жарыққа шыққан 20 мыңыншы санын көру басылымның бүгінгі ұрпағының несі­бесіне бұйырды.

Уақыт не деген жылдам, бейнелеп айт­қанда жалынан сипатпайды, бүгінгі өзгеріс ертең тарихқа айналып жатыр. Сол сияқты менің «Сыр бойы» газетіне («Ленин жолы») келгеніме 40 жылға жуықтап қалыпты. 1983 жылы газетке келгенімде республикаға белгілі қаламгерлермен алғаш рет қауышып, олармен қыз­меттес болудың бақыты бұйырған еді. Шынын айтсам, жүрексіндім. Себебі облыстық газетке сол дәуірде 30-ға жетпей келу сәттілігі оңайлықпен бұйыра бермейтін.


Отан соғысының ардагерлері Құр­манғали Ажаров, Ахметжан Нүрекеев, одан кейінгі толқын – Сақтаған Есмаханов, Мырқы Исаев, Шора Ералиев, Рысты Бекбергенова, Қомшабай Сүйенішов, Өтеген Жаппарханов, ағайынды Дәрма­ғамбетовтер, Қайырбек Мырзахметов, Дархан Сапаров, Болат Мұратбаев, Нұрпейіс Байғараев, Итен Қарымсақов, Тоқболат Еңсегенов, Айжарық Сәдібеков, Әбдібай Уәлиев, Арзымбек Мәдединов, Шайзада Рахметбеков, Әбдіхан Айдаров сол кездің өлшемімен алғанда республиканың кез келген басылымын басқаруға қабілетті азаматтар еді. Бұл менің әсірелеп айтқаным емес, үлкен шығармашылық орталарда Қызылорда облыстық газетінің рейтингі өте жоғары бағаланатын.


Редакцияға орналасқан уақыттан сәл өткенде газетті 18 жыл басқарған жаны жайсаң керемет ағамыз Қалқабай Әбенов зейнетке шықты. Жастарға қамқор­лығымен, кең мінезімен, азамат­тығымен ерекшеленген редакторды партия қыз­меткері Нұрділда Уәлиев алмас­тырды. Сырға басшылыққа келген обкомның бірінші хатшысы Еркін Әуелбековтің реформасы газетте де өзінің лайықты орнын тапты. Жаңашылдық лебі есті. Нұрекең ең алдымен жастарға сүйеніп, олардың сол жаңашылдық идеяларын қабылдай білді. Еркіндік берілді. Шығармашылық өкілдерін қорғаудың керемет үлгісін біз осы Нұрекеңнің бойындағы айрықша қасиеті ретінде бағаладық. Сондай-ақ ол кісі әділдіктің жаршысы да бола білді. Сол уақыттағы орта буын журналис­тер қауымы – Әскербек Рахымбеков, Ақберген Ержан, Әбдібай Уәлиев, Әділхан Байменов, Болат Омаралиев, Расул Серіковпен бірге жас буын Несібелі Рахмет, Сәрсенкүл Биқожа, Оразбек Мақсұтұлы, Қази Данабаев, Жолтай Әлмешұлы, тағы басқалар аға буын өкілдерінен қалыспай шығармашылықпен құл­шына еңбек еткенін атап өткім келеді. Олар журналистік қым-қуыт тіршілікпен бірге шығармашылықпен сәтті айналыса білді. Есімдері көп ұзамай-ақ көпшілікке танылды.


Кеңес дүниесі құлаған аласапыран кезеңде Әскербек Рахымбекұлы, Жақ­сылық Рахматулла кейінірек Серік Пір­назаров басшылық жасады.
Былайғы жұрт бұрынғы түсінік бо­йынша газетті насихатшы және үгітші құралы ретінде бағалайды. Себебі газет Кеңес дүниесінің кезінде осындай роль атқарғанын жасырғымыз келмейді. Бірақ сол дәуірдің соңғы кезеңінде газет партиялық басқарудың ықпалынан біршама арыла бастады. Кеңес Одағының соңғы жылдары демократиялық үдеріс­тердің өмірге батыл енуі газеттің жаңа леппен қарулануына мүмкіндік берді. Мұның соңы ортақ жүйенің құлап, Қазақстанның тәуелсіздік алуына ұлас­ты.

Күрделі кезең басталды. Халықтың тұрмысы қиындады. Нарық қатынастары орнықты. Бұл біздің бұрынғы түсінігімізге мүлдем өзгеріс енгізді. Осы кезеңде жаңа атқа ие болған «Сыр бойылықтар» нарықтық қатынастардың талабын, Елба­сының тұжырымдамаларын қалың жұршылыққа түсіндірумен айналыс­ты. Әсіресе жаппай өріс алған жеке­ше­лендірудің заңдылық ерек­шеліктерін түсіндіру маңызды талапқа айналды. Бұл жаңа талапты, яғни нарық қатынастарын білуді керек ететінін түсінген қаламгерлер көп ізденді, респуб­ликалық семинарларға қатысты. Қазақстанның өзге аймағындағы әріптестерімен тәжірибе алмасты. Осы тұста бас редактор болған Жақсылық Рахматулла газеттің қиын уақыттағы сындарлы сәтінен абыройлы шығуына бар тәжірибесін сарқа пайдаланды. Редактор журналистер қауымын ынталандыру шараларына көп көңіл бөлді.


Бүгінде «Сыр бойында» жаңа тол­­қын еңбек етеді. Олар Тәуел­сіз­дігіміздің жарқын көрініс­терін бейнелеу­ге, ақпараттық-сараптамалық ма­­те­риал­­дардың көптеп жарық көруіне өзіндік үлестерін қосып келеді. Бұл – біздіңше, 90 жылдан астам тарихы бар газетте сабақтас­тық дәстүрінің жалғасып келе жатқанының айғағы.
Айтулы күндеріңіз құтты болсын, әріптес­тер!


Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<