Тәуелсіздік – киелі тірегіміз

1034

0

Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттілігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып-жұмғандай қас қағым сәт. Дегенмен, қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз керек. Президент айтқандай, біз үшін аса қымбат дүние – тәуелсіздік. 

Мақала ауқымды төрт бөлімнен тұрады. «Бағдар мен белес» деп аталатын бөлімінде тәуелсіздігіміздің мерейлі мерзімін үш онжылдық белеске бөліп, еліміздің іргетасының қаланғаны, қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңін, еліміздің өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналғаны, әлемдегі беделі туралы айтылған. Алдағы төртінші онжылдықта жететін меже-заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру, өркениетті, дамыған елдер қатарында болуды көздейді.

«Таным мен тағылым» бөлімінде халқымыздың тарихи санасын жаң­ғыртуға бағытталған ой-тұжырым­дарымен бөлісіп, ұлт жадын жаңғыр­татын уақыт келгенін пайымдайды. «Қоғам және құндылық» бөлімінде Мемлекет басшысы егемендігіміздің мәңгілік үштағанына балаған байтақ жерімізді, қастерлі тілімізді, береке-бірлігімізді көздің қарашығындай сақтауға үндейді.

Әлем социологтары Тәуелсіздік ұғымын әлеуметтік тұрғыдан бес тірекке жіктепті. Олар – әкімшілік-басқару тәуелсіздігі, атамекен – территориялық тәуелсіздік, ата-баба қанымен жалғасқан гендік тәуелсіздік, тұрмыстық (экономикалық) тәуелсіздік, рухани тәуелсіздік. Әкімшілік-басқару тәуелсіздігінің ұстыны – армия, күштік құрылымдар, олар мемлекетті сыртқы және ішкі жаудан қорғайды. Атамекен тәуелсіздігінің тірегі – ұлағатты ұрпақ. Мақаладағы «Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды  тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай, лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәр­биелеу» деген ой бабалар арманымен үндесіп жатыр. Үшінші тірегі – ата-баба қанымен жалғасқан гендік саясат, төртінші тірек – тұрмыстық  тәуелсіздік, оның ұстанымы – еңбекшіл бұқара. Бесінші рухани тәуелсіздіктің ұстыны – оқымысты-ағартушы ғалымдар һәм тіл мен дін бірлігі. Осы бес ұстын қолдың бес саласындай жетілген жағдайда сол қауым қуатты елге айналады.

«Ұлағат пен ұстаным» бөлімінде саяси жаңғыру мәселесіне, адамның құқығын сақтауға негізделген заң мен тәртіпке, жасампаз ұрпақ тәрбиесіне тоқталады. Біз өз кезегімізде Мемлекет басшысының мақаласын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде негізге алып, жұмыстарымызды жалғастыруымыз қажет деп ойлаймыз.

Қанат ҚЫПШАҚБАЕВ,

«Болашақ»

университетінің жоғары

колледжі оқытушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<