Есті алған «энергетик» енді балаларға сатылмайды

333

0

Сурет ашық дереккөзден

Елімізде енді 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусындар сатуға тыйым салынады. Бұл норма өткен сәрсенбідегі Мәжілістің жалпы отырысында қамтылды. Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды.

Депутат Елнұр Бейсенбаев лудоманиямен күрес жоспары туралы баяндамасында энергетикалық сусындар туралы мәселені көтерді. Айтуынша, балалар арасында энергетикалық сусындарды тұтыну кең таралып кеткен және ол алкогольден де қауіпті.

– Құмар ойындарға тәуелді азаматтар түні бойы ұйықтамай құмар ойын ойнау үшін энергетикалық сусындардың негізгі тұтынушылары болып отыр. Сонымен қатар, қаржы мониторингі агенттігінің мәліметтері бойынша, бүгінде 200 мыңнан астам кәмелетке толмағандар үнемі құмар ойындар ойнаған, – деді Е.Бейсенбаев.

Депутат бұл қатардағы жасөспірімдер энергетикалық сусынның кесірінен мас күйінде бәс тігуі мүмкін екенін айтты.

– Қазір тіпті 10 жасар бала да энергетикті оңай сатып ала алады. Осыған байланысты, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін 21 жасқа дейінгі адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынды, – деді депутат.

Күніне 50 мың банка ішіледі

Осыған дейін Денсаулық сақтау министрлігі 21 жасқа толмаған қазақстандықтарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салуды қолдаған болатын. Министрлік әзірлеген балалар мен жасөспірімдерге энергетикалық сусындарды сатуды шектеуді көздейтін арнайы құжат «Ашық НПА» порталына биыл наурыздың басында жарияланды.

«Қазақстанда балалар, жасөспірімдер мен жастар арасында олардың денсаулығы мен дамуына кері әсер ететін энергетикалық сусындарды жоғары тұтыну байқалады. Қазіргі уақытта жасөспірімдерге арналған автоматтарда ЭС сатуға толық тыйым салынған жоқ. Дегенмен, елде жасөспірімдердің денсаулығына ЭС әсерін бағалауға және оларды сатуға шектеулерді енгізуге бағытталған іс-шаралар мен зерттеулер жүргізілуде. Қазіргі уақытта 21 жасқа толмаған тұлғаларға ЭС сатуға тыйым салуды енгізу бойынша реттеушілік әсерлерді талдау әзірленді және келісілді», – делінген құжатта.

Министрлік зерттеуіне сәйкес мұндай сусындарды тұтыну жасөспірімдерде әдетке немесе тәуелділікке айналады. Бұл дұрыс емес тамақтану әдеттеріне әкеледі. Сондай-ақ физикалық белсенділіктің төмендеуіне және темекі шегу немесе алкогольді ішу сияқты жаман әдеттерге әкелуі мүмкін екен.

Энергетикалық сусындар құрамында кофеин мен қанттың жоғары концентрациясы, сондай-ақ жасөспірімдердің денсаулығына теріс әсер етуі ықтимал басқа белсенді ингредиенттер бар. Сонымен бірге энергетикалық сусындарды көп мөлшерде тұтыну жүрек-қан тамырлары проблемаларына, ұйқышылдыққа, тітіркенуге және басқа да жағымсыз әсер етеді.

Министрлік мәліметінше энергетикалық сусындар нарығының көлемі жыл сайын артып келеді. «Euromonitor International» деректері бойынша 2022 жылы Қазақстан Республикасының нарығында бөлшек сауда арналары арқылы энергетикалық сусындарды сату көлемі бағаның айтарлықтай өсуіне қарамастан, 2021 жылмен салыстырғанда 25%-ға артқан. Ал 2017 жылмен салыстырғанда энергетикалық сусындарды сату көлемінің өсуі 198%-ды құраған. 2017 жылғы 61,7 мың тоннадан 2022 жылы 184 мың тоннаға дейін ұлғайған.

Ең қорқынышты статистика тек бір Алматы қаласының халқы жыл сайын 9 млн литр энегретик тұтынады екен.

«Алматы бойынша жыл сайын шамамен 9 млн литр түрлі энергетиктер сатылады. Күніне 50 мың банка ішіледі. Жыл сайын мұндай сусындардың сатылымы сұрыптары мен ассортиментіне байланысты 30-40% өседі. Олар үнемі жаңа аудиторияны тартады. Ағза осылайша біртіндеп энергияны «арзан» жолмен толықтыруға үйреніп, сусынды тұтынуды күнделікті қажеттілікке (тәуелділікке) айналдырады» деп түсіндірілген құжатта.

Шетел тәжірибесі қандай?

Қалай дегенмен, жаңа норма жастар денсаулығын, ұлт саулығын сақтау бағытындағы маңызды қадам екені сөзсіз. Энергетикалық сусындарды 21 жасқа дейін пайдалануға шектеу қойылуы оларды алкогольдік сусындарға теңестіретін норма деуге болады.

Энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтыну балалардағы артық салмақ пен семіздікке әкеп соғады. Бұл – жұқпалы емес аурулардың дамуының негізгі қауіп факторы және Қазақстанда өсіп келе жатқан қоғамдық денсаулық сақтау проблемасы. Осыған байланысты балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына, өміріне қауіп төніп тұрғаны анық. Сондықтан мемлекет пен қоғамның өскелең ұрпақ үшін қауіп-қатерлердің алдын алу бойынша шұғыл шаралар талап етілетіні заңдылық.

Мамандар денсаулыққа қауіпсіз энергетикалық сусын жоқ деп сенімді түрде айтып отыр. Осындай теріс әсерлерін ескере келе кейбір елдер мен ұйымдар энергетикалық сусындар сатуға тыйым салған. Мысалы, Францияда 2020 жылдан бері мектеп асханалары мен білім мекемелерінде орналасқан автоматтарда энергетик сатуға тыйым салынады. Тыйым балалардың денсаулығын сақтау және дұрыс тамақтануды қолдау мақсатында енгізілген.

Ұлыбританияда жалпы тыйым салынбағанымен, үкіметі мұндай сусындарды мектеп асханаларында және мектептерде орналасқан автоматтарда сатқызбауды ұсынады. Кейбір мектептер осы нұсқауларды өз еркімен орындап жүр.

Норвегияда 2019 жылдан бастап 18 жасқа толмаған адамдарға арналған дүкендер мен автоматтандырылған машиналарда мұндай сусындар сатуға тыйым салынған. Литвада да 18 жасқа толмағандарға энергетикалық сусындар сатылмайды. Оған семіздік пен қантты шамадан тыс тұтыну жағдайлары себеп болған. Ал Шотландияда 2018 жылдан бері 16 жасқа толмаған балалар энергетикалық сусын сатып ала алмайды. Чилиде 2014 жылы мектептер мен балалар мекемелерінде энергетик сатуға тыйым салынған. Мұндай орындарда оның жарнамасын жүргізуге шектеу енгізілген.

Елдегі жағдайды реттеу үшін Денсаулық министрлігі энергетикалық сусындарды сатушының қатысуынсыз сауда автоматтар, өзге де электрондық немесе механикалық құрылғылар арқылы сатуға тыйым салуды енгізуді көздеп отыр.

Қанты көп сусындар да қымбаттайды

Сондай-ақ Қазақстан Үкіметі құрамында қанты көп алкогольсіз сусындарға акциз салығын салу мәселесін де жыл соңына дейін шешпек. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлімдеген болатын. Үкімет бұл салықты енгізу туралы мәселені 2021 жылы көтерген.

Денсаулық министрлігі де құрамында қанты көп сусындарға акциз салу ұсынысынан бас тартпайтынын мәлімдеген еді. Мемлекеттік бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетованың айтуынша, бұл талапты Денсаулық министрлігі ойлап тапқан жоқ. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы. Соның негізінде көптеген елдерде құрамында қант көп сусындарға акциз енгізіліп жатыр. Бас санитар дәрігер Қазақстанда артық салмақ пен қант диабетіне шалдыққандардың қатары көбейгенін де атап өтті.

Айта кетсек, 2021 жылдың қазан айында «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы мақұлданған. Жоба 2023 жылдан құрамында қанты көп сусындарға 20% мөлшерінде акциз енгізуді, 2024 жылы 35%, 2025 жылы 45%-ға дейін арттыруды қамтыған. Бұл бастаманы Денсаулық сақтау министрлігі көтерген болатын. Министрлік қант қосылған сусындарды көп ішу жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, семіздік пен басқа да ауыр дертке шалдықтыратын алға тартты.

Ал тәтті сусын өндірушілер ұлт денсаулығы үшін күрестегі бұл тәсілмен келіспеген. Қазақстанның алкогольсіз сусын өндірушілер қауымдастығы «акциз енгізу – орта және шағын кәсіпорындардың жабылуы, жұмыс орындары мен салықтың қысқаруына әкеледі» деп мәлімдеді.

Алайда «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы былтыр басқа да 9 жобамен бірге тоқтатылған. Депутат Жанна Асанова бұрынғы Премьер-министр Әлихан Смайыловтан себебін сұраған болатын. Премьер-министр бұдан былай тек нақты әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған жобалар бекітіледі деп жауап берген.

Шын мәнінде, ұлт денсаулығы қымбат па әлде салық саясаты ма? Осыны таразылап көріңізші…

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<