Саяси жаңғырудың жалғасы

1416

0

Өткен жылдың 16 маусымында Ұлытауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы өтті. ҚР Президенті сол кезде-ақ Ұлттық құрылтай азаматтық қоғамның негізгі институттарының бірі болуы тиіс екенін айтқан еді.

Осы Құрылтайда Жаңа Қазақстан — әділетті Қазақстанның негізі қаланды. Ел мұратын айқындаған айтулы оқиға Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясаты — еліміздің біртұтастығын нығайтып, әділетті, экономикалық және әлеуметтік жағдайы тұрақты әрі ұдайы дамып отыратын мемлекет қалыптастыру екенінің дәлелі. Бүгінде осы бағытта қажетті реформалар қоғам талқысына ұсынылып, дер кезінде жүзеге асырылуда.

Қазірдің өзінде жаңғырту процесі біртіндеп бүкілхалықтық сипат алып келеді. Былтырғы үлкен саяси науқан – Президент сайлауында сырбойылықтар ынтымақ-бірлігін, ұйымшылдығын көрсетіп, аймақтар арасында айрықша белсенділік танытқан еді. Бұл елімізде сайлауға қатысты нақты көзқарас, ықтиярлы қатысу қалыптасты деген сөз.

Бұл ретте еліміздің саяси жаңғыруының жалғасы – алдағы 19 наурызға белгіленген кезектен тыс Мәжіліс және мәслихаттар депутаттары сайлауы жаңа әрі ерекше тәртіппен өтетінін айта кеткен жөн. Өткен жылғы өзгерістерден кейін ел Конституциясына және сайлау процесіне мажоритарлық жүйенің элементтері оралды. Енді Парламент Мәжілісінің 29 депутаты бір мандатты округтерден сайланады.

Бір мандатты депутаттар сайлауда бәсекені арттырып, саяси науқан қыза түсері сөзсіз. Қазірдің өзінде азаматтық белсенділер, қоғамдық пікір көшбасшылары, Парламент Мәжілісіне үміткер ретінде өзін көрсеткісі келетін танымал адамдар тарапынан белсенділік байқалуда. Бұл сайлау науқанын айтарлықтай жандандырады.

Сондай-ақ, Президент бастамасымен сайлау туралы заңға саяси партиялар үшін сайлау шегін 7-ден 5%-ға дейін төмендету туралы түзетулер енгізіліп, партиялардың Мәжіліске және ел мәслихаттарына өтуін едәуір жеңілдетті. Елде екі жаңа саяси партия пайда болды.

Әрине, Мәжіліске жаңа саяси күштердің, жаңа саяси партиялардың келуі маңызды. Мұның барлығы Президент жүргізіп жатқан саяси реформалардың нақты жемісі, көрінісі деп айтуға болады. Сайлау қорытындысында мүлдем жаңа, барынша белсенді, бастамашыл Парламентті көреміз деп үміттенемін.

Қылышбай БИСЕНОВ,

Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі,Ұлттық құрылтай мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<