«Жас өркен» ұлттық сыйлығы

507

0

Халықтық дауыс беру қорытындысына сәйкес Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Жас өркен» республикалық балалар сыйлығының иегері атанды. 

«Жас өркен» ұлттық сыйлығы – талантты жас­тар­дың және балалар ұйымдарын анықтауға, ынталандыруға бағытталған жаңа жоба. Биыл алғаш рет барша жұртшылық ғылым, спорт, мәдениет, экология және басқа да салаларда үздік оқушыларды анықтады.

«Facebook» әлеуметтік желісіндегі қолданушылар 300-ге жуық үміткер ұсын­ған. Олардың 56-сы 14 номинация бойынша шорт-тізімге енді. Дауыс беру­дің соңғы кезеңінде 29 дарынды оқушы сыйлық­тың лауреаты атанды. Олардың қатарында Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зият­керлік мектебінің үш оқу­шысы бар.

2019 жылдың түлегі Алтынай Әбдіжәмілдің еңбегі «Жас ерікті» номинациясымен еленді. «Шаңырақ» мектеп қауымдастығының белсендісі болған Алтынай денсаулығында ақауы бар балаларға көмек көрсетуге бағытталған қайырымдылық акциялары мен мерекелік бағдарламаларды үнемі ұйымдастырып тұрады.

– Балалардың көңілін көтеруге ықпал ету – мен үшін үлкен бақыт. Естен кетпес маңызды істердің бірі онкологияға шалдыққан балалар үшін жаңажылдық ертеңгіліктерді өткізу болды. Балақайлардың жүздеріндегі қуанышты көріп, біз ісіміздің босқа жасалып жатпағанын түсіндік, – дейді Алтынай.

Осы жылдың тағы бір түлегі Аружан Әбутәліпова «Жас ақын» номинация­сында үздік деп танылды. Республикалық және облыс­тық әдеби байқаулардың бірнеше мәрте жеңімпазы атанған жас зияткер  бүгінде жүздеген өлеңнің авторы болып үлгерді.

– Әлбетте, мен өмір, табиғат және туған жер туралы жазғанды ұнатамын, – дейді Аружан. – Бұл мектеп менің бойымдағы қабілеттерімді ашып, оны дамытуға үлкен септігін тигізді. Сол үшін алғысымды білдіремін.

10-сынып оқушысы Дәулет Райымбек «Жас эколог» номинациясында ерекшеленді. Ол микроклонды көбейту технологиясы арқылы зертхана жағдайында өсім­діктерді өсіру жобасын зерт­теуді қолға алған. Оның айт­уынша, шыныда өсірілген көшеттердің жерсіну дең­гейі жоғары және түрлі ауруларға тұрақты болып келеді.

Айта кетейік, «Жас Өркен» сыйлығы «Республика-Өңір-Даму» қоғамдық қорының бастамасымен «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығы аясында таға­йындалды.

Шынар БЕКБАН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<