Сағыныш сазы тербейді

1950

0

«Адамның заңғар ұлылығын сен, сағынышпен есепте» депті аса талантты ақын Төлеген Айбергенов. Сырлы әлемге қадам басқан сәтіңіз есіңізде ме! Өмірдің сыныптай жылжып өте шығатынын сезбей де қалады екенсің. Барлығы күні кешегідей сияқты еді.

Сонау 1968 жылдың 1 қыркүйегінде Қарабұтақ қазақ орта мектебінің бірінші класына ата-аналарымыз қолымыздан жетектеп әкелгені әлі есімде. Алғашқы ұстазымыз Махамбетова Иба апайымыз қабылдап, партаға отырғызды.

Иә, кешегі ойын баласы бүгін оқушы атанып, бір-бірімізге үрке, жан-жағымызға таңдана қарап, партада томпиып отырғанымызды қалай ұмытайын? Бүкіл бастауыш бүлдіршіндерінің өзара қарым-қатынастарына ғана тән пәк көңіл, шынайы сенім, адал достық деген өмірде енді қайталанбайтын, тек сағынышпен еске түсетін сәт екен.

«Уақыт бір орында тұрмайды» деген, бізге де ес кіріп, есейе бастадық. Өзіміз тұрмақ, ағай-апайларымызды терең танып, түсінуге тырыстық. Балалықты қойсаңшы, олардың мінез-құлқына, жүріс-тұрысына қарап, лайықты ат қоятынымызды жасырмасақ та болады. Сонда да оларды құрметтеп, сыйлап, олардың алдында өзіміздің шәкірт екенімізді ұмытқан жоқпыз. Келешекке кемел шәкірт тәрбиелеп, өз замандарына сай қызмет еткен аяулы жандар еді. Олар: Махамбетова Иба, Арызов Қазыбай, Кунтуов Тілеулес, Әлпейісов Рахметолла, Жұмағалиева Әсима, Сабыров Нәжмедин, Рақыш апай, Төлебике апай, Фердоусия апай және т.б. осындай ұлағатты ұстаздардан білім, тәрбие алдық. Алдарында борыштармыз. Аяулы жандардың есімімізде ұзақ сақталатыны анық.

  Уақыт, шіркін, зуылдап өте шықты. Жетпісінші жылдардың соңына таман бір класты 35 оқушы тәмамдап, үлкен өмір мектебіне жолдама алдық. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деп Абай атамыз айтқандай, әр тарапқа самғап ұшып кете бардық.

  «Өмір – қамшының сабындай» деген бе? Алтын ұядан ұшқанымыз кеше ғана сияқты еді. Аттай қырық жыл өтіпті-ау… Қазір әрқайсысы әр салада өз үлестерін қосып, еңбек етіп жүр. Отбасылы болып, өмірге ұрпақ әкеліп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немере сүйіп, үлкен шаңырақ болып отырған бақытты жандар.

  Алаш арысы Әлихан Бөкейхан: «Адам баласы айналып өтпейтін екі өткел бар, оның біреуі – махаббат, екіншісі – өлім» деген. Біреуге ерте, біреуге кеш келетін, арамызда өмірден ерте озып кеткендерді ұмытпай рухтарына бас иеміз. Олар: Бітімбаев Зияддин, Бітімбаев Зейнолла, Жайбеков Рахметолла, Саметеев Асқарбек, Қазбеков Есен, Каренова Бейбітгүл, Нұржанова Гүлжан, Есжанова Таразы, Дариға – жатқан жерлері жәннатта болғай! Абзал достарды ешқашан ұмытпаймыз.

  Иә, достар, ішкі сарайымыздағы «біз кім едік?», «кім болдық?», «осы кезге қалай жеттік?» деген салмағы ауыр сұрақтың жауабын шешіп, ойланып-толғанып, алды-артымызға бір шолу жасағандай болдық.

  Аяулы да қадірлі достар! Осындай жайма-шуақ кездесу ұйымдастырған, сағыныштарыңды басып, өткен-кеткенді еске түсіруге мүмкіндік жасаған, ең бірінші болып бастама көтерген Асқарға, жұмыла көтеріп әкеткен Жания, Күләй, Қуан, Зейнегүл, Нұрланға алыстан алғысымды жолдаймын! Сағынатын достарың болғанға не жетсін. Алла амандықпен Һәм сағынышпен кездесуді нәсіп етсін!

Бибісара Омарова-Кенжебекова

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<