Ұстаз есімі ел жадында

708

0

Тірлігінде жаққан отымен жан-жағындағыларға жылу таратқан адамның соңында қалдырған ізі де жарқырап жатады. Сәден Нұртайұлы әкесі майданға аттанғанда үйелмелі-сүйелмелі 5 баланың естияры болып қалған еді. Оқудан бос кезде анасына қолқанат болып, колхоз жұмысына ерте аралас­ты. Майданнан хабар күтіп елеңдеген отбасына әкелерінің қаза тапқаны туралы «қара қағаз» келді. Басқа түскен ауыр қайғы мен балаларын жеткіземін деп бейнет кешкен анасы да дүниеден озғанда Сәден небәрі 16 жастағы бозбала еді. Ол иығына жүктелген аманат жүгі ауыр екенін сезінсе де оқуға, білім алуға деген талпынысынан бас тартпады.

Туған ауылындағы орта мек­тепті 1948 жылы бітірген соң С.Нұртаев Қызылордадағы бұрын­ғы Н.Гоголь атындағы педаго­ги­калық институтқа оқуға түсіп, 1955 жылы тарих факультетін бітіріп шықты. Еңбек жолын Чкалов атындағы мектепте ұстаздық қызметтен бастайды. Қармақшы ауданы «Ақжар» ауылындағы №28, «Жаңақала» кеңшарындағы №185 және Жосалы кентіндегі №183 Ү.Томанов атындағы орта мектептерде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры қызметтерін атқарды.

Өткен ғасырдың 70-жылдары облыс мектептерінде жаңа кезең – пән кабинеттерін құрып, оларды жабдықтау жұмысы басталды. №28 Ақжар орта мектебінде пән кабинеттерін құру және жабдықтауда сол кездегі мектеп директоры Сәден Нұртайұлының еңбегі ерекше болды. Осы мектептегі тарих, биология және алғашқы әскери дайындық кабинеттерінің жабдықталуы үздік деп танылып, марапаттарға ие болды. Тарих кабинеті асарлардан қазып алынған заттармен толықты. Биология кабинетінен жергілікті өсімдіктер мен аң-құстар туралы мәліметтер орын алды.  КСРО Білім ағарту министрлігі жанындағы қазылар алқасы үздік оқу әдістемесі және оқу құралы сайысында тарих пәні бойынша кесте үлгісін ұсынғаны үшін Сәден Нұртайұлын Құрмет Грамотасымен марапаттаған.

С.Нұртайұлы Қармақшы өңі­рінде өмір сүрген дін ғұла­ма­ла­рының өмір жолын зерттеп, бірнеше танымдық мақалалар «Ислам және Марал баба»,  «Дін кереметі» деген кітаптар жазды. Жақында қаламгер-ұстаздың көп жылғы ізденушілік туындылары жинақталып, «Кең даланың ұлылығы» деген жаңа жинақ жарық көрді.

Жуырда Қармақшы ауданы Ақжар ауы­лындағы №28 орта мектепте «Өрлеу» Біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» АҚ филиалы облыс бойынша педа­гогикалық қызметкерлердің білік­тілігін арттыру институтының ұйымдастыруымен Қазақстан тарихы пәнінен 9-10 сынып оқушылары арасындағы Сәден Нұртаев атындағы облыстық олимпиада тұңғыш рет өтті.  Институт директоры Б.Елеусіновтің айтуынша,  олимпиаданың қорытынды кезеңіне мектепшілік, аудандық кезеңдерден өткен 30 оқушы келді. Осы байқауда шәкірттердің Қазақстан тарихы пәніне деген интеллектуалды және шығармашылық қабілеттері айқындалады.  Алдағы жылдары осы олимпиаданы дәстүрлі етіп, республикалық дең­гейде  өткізу мәселесі қолға алынуда. Қатысушылар ин­тер­активті тақтаның көмегімен тест сұрақтарына жауап берді. Одан үздік нәтиже көрсеткендер деңгейлік тапсырмаларға жауап беру арқылы ұпайлар жинады.

Ұйымдастыру комитеті аудан­дық кезеңнен өткен барлық оқу­шыларға және жетекші мұ­ға­лімдерге арнайы сертификат пен қаржылай сыйақы та­ғайындаған. Пәндік олимпиада қоры­тындысымен 9-сыныптар арасында І орынды Жалағаш ауданы №246 орта мектебінің оқушысы А.Бақтиярова,  ІІ орынды Арал ауданы №62 орта мектеп-лицей оқушысы Р.Қайырла және ІІІ орынды Қармақшы ауданы №29 орта мектептің оқушысы Қ.Мырзағали жеңіп алды. Ал 10-сыныптар сайысында І орынға Сырдария ауданы №129 орта мектеп оқушысы И.Келдібай, ІІ орынға Қазалы ауданы №249 орта мектеп-лицей оқушысы Р.Әзілхан, ІІІ орынға Арал ауданы №57 орта мектеп оқушысы Ж.Жақсылықов ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дип­ломдармен, қаржылай сыйақымен  марапатталды.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында туған жерге сүйіспеншілік ұғы­мының мағынасы мен мәнін ашып көрсеткен.  Кіндік қаны тамған жеріне қамқорлық жасап, оны түлетуге көмектесу қолынан іс келетін адамдардың әрдайым ойында жүреді. Осы күні Сәден Нұртайұлының ұрпақтары атынан баласы Р.Нұртаев Ақжар ауылындағы №28 орта мектепте тарих кабинетін ашып, оны соңғы үлгідегі оқу құралдарымен жабдықтап берді.  Кабинеттің ашылу салтанатында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары И.Құттықожаев туған жерге тағзым етудің үлгісін көрсеткен азаматтарға алғысын жеткізді.

Осы мектептің тарих пәнінің мұғалімі Д.Қаражановтың айтуынша, кабинет Қазақстан тарихының кезең-кезеңдерін қамтитын карталармен, оқулықтармен, стендтермен, интерактивті тақтамен жабдықталған. Оған қоса өңір мен ауыл тарихына қатысты бай мағлұматтар жинақталған.

Бүкіл ғұмырын шәкірт тәр­биесіне, өлке тарихын зерттеуге арнаған ұстаздың есімі осындай игі шаралар арқылы ұрпақ жадында жаңғырды.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы».

Қармақшы ауданы,

Ақжар ауылы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<