Тілшіліктен – елшілікке

1606

0

Ардагер журналист Ержан Уәйіспен бірінші рет жолығып тұрған жоқпыз. Бұған дейін түрлі шарада кездесіп, ара-тұра Сыр өңіріндегі белгілі адамдар жайлы пікірлесетініміз бар. 90-шы жылдары телекөрерменнің жадында әбден сақталған ағамыздың Қазақстанның шетелде аккредитацияланған тұңғыш тілшісі болғаны – тарихи факт.

Ақ түйенің қарны жарылып, қазақ тәуелсіздік алғанда ең алғаш мойындаған да, құтты тілегін айтқан да Түркия еді. Түбі бір туыс халықтың бұл ниеттестігіне қазақ жұрты да шексіз қуанған. Егемендік келгелі ел бақытына үлесін қосып келе жатқан қажырлы ағамыздың өткен шақтан айтары да көп.

– Мемлекет тәуелсіз атан­­ғалы Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақ­станды өркендету жолындағы игі істеріне куә болып келемін. Егемендікке алғаш қадам басып, шетелде аккредитацияға тіркелген тұңғыш қазақ жур­налисі атануым да – өмірдегі бақытты кезеңім. Тәуелсіз елдің Тұңғыш Прези­дентінен алғаш рет сұх­бат алған тілші атандым, – дейді Ержан аға.

Елбасы жанында жиі болған Ержан ағаның қолында тарихи сәттер бейнеленген көп сурет бар. Бұл кадрларды Түркия Президенті Тұрғыт Озалдың өзі сыйлаған жапондық фотоап­паратпен түсірген.

– 1992 жылы Қазақстаннан Түркияға ұшақ көтерілді. Біздің жақтан ар­найы делегацияны көрнекті ғалым, сол кездегі ҚР Премьер-министрінің орынбасары Мыр­­­затай Жолдасбеков бас­тап барған. Тұрғыт Озал өзі қа­былдап, біз Нұрсұлтан Әбіш­­ұлының ыстық сәлемін жет­­кіздік. Иығына қазақы ша­пан жауып, қолына қамшы ұстаттық. Әсерлі кездесуде мені «Түркияға келген алғаш қазақ тілшісі» деп делегация басшысы таныстырды. Түр­кия Президентінің фото­ап­па­рат сыйлағаны сол кез еді. Тамаша суреттер түсір­дім. Екі ел арасындағы түрлі кез­десу­лерден бөлек, Елба­сы­мыздың түрлі сапар­ларын­дағы тарихи сәттерді осы фото­аппарат арқылы тарихқа айналдырдым, – дейді ардагер журналист.

Тұңғыштың аты – тұңғыш. Журналист оған дейін 23 жыл қазақ телевизиясында тілші, саяси шолушы, редактор, Парламент пен Үкіметтің арнаулы тілшісі болды. Түр­кияда жүріп, меншікті тілшілікпен қатар, «Егемен Қазақстан», «Халық кеңесі», «Заман-Қазақстан» сияқты ел басылымдарына мақалалары шықты. Ел қызыға оқыған тұшымды дүниелерді сонда жүріп жазды. Германиядағы «Азаттық» радиосының Түркиядағы тұрақты тілшісі қызметін қоса алып жүргені бар. Ең бастысы, Түркияда Қазақстан елшілігі ашылғанда Стамбулдағы бас консул қызметін атқарды.

Айтпақшы, кейіпкеріміздің туған жері – әйгілі Әл Фарабиді дүниеге әкелген Отырар өлкесі. Маяқұм деген шағын жұрттың топырағына аунап өскен ұлдың әкесі Үбәйдулла атақты Өзбекәлі Жәнібековпен бірге оқыған еді. Ал бүгін осындай тарихи аймақта туған тұлғалардың қатарында Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер Ержан Уәйіс те бар.

– Менің атам Уәйіс діндар, тақуа, білімді, Арыстан баб кесенесінде 13 жыл шы­рақшы болып, жұрт­ты иманға шақырған белгілі адам еді. Сол үшін ауыл адамдары «қожекеңнің үйі» деп құрметтейтін болған. Ел тарихына, жазба өнеріне құмартуым аталардың арқасы шығар. Осы уақытқа дейін халық алдында абыройлы болуыма бабалардан қалған тәлім-тәрбиенің септігі тигені анық, – дейді Ержан аға.

Бала күнінен аудандық «Құзылқұм» газетін жағалап өскен оның облыс пен республикалық газеттерге шыққан бірнеше мақаласының әсері күшті болғаны соншалық, бірден «журналист болсам» деген арман-теңізге құлаш ұрды. Ауыл­дағы мектепті Алтын медальмен бітірген соң, 1967 жылы ҚазМУ-дың жур­налистика факультетіне түс­кен. Содан кейінгі Ержан аға­мыздың осы жолдағы өмір сапарын жоғарыда ғана айтып кеттік.

– Тілшілік тіршілікте көп жайттарға куә болып, ел тари­хында мәңгі есте қалатын оқи­ғалардың ортасында жүрдік. Әсіресе, Елбасы сапарларында қабылданған оң шешімдердің басы-қасында болып, оны мақаладан бөлек, суретпен де сөйлеттік. Қазір сол тарихи кездесулерден фотоальбом жинақтадым. Деректі фильм түсіріп, келер ұр­паққа қазына ретінде қалдырдық, – дейді ол.

Қазақстан мен Түркия арасындағы достық туын тіктеуге атсалысқан журналист жайлы жазар дүние көп. 8 жыл Анадолы жұртында жұмыс істеп, тілшіліктен елшілікке ауысып, журналистен дипло­мат атанған Ержан Уәйіс ел ағаларын көп жағалап, тәлімін бойға жи­нақтады. Шетелдегі тұң­­ғыш қазақ журналисі ата­нуы­на себепші болған Қал­тай Мұхамеджановқа іні бо­лып, Мырзатайдай ғалым­мен сыйласа білді. Димаш Қонаевтай ел билеген, халық тұтқасы атанған ағасын Түр­кияға шақырып, ел аралатты, ыстық лебізіне қанығып, алғыс-батасын алды.

Бүгінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ха­лық­аралық «Бейбітшілік әлемі» сыйлығының лауреаты, Д.Қонаев орденінің иегері, Жаңақорған ауданының құр­метті азаматы атанған Ержан ағаның тілегі біреу-ақ. Ол – тұтас Қазақ жұртының бірлігі мен бейбіт өмірі.

Ержан Қожасов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<