Шөлді жерде бақ өсірді

351

0

 Жалағаш ауданына қарасты Таң ауылындағы «Манақ баба» шаруа қожалығы жасыл технология игілігі арқылы сортаң жерді жайқалған жасыл желекке айналдырып отыр.

Аталған жоба бойынша шар­уа қожалығына қарасты 8 гектар алқап қалпына келтірілген.

Қазіргі таңда онда 3 гектар алма бағы және қалған бөлігінде көкөніс дақылдары егілген. Мұнда күн сәулесі мен жел энергиясынан қуат алынады. Бұл жоба Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен жүзеге асуда. Айта кетерлігі, егістік алқабында тамшылатып суару әдісі қолданылады. Баламалы энергия тереңдігі 330 метрлік ұңғымадан су шығару үшін қойылған. Шығарылған су 90 метрлік бассейнге жиналып, сонда арнайы құрылғы арқылы тазартылады. Содан кейін шаруашылық игілігіне айналады. Егін де су ішеді, малға да су беріледі. Ауыз су қажеттілігіне де жарап тұр.

«Біз мұнда 3 гектар алқапқа алма бағын өсіріп отырмыз. Алманың көптеген сорттары бар. Польшадан алып келген алма да бар. Өнімділігі жоғары. Гектарына 3 тоннаға дейін өнім жинаймыз. Сондай-ақ, алманың «жартылай ергежейлі» деген түрінен алдағы жылы өнім аламыз деген жоспар бар», – дейді шаруа қожалығының төрағасы Сәкен Шағыртаев.

Оның айтуынша, күн мен жел энергиясынан 40 кВт энергия алынады. Күн көзі аз түскенде, дизельді генератор іске қосылады. Шаруа қожалығы осылайша жаңа технологияның зор игілігін көріп отыр. Мұнда су мен энергияға жұмсалатын шығын 29 млн теңгеге дейін үнемделеді екен. Тағы бір айта кетерлігі, ауаға бөлінетін зиянды зат мөлшері де кеміген.

«СБ» ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<