Сырғытпа жауап, бітпес шаруа

443

0

Менің балам Қызылорда қаласы СПМК-70 ауданының Ақтөбе-3 тұйығында тұрады. Екінші сыныпта оқитын немерем бар. Мектепке «Ақтөбе-3», «Ақтөбе-2», «Каспий» тұйығынан қатынайтын жолды Назарбаев зияткерлік мектебі, «Форте» банк, «Білім және инновация» лицейі жауып тастаған. Айналма жолды шөп басып кеткен. Кішкентай оқушы тұрмақ, үлкен адам жүруге қорқынышты. Арасынан ішкендер немесе қаскөйлер шығып, кішкентай балаларға қастандық жасай ма деген қорқыныш жүрегіме маза бермейді. Бұл – тек менің ғана емес, №264 мектепте балалары оқитын аналардың қорқынышы.

Бұдан бұрын да осы көшелердің тұрғындары Қызылорда қалалық әкімдігіне өтініш жасағанда, Назарбаев зияткерлік мектебінің ауласы 5-6 метр шығып кеткен деп содан жол бермекші болған. Бірақ қаражат болмай тұр деп кідіртіп қойыпты.

Екінші рет Қызылорда қаласының әкіміне хат жазғанмын. Бұл мәселе шешілмейтін болса, «Білім және инновация» лицейінің ауласының көп жері бос жатыр. Бұрын соның ауласының ішімен жүретін жол болған. Өткенде Тараз қаласындағы мектеп әжетханасындағы оқиғадан кейін жолды жауып тастады. Ауласының шетінен 1,5 метр немесе 2 метр жер берсе, адам жүретін аяқ жол жасап алар едік деп те айттым. Қаражат сұраған жоқпын, тек осы мекемелерден аяқ жол салуға рұқсат алып беріңіз деп өтініш жасағанмын. Бірақ бірінші хатқа берген жауабын көшіріп қайтадан жазып жіберген. Әйтеуір «халық үніне құлақ асатын мемлекет» деген қағидаға сүйеніп, хатқа жауап берсем болар деген ниетпен «қаражат қарастырып жатырмыз» деген жалтарма жауаппен құтыла салған.

Мемлекеттік қызметкерлер халықтың арыз-шағымына сырғытпа жауап бергенді қашан қояды? І тоқсан аяқталуға жақын. Алда жаңбыр бар, қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Шөп арасымен жүретін жол балшық, лайсаң, аяқ алып жүру де қиындайды.

Осы жайттарды ақпарат құралына хабарлай отырып, көмек күтеміз.

Дариха ӘЛСЕЙІТОВА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<