Тәңірім тоқшылықпен сынамасын

1365

0

Көрші ағам шағын ғана топтың басы қосылған садақа дастарханындағы әңгіме ауа­­нына қарай қызулана сөйледі: «Пендені бұзатын тоқшылық қой, –дейді ол кісі. – Құдайым асылыққа жазбасын айтып отырғанымды, мысалы мына алдымыздағы дастархандағы дәмнен көз сүрінеді. Не ішем, не жеймін демейсің, енді осы дәмнен тек тәтті-дәмдіден ғана талғап жеп отырмыз. Ал, жарықтық қасиетті нанға әредік қана қол созып қоямыз, тоқшылық деген осы емес пе? Үлкеніміз бар, кішіміз бар Жаратқан иемнің бізге бұйыртқан осы берекесінің, тоқшылығының қадірін біліп жүрміз бе, әй-й қайдам?! Ағамның сөзі үлкен астың келуімен үзіліп кетті.

Жалғанбай қалған әңгі­менің ауанынан көрші ағам­ның не айтқысы келгенін түсіндім. Бір жылдың көлемі болды шектеу шаралары жүргізіліп, карантин енгі­зіліп, үздік-создық әлі жал­ғасып келеді. Әрине, бұл жағдай ел экономикасына елеулі әсер етуімен қатар, жұмыссыздар қатарының уақыт өткен сайын көбеюіне, ақшаның құнсыздануына, бар­ша тұтыну тауарларының, тұрмыстық зат­тардың, азық-түліктің қым­бат­тауына әкеліп жатқаны жасырын емес. Бірақ, бір шүкіршілік етерлігі, жоға­рыдағы ағам айтқан елдегі тоқшылық.

Ол кісі  халық  біраз қиын­дықтарға тап болып  аста-төк той жасаудан тыйылып, ысырап пен бар­ды бағалаудың парқын білудің  тиімді жолдары бір­шама байқалып қалса да, көпшіліктің әлі де соған мойынсұнғысы келмей, тәу­бе етудің орнына шектен шығудың азаймай отырғанын меңзегісі келген сияқты. Той, ретті-ретсіз әдет-ғұрып, салт-дәстүрді желеу етіп есепсіз ысырап жасауға бейім болу, табан ақы, маңдай теріңмен тапқан нәпақаңның обалын ескермеу әлі де жалғасып келеді.

Обал демекші, көше­дегі қо­қыс салатын контей­нер­лердегі, соның айналасына көше тұрғын­дары қалай болса солай тастай салған целлофан дорбалардағы баланың памперсімен қосып салынған тамақ қалдықтары, тіпті Құ­дайым өзі сақтай көрсін, қа­сиетті нан жарықтықты тарт­­қылап жатқан ит пен мы­сықты көргенде «Біз көп қала­­ларды қираттық, олар­дың бәрінде де дәулетке мас халық тұрды. 58-аят», «Сол қала­лардың тұрғындары шектен шықпайынша біз олардың мекендерін талқандаған жоқ­пыз. 59-аят. Қасас сүресі» делінген Құран аяттары, 32-жыл­­­дың ашаршылық нәу­беті ойға оралады.

Қазақ жазушысы Өтебай Қана­хинның естелігін оқы­дым. Бір отбасындағы он бір жан­нан ашаршылықта бала Өте­бай ғана тірі қалыпты. Шала-жансар күйінде балалар үйіне тап­сы­рыл­ғаннан кейін де сон­дағы елу-алпыс баладан  тірі қалған екі баланың бірі Өтебай екен.

Белгілі ғалым, жазушы Мекемтас Мырзахметовтің де ашар­шылықтың азапты аласапы­раны туралы айтқандары тың­даған жанды бейжай қал­дырмайды.

«Қазақтың басына түскен ашаршылық қасіретін көзім­мен көріп, басымнан да өткердім, – дейді ол кісі. – Бар болғаны төрт жаста едім. Нәубет басталардан бұрын тұрмысымыз көп адамдардан көш ілгері болатын. Әкем темірден түйін түйетін ұста, алтын бұйымдарды ұқса­та­тын зергер еді. Адал еңбегімен тапқан, жинап жүрген біраз алтындары да болған. Мұны ауыл белсенділері сезіп, алтындарын қолды ету мақсатымен жала жауып ұстатады. Дәлел жеткіліксіз болып әкем түрмеден шықты, бірақ сонда жұқтырған кеселден қайтыс болды. Ашаршылық бас­талды. Ауылдағы сол кездің еуропалық үлгісіндегі еңселі үй біздікі болатын. Белсенділер соны қас­тан­дықпен өртеп, орта­сындағы тіреуі құла­ғанда, алтынымызды талап алып, далада қалдық. Анам ауылды аралап білезік, сақина, сырғасын болмашы азыққа айырбастап, бізге тамақ қылды.

Заттары таусылып аштан өлуге қарағасын, бес жасқа қараған мені ертіп, екі жасар қарындасымды көтеріп жиыр­ма шақырымдай жердегі жездемнің ауылына бет алдық. Орта жолдан асып күн батуға қарағасын, ізімізге бір топ қасқыр түсті. Әдепкіде біздің аш, әлсіз екенімізді білсе де, бас салуға батпай еріп отырды да, ауылға төрт-бес шақырымдай қал­ғанда ұмтыла бастады. Мен анамның етегіне оралып, қарындасым қолды-аяққа тұр­май шешеміздің құшағында шырылдап, анам ойбай салып, айналаны азан-қазан қылдық. Амалы қалмағасын анам мені өзіне тартып тұрып, қолындағы екі жасар қарындасымды топ қасқырдың ортасына лақ­ты­рып жіберді. Кейін түсін­дім, «ең болмаса ұрпақ жал­ғастыратын ұлым аман қал­сын» дегені екен. Жан­ұшыра төбесі көрінген ауылға жетіп, атты кісілерді ертіп қайта келгенімізде, қарын­­дасымның жалбыраған шаш­тары ғана қалыпты».

Өз атам да «балалар, нан қиқымына, астың қалдығына абай болыңдаршы, обал-са­уабын ескермеген бір тоқшы­лық­тың бір аштығы болады» деп, нан қалдығын тергіштеп жүретін. «Не айтатыны бар, өтті ғой небір нәубет» деген атам пенденің бір астамшылығы туралы:

– Аштық басталар алдында жағдайымыз жақсы, елде де біршама тоқшылық болды. Бірақ биліктің, саясаттың  желігімен есіріп Құдайын ұмытып, обал-сауапты ескер­меушілер көбейді. Ауылда кеу­десіне нан пісіп, атқа мініп атойлап қамшы үйіріп жүретін бір шолақ белсенді болатын. Бір күні отбасымызбен  бір табақ майға салған сөкті ортаға алып түскі асқа отыра бергеніміз сол еді, әлгі кісі кіріп келді. Қонақжайлықпен асқа шақырдық. «Майға салған сөгіңді қайтейін сенің, одан да насыбай шақшаңды әкел» демесі бар ма. Сол кісі 32-жылы аштан өлді».

БҰҰ дерегі бойынша дүние жүзінде жыл сайын 90 млн тонна нан өнімдері қоқысқа тасталады екен. Бір ғана Италия 5 млн тонна азық-түлікті қоқысқа тастайтын көрінеді. Ал, той десе қу бас домалайтын, ысырап жасаудан алдына жан салмайтын біздің есебімізді кім шығарыпты. Жалпы, тоқшылықты әлі де бағалай алмай келеміз-ау.

Аштан өлейін деп жат­қан бір атамыз: «біздің мұн­дай жағдайда жан беріп жат­қанымызға Аллаға шүкір, біздің кейінгі ұрпағымызға қиын болмаса екен» десе, қасында дәл солай аштан өлгелі жатқан екінші кісі: «не айтып жатырсыз, аштан өлгеннің несі жақсы?» депті. Сонда ақсақал: «Алла бізді аштықпен сынап жатыр, кейінгі ұрпағымыз тоқшылықпен сыналып, Құдайын ұмыта ма деп қорқамын» деген екен.

Әлімжан ҚИЯС,

Әйтеке би кенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<