Жасай бер, Қызылорда!

410

0

Қойшыны таяғы, қасқырды аяғы асырайды. Бұл мақал журналистке де қатысты. Мұндағы қасқыр – журналистің нақ өзі. Негізгі құралы – тіл. Бірақ, ақпаратсыз, дерексіз оның жұмысы мардымсыз болады да қалады. Осы тұста әріптестеріміздің қажетті ақпаратқа қол жеткізуіне септесіп жүрген Өңірлік коммуникациялар қызметінің орны ерек екенін айтпақпыз. Бұл алаңда біздің түрлі саладағы жаңашылдықтармен танысып, басшылармен тікелей ақпарат алмасуға мүмкіндігіміз бар. Өздеріңізге мәлім, биыл сырбойылықтар үшін айтулы жыл. Қала мерекесі қарсаңындағы әзірлік ауызбірлікті көрсеткендей. Бұлай дейтініміз, «өңірлік» ұйымдастырған брифингтердің бірінде бұл бағыттағы жұмыстарға жанашыр азаматтардың да елеулі үлес қосқанын естідік.

Кәсіпкерлер шырайлы шаһардың 200 жылдық  мерейтойына арналған тың жобаларға қатысуға ниет білдіріпті. Бірқатар құрылыс компаниялары көркейту-көгалдандыру және абаттандыру ісіне жұмыла кіріскен. Туған жерге деген шынайы жанашырлығын сөзбен емес, іспен дәлелдеуді құп көрген құрылысшылар бұған дейін Абай, Жібек жолы даңғылы мен Тоқмағамбетов, Әуелбеков, Сүлейменов көшесіндегі 30-дан астам көпқабатты үйдің сырт келбетін өз қаражаты есебінен жаңартумен айналысты. Кейбірі тек баспана сыртын әрлеумен ғана шектелмей, ескірген шатырлар мен суағарларға дейін ауыстыруға көмектесіпті. Осындай маңызды мағлұмат қолға тиісімен, фототілші Нұрболат Нұржаубай екеуміз  бұл дүниелерді  суретке түсіруге аттандық. «Елжанды азаматтың біріне жолығып, тілдессек» деген ой да болды. 

«Тілегенің алдыңнан, іздемей-ақ табылар». Мұратбаев көшесінің қиылысында жас кәсіпкер, «SGS Инжиниринг» серіктестігінің директоры Нұрлан Аманбаевпен жолығып қалдық. «Туған қаланы түлету – парызым» деп білетін кәсіпкер әңгіме барысында әрбір азамат өзінің туып-өскен ауылын, қаласын құрметтеп, оның алдағы өркендеуіне септесер болса, кейінгі ұрпақ та осы бастаманы жалғастыруды дәстүрге айналдыратынын айтты.  

Иә, қала ажарына айрықша мән беру мәселесі күн тәртібінен түспек емес. Оның қарыштап дамуы, көз сүйсінер өлкеге айналуы да көпті толғандыруы тиіс. Себебі, қазір тұрғындардың жайлы тұрмысын қамтамасыз ету үшін бар жағдай жасалуда. Жуырда мерейтойға басты сый ретінде Сырдарияның сол жақ жағалауы пайдалануға беріледі. Сөздің реті келгенде айта кетейік, төрткүл әлемдегі бірқатар мемлекеттердің астаналары өзеннің екі бетін ала орналасыпты. Мәселен, жауһар қала Париж – Сена өзенінің, тұманды Альбионның астанасы Лондон – Темза өзенінің қос жағалауына орын тепсе, асқақ рухты Астана Есіл жағалауынан бой түзеді. Шаhарымыз да  ірге көтергелі өзеннің оң жағалауында дамыды. Енді жаңа қоныс Сырдың сол жағында өсіп-өркендемек.

М.СНАДИНҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<