Қырық жыл жол төселмеген көше

3253

1

Облыс орталығындағы Тасбөгет кенті тұрғындарының өтінішімен кенттегі Сәкен Сейфуллин көшесіне бардық. Тұрғындарды алаңдатып отырған мәселе – Алаш ардақтысының атына берілген көшенің аяқ жағындағы екі шақырым жолдың жөнделмей отырғаны. Нақтырақ айтсақ, жолдың мүлдем жоқтығы. Көшенің бұл бөлігінде 600-ге жуық үй бар. Мұндағы алғашқы үйлер 80-жылдардың басында салына бастаған.

Тұрғындардың айтуынша, көшенің жол түспеген аяғын жергілікті халық «квадрат» деп атайды. Себебі оның астымен үлкен кәріз құбырлары өтеді. Құбырлар арқылы кәріз желісіндегі қалдықтар қала шетіне шығарылады. 2007 жылы «Мелиоратор» ЖШС сол құбырларды жаңғырту кезінде көшені толықтай қазған. Бірақ жартылай ғана асфальт төсеген. Ал, қалған бөлігі шала көмілген күйінде қалып, онсыз да жолсыз көшенің жағдайы бұрынғыдан да нашарлаған.

Бұл мәселемен тұрғындар әкімдікке талай өтініш жасаған. Көше тұрғыны Қалдыгүл Махашева жұртшылық қанша жылдан бері жаттанды, шығарыпсалма жауап алудан шаршағанын айтады.

– Биыл 15 маусымда кент әкімі Семсер Сыздықов С.Сейфуллин көшесінің аяқ жағында тұратын тұрғындармен кездесті. Сол кезде 1977 жылдан бері осы көшеде тұратын тұрғындар өтінішін, талап-тілегін айтты. Сонда 44 жылдан бері бюджеттен бұл көшеге ақша бөлінбеген бе? Осы сұраққа кім жауап береді? Сол кездесуде де әкім нақты жауап берген жоқ, – дейді ол.

Көше тұрғындары күн суытқалы бері жылдағы әбігер тірлік қайта басталғанына ашынады. Асфальтты айтпағанда, ең болмаса қиыршық тас төселмеген көше жаңбыр, қар жауса шалшық суға бөгіп қалады. Мұнда қоғамдық көлік бұрылмайтыны өз алдына, жеңіл көліктер, такси де ондай күндері жолаушысын көше басынан қалдырады. Сондықтан жұртшылық жұмысқа барарда резеңке етік немесе аяқ киімінің сыртынан целлофан пакет киіп шығады.

Бәрінен де балшыққа батқан балаларға обал болып отыр. Мектепке баратын жалғыз қоғамдық көлік аяқ киімі былғанған оқушыларды мінгізбей кетеді екен.

– Таңертең сабаққа шыққан балаларды жаңбыр күндері №11 бағыттағы автобус мінгізбейді. Қоғамдық көлік жүргізушісіне баланы неге мінгізбейсің десем, аяғы батпақ, неге целлофан киіп шықпайды деп жауап берді. Олай болса, әкімдік біздің көшеге бір вагон целлофан пакет бөлсін. Мен өзім басына қарауыл болып, балаларға үлестіріп берейін, – дейді зейнеткер Батырбек Бөлегенов.

Зейнеткер 2012 жылдан бері Тасбөгет кенті әкімдігінен бастап Қызылорда қалалық әкімдігіне дейін барып, көшеге жол салу туралы мәселе көтерген. Ондағылар ақсақалға түйткілдің шешілетінін айтып уәде беріпті. Алайда әлі күнге дейін нәтиже жоқ.

Көркі қашқан көшенің мәселесін көтеріп жүргендердің бірі Айнагүл Ниязымбетова 1984 жылдан осында тұрады. Ол көшіп келгелі бері жол салынбағанын айтып қынжылды.

– Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өткелі жатырмыз. Бірақ бұл көшеде содан бері қозғалыс болған емес. Тек көшенің бас жағына ғана асфальт төселген. Ал, қалған бөлігінде тұратындар жаңбыр болса, батпаққа батумен әлек. Мен өзім кент әкіміне 4 рет бардым, 3 рет тұрғындар талабы газет бетінде жарық көрді. Барсақ «бәрін қатырамын» деп шығарып салатын әкімдік жұмысынан ешқандай нәтиже болмай отыр, – дейді Айнагүл Ниязымбетова.

Тұрғындар әзірге жергілікті биліктің бұл мәселеге қатысты мәлімдемесі кент әкімдігінің көше тұрғындарына Facebook парақшасында берген 4 ай бұрынғы жауабы ғана екенін айтты. Жауаптың өзі тұрғындардың әлеуметтік желідегі жазбасына пікір ретінде беріліпті. Онда «Өткен жылдары кенттегі 18 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыс және қала бюджеттеріне өтінім тапсырылып қойылған болатын. Аталған жобада С.Сейфуллин көшесі де қаралған. Ендігі ретте бюджеттен қаржы берілген жағдайда тиісті жұмыстар бірден қолға алынатын болады» делінген.

Көшенің жағдайын көзбен көріп, тұрғындар тілегін тыңдаған соң, оларды толғандырған сауалдарды кент әкімдігіне біз де қойдық.

Кент басшылығы инженерлік-инфрақұрылымдық жұмыстарды жоспарлау кезінде тұрғындардың да сұраныстары мен ой-пікірлері барынша назарға алынып, осы тұрғыда тиісті зерделеу жүргізілетінін айтты. Сондай-ақ, арнайы комиссия өкілдері, сала мамандары, Қоғамдастық кеңес алқасы қордаланған мәселелерді бірлескен түрде талқылап, туындаған ұсыныстарды қала басшылығы мен қаржы бөлетін органдардың қаперіне салып, бюджеттік өтінімдер беріп отырады.

«Кенттегі ұзындығы 2,9 шақырым болатын С.Сейфуллин көшесінің Гидроузел және О.Сейітпенбетов көшелерінің аралығына 2008-2009 жылдары орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алайда, қазіргі уақытта аталған көшенің асфальт қабатының тозуына байланысты Ш.Есенов – Т.Жүнісов аралығы ұзындығы 2,4 шақырым және С.Сейфуллин көшесі ұзындығы 0,5 шақырым (Т.Жүнісов – Биочистка аралығы) болатын бөлігіне де кент әкімдігі тарапынан орташа жол жөндеу жұмыстарының жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, үстіміздегі жылы қаржыландыру үшін тиісті облыстық бюджеттік мекемелерге өтінім тапсырылды» делінген әкімдік мәліметінде.

Кент басшылығы бұл бағыттағы жұмыстар қаржы мәселесі оң шешілген жағдайда алдағы уақытта міндетті түрде жүзеге асырылатынын айтады.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<