Жаман сөз күйіндірер, жақсы сөз сүйіндірер

1378

0

Осы бүгінде жауыр сөз бен қысыр әңгіменің күні туып тұр. Әсіресе әлеуметтік желілерде.

Пәленше күйеуінен кететінін айтты, түгенше қайынатасына қырындапты, түгенше төртінші сәбиін босанды деген сияқты өсек-аяң мен лепірме бос сөздерге семірген құлақтардың күнәсын кім арылтады? Оның үстіне «бұл қоғамның болашағы жоқ», «балаларымыз бұзылып кеткен», «ішіп-жегеніміздің бәрі – у», «қытайға жаппай құл боламыз» дейтін зар-запыран, шер-шеменнен де шаршайсың. Жалпы, сөздің адамға әсері жөнінде әркімнің білгені жөн. Жаман сөз адамның санасына салмақ түсіріп, жүйке талшықтарын тітіркендіреді, турасын айтқанда аурудың көзін ашады. Қазақ «жақсы сөз – жарым ырыс» деп неге айтқан?! Үлкендердің әлгін­дей сөздерін естіген бала­лары­мыздың психикасы бұзы­лып, арзан, оңай өмір сүруге әуестенеді. Оны адам құндылығы қызықтырмайтын болады. Құдайшылығын айтайықшы, тәуел­­сіз­діктің төл перзенттері (тәуелсіздіктің құр­дас­тары емес. Д.А.), қа­зақтың бүгінгі жастары қандай ақылды, білім­ді, кішіпейіл болып қалыптасты. Алысқа бармай-ақ, қазіргі қуаң­шылыққа байланысты қолына орақ алып, шөп орып, мұқ­таж аймақтарға көмектесіп жатқан балаларымызды мысал етейік. Олардың бауырмалдық, қайырымдылық қасиеттерді аялап ұстай білгеніне, тәрбиеміздің тек кетпегеніне разы болайық. «Ауызбен орақ орғанның белі ауырмайды» дегендей, әлеуметтік желіде соларды да сынап-мінеп, «шөппен бірге ұпай жинап жатсыңдар ма?» деп пікір жазғандарды да көрдім. Ал, «балаларымыз бұзылып кеткен» дейтіндер көзін жақсыға салсын. «Ел ішінде бір тентек» дегендей, тәрбие тіні босаңсығандардың ықылым заманда да болғаны анық. Негізі, білікті педагогтар «тәртібі нашар балалардан да тәрбиелі азамат шығады» деп дәлелдеген.

Кейде әлемжелідегі салмағы түсіп, қадірі қашқан әңгіменің айналасынан бір ауыз адамгершіліктің сөзін естігенде ертектегі қырық есікті сарайға кіріп кетіп, қайсысын ашсаң да бәлеге жолығып, басыңмен қайғы болып жүргеніңде алдыңнан бақыттың есігі ашыла кеткендей болады. Сондай жақсы сөз, өсиет өрнектерін жазатын «Facebook»-тің тұрақты авторлары бар. Негізі әлеуметтік желі – халық айнасы. Оны пайдаланатын әр адамның ­ойында «менің алдымда халық отыр» деген құрмет, санасында ар-ұят тұруы тиіс. Ал, оны әркім өзінің жеке күнделігіндей көріп, әсіре мақтанып, әдепсіз сөйлеуге моральдық құқы жоқ. Әлеуметтік желінің осы жауапкершілігін терең түсініп, әлгінде айтқанымдай жақсы сөз, өрнекті өсиеттердің насихатшысы болып жүрген жандар да баршылық. Солардың бірі – Сыр еліне аты мәлім азамат, кезінде ел басқарған ағамыз, кәсіпкер-меценат Әріп Қожбанов.

Мен осы жазбама «Әлеуметтік желі және Әріп ағам» деп тақырып қойсам да жарасар еді. Себебі, ол кісінің жеке парақшасын күн са­йын ақтарамын. Әр қарағанымда бір жақсы жаңалыққа, ел атына айтылған жанашырлық сөзге, үлгі болар әңгімеге жолығамын. Сол парақшаны ашқанда алдымнан жан балқытар әсем ән мен көркем күйдің үні еседі, гүлге қонған құс, көктен төгілген ай сәулесі секілді суреттер көз қуантады. Адамды бей-жай қалдырмайтын бейнежазбаларды көремін. Соның бірін мысал қылайын: Әріп аға мына бір бейнежазбаны «С позитивом по жизни» парақшасынан көшіріп басыпты. Мұнда сот алдында айып тартып отырған Коэл­ла деген қарт кісі мен судьяның сөзі берілген. Судья оған: «Сіз мектеп аймағында көлігіңіздің жылдамдығын белгіленген шектен асырып жібергеніңіз үшін айыптысыз», – дейді. «Менің жасым тоқсан алтыда, негізі көлікті жәй жүргіземін. Сол жолы мүгедек баламды қан тапсыруға алып бара жатыр едім», – дейді қарт. Судья осынша жасқа келсе де, баласын көлікпен тасып жүрген әкеге риза болады. «Балаңыз неше жаста?» – деп сұрайды. «Балам алпыс үште» деп жауап береді қарт. «Сіз Америкада жақсы адамдардың тұратындығының көрінісісіз, – деп судья тағы да ризашылық білдіреді. – Осында менің балам отыр, ертең мен сіздің жасыңызға барғанда ол маған көлігіңмен алып жүр деп айтатын болды. Осы жағынан сіз жаман үлгі көрсетіп отырсыз», – деп әзілдейді сосын. Бұл сөзге сотқа қатысып отырғандар да күледі. «Өзіңізге де, балаңызға да саулық тілеймін. Сіздің айыбыңыз алынып тасталды, кінәлі емесіз», – дейді судья қорытындысында. Осы бейнежазба қанша адамның жүрегін елжіретіп, қанша жас мемлекеттік қызметшіге ой салды екен?! Расында, бұл көріністен біз кейде адамдық қасиеттердің адамның өз қолымен жазған заңдардан жоғары тұратынын түсінеміз.

Әріп ағаның парақшасына 2020 жылдың 20 қазан күні түскен мына бір жазба да қызық әрі жан тебірентерлік. Бұл әңгімені Әрекең жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің белгілі қоғам қайраткері Исатай Әбдікәрімовпен екеуара сұхбатынан үзіп келтірген.

Бір жылдары біздің облысымыз тарап кете жаздапты. Өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғында Қазақстан ОК-нің 1-хатшысы Н.Беляев Қызылордаға келеді. Жиналыс жасап, облыстың болашағы жоқ екенін, оны  таратып, Ақтөбе мен Шымкентке бөліп беру керектігін айтады. Жоғары айтты, төменгінікі мақұлдау ғана, басқа айла жоқ. Осылай жұрттың бәрі бастарын салбыратып отыр­ғанда бір кісі қол көтеріп, мінбер жаққа қарай өрлей береді. Ол сонда былай депті: «Табарыш Беляев, так нелза. Лекведерват Кызылорда – ликведерват история Казахстан. Вот партбилет, вот мой башка. Рубай башка, но Кызылорда не трогай, ти тогда будеш второй Голошокін. Обком, райком разгоняй. Божалуста, меня тоже снимай. Турма сажай. Облыс астабляй». Әңгіменің осы жерін жазушы былай деп суреттепті: «Апыр-ай, – деді Исатай, – сөз тапқанға қолқа жоқ. Сөйтіп, Тереңөзек ауданының бірінші хатшысы Нұрқасым Бердіқұлов енді болмағанда облысымыздың бұтын бұт, қолын қол ғып быт-шытын шығарып, таратып жіберуге қарағанда өзінің әлгіндей жаман орысшасымен жанымызды сақтап, аман алып қалды».

Осы жазбасын Әрекеңнің өзі: «Ел намысын, ұлт намысын ойлап, ешкімге есе жібермеген жау­жүрек, қайсар ардақтыларымыздың ұлағатын бүгінгі және келер ұрпаққа үлгі-өнеге етіп ұсыну баршамыздың парызымыз», – деп түйіндейді. «Ала сөйлеп, ұлыққа жаққанша, адал сөйлеп, жұртқа жақ» дегендей, әрі тарих, әрі ұлтжандылықты суреттеген бұл жазбадан да рухтанып, өткен дәуірдің бір ақиқатына қанығасың.

Ағамыздың парақшасындағы мына бір жазба да еріксіз назар аудартады.

Тереңөзек ауданының (бұ­рынғы атауы) «Қызылдихан» колхозын 25 жыл басқарған Оспан Мәлібаев ағамыздың халықты нәтижелі басқаруының құпиясы – адам түгілі темірді де балқытатын жіліктің майындай жылы сөзінің құдіреті екен. Ол кісі тапсырма бергенде: «Қарағым-ау, екеуміздің денеміздің бөлектігі болмаса, жанымыз бір ғой», – дейді екен. Бес саусақ бірдей емес, ұжымшардағы ең тиянақсыз, тындырымсыздау адамға тапсырманы өзі арнайы беріп: «Осы жұмысты мен саған ғана сеніп тапсырып отырмын», – деп жұмсайды екен, жарықтық. Осының бәрі адам жұмсаудың, қарым-қатынас жасаудың академиялық сабағы емес пе? Осы сөздердің адамға кез келген заңнан, қаулыдан, қарардан, жарлық, бұйрықтан артық әсер етері сөзсіз (ағамызға қатысты әңгіме С.Шау­хамановтың естелік кітабынан алынды. Ә.Қ.).

Осыны жаза келе Әрекең: «Ортамызда бір балаң басшының жағымсыз қылығына куә болып, өз тарапымнан оған ойымды білдірдім. Кейде азғантай мансапқа ие болып, билікке көтеріле қалсақ, табанымыздың жерде тұрғанын ұмытып кететініміз рас. Басқаларға ойтүрткі болсын деген ниетпен назарға ұсынып отырмын», – депті.

Мен бүгін әлеуметтік желінің тұрақты авторы Әріп аға жазбаларына көңіл бөле отырып, халыққа күйіндіретін емес, сүйіндіретін сөз айта білейікші дегім келеді. «Адам көңілден азады, тілінен жазады» демеуші ме еді, аталарымыз. Сөзімізді түзейік, жұрттың көңілін бұзбайық.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<