Дос мерейі

387

0

Орыстың атақты ойшыл жазушысы Ф.Достоевский «Саған шынымен ең жақын адам ол – сенің өткен өміріңді білетін, болашағыңа сенетін, қазіргі жағдайың қандай болса, дәл солай қабылдайтын адам» депті. Мен  үшін осындай достықтың жолынан айнымаған адамның бірі, ол –біздің Әрекең, Әріп Битілеуұлы Хожбанов.

Бұдан сәл бұрын да әкесі, ардақты ел ағасы Битілеу әкеміз туралы толғаныстан туындаған естелігімді жазған болатынмын. Бұл жолы өзімнің қашаннан сыралғы досым Әріп Битілеуұлы туралы айтпақпын. Оның да орайы келіп тұрған себебі бар. Досымыз ғұмырының жетпісінші белесіне шығып, мерейжасына қадам басты. Уақыт шіркін қандай жылдам?! Кешегі студент кезден қатар жүрген жас жігіт бұл күнде елге аға, ініге қамқор, досқа пана, Сыр бойының белгілі азаматы болып, өз биігінде өрнекті өмір керуенін жалғастырып келе жатқан көпке танымал тұлға. Оның маңдайына жазылған ғұмыр жолы мамырлай аққан кең дарияның арналы ағысындай әдемі, мағыналы, толымды өрілді.  

Әріп Битілеуұлымен оның жан жары, өмірлік сенімді серігі Салтанат Жангирқызымен қатар жүріп, аралас-құралас келе жатқанымызға да ұзақ уақыт болыпты. Ару Алматының кең құшағында, Алатаудың баурайында студенттік жастық шағымызда танысып едік. Оған дәнекер болған сол кездегі студенттік достарымыз, қазір Алматыда тұратын Марат Төлегенұлы Абдулов пен Ерлан Табынбаев еді. Осы екі азамат арқылы басталған таныстығымыз жарасымды достыққа ұласты. Кейін елге келіп, қызметке араласып  жүрген кезде де қарым-қатынасымызды одан әрі өрбітіп, тығыз араласып, жақындасып кеттік.

Әрекең мен Салтанат туралы айту маған бір жағынан оңай сияқты, себебі отбасымызбен, балаларымызбен бірге тығыз араласамыз, бір-бірімізді жақсы білеміз. Ал екінші жағынан алсам, аса жеңіл де емес, салмағы мол жауапкершілік екенін сезінемін. Әрине, досыңның адамгершілігі,  азаматтығы,  мәрттігі, рухани әлемі туралы айту жеңіл-желпі жеткізетін сөз емес, реті келіп тұр екен деп, көсіліп, мақтауын асырғандай болғың келмейді. Шынайы болмысын ашып, тұлғалық келбетін баяндап, ақ пейілімді жеткізгім келді.

Қатар жүргеннен кейін біздің, көп жағдайда, өмірге деген көзқарасымыз, рухани әлеміміз сәйкес келетінін сеземіз. Әрекең қай ортада жүрсе де өзінің өмірлік ұстанымынан айныған емес. Ол – қоғамның тыныс-тіршілігін зерделеп, үніне құлақ түріп, тамыр соғысын дөп басып жүретін, сол үшін толғанып жүретін азамат. Мінезінің сабырлылығы, салмақтылығы, байсалдылығы көзге көрініп тұрады. Аузынан шыққан әрбір сөзін байыппен, парасатты, пайымды ойымен жеткізеді, ықылас-ниетінің шынайылығын күнделікті атқарып жүрген тіршілігімен дәлелдейді, мінез-құлық таразысы тепе-теңдігінен ауытқымайды. Хакім Абайдың «Мінез – адамның сауыты» деген сөзі бар, сол біздің Әрекеңе айтылғандай болып тұрады. Рухани әлемінің, ішкі дүниесінің байлығына әркез куәміз. Оның әдебиетке, поэзияға құштарлығын жиі байқаймыз. Әрбір кездесуімізде, басқосу, жиында ұлтымыздың асыл да ардақты, зиялы азаматтарының зерделі ойларын, жазушылардың парасатты пайымдарын мысалға келтіріп, ақындардың жақсы жырларын оқып беретіні бар. Біз де соған үйреніп алғанбыз, күтіп отырамыз. Бұл да – өзіне жарасқан, бойына біткен ерекше қасиеті. Оның ұлтымыздың салт-дәстүрін жақсы білетініне әрі оны ардақтай білетініне әбден қанықпын. Бойына қазақы тәрбие мен үлгі-өнегені тереңнен дарытқан азамат. Олай болуы заңды да! Әкесі Битілеу Хожбанов ақсақалдың 2002 жылы жарық көрген  «Ата салтын аздырма, қалқам» атты кітабымен жақсы таныспын, пікір де жаздым. Осындай абыз ақсақал мен анасы Зылиха апамыздың өнегесін бойына сіңіріп өскен Әрекеңнің қазақи ұстанымы мен тәрбиесі міне, соның нәтижесі.

Мен Әрекеңді досым деп танып, бағалайтын болсам, Сыр жұртшылығы оны кәсіпкер, меценат, қоғам қайраткері, басшылықта абыройлы қызмет атқарған азамат ретінде таниды. Ол облыс көлемінде жауапты қызметтер атқарды. 1999-2004 жылдар аралығында  Сырдария ауданының әкімі болып, ауданның өсіп-өркендеуіне, дамуына басшылық жасады. Қызылорда облыстық басқармаларының басшысы, облыс әкімі аппаратының жетекшісі лауазымдарын абыроймен атқарғаны көпке белгілі.

Әріп Битілеуұлы – қазір Қызылорда облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы. Қоғамдық кеңес – ел ішіндегі өзекті мәселелерді тиісті мемлекеттік органдарға жеткізетін қоғамдық ұйым. Оған жүктелген міндет – елдің жоғын жоқтап, проблемасын көтеру, шешу жолдарын ұсыну. Осындай жауапты міндетті атқаратын қоғамдық кеңес «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына өзіндік үлесін қосуды өз міндеті санайды. Халықпен тығыз жұмыс жасап, билік пен халық арасында қарым-қатынасты орнататын құрылымның тізгінін ұстау үлкен жауапкершілік жүктейді. Өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйеніп, бұл істі де лайықты атқарып жүрген Әріп Битілеуұлына қоғамдық кеңестің жұмысын алға бастыра беруіне тілектестік білдіремін. 

Менің ерекше атап айтарым, Әрекең Кеңес одағының енді тарқайын, ыдырайын деп жатқан, нарықтық экономиканың алғашқы ең қиын кезінде бизнесті бастады. Сол бір қиын-қыстау кезеңде халыққа ең керекті азық – нан өнімдерін шығаруды қолға алды. Осы мақсатпен «Қамқоршы» деген өзінің жеке фирмасын құрды. Бұл туралы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары кеңінен жариялап, елдің-халықтың арасында есімі белгілі болды. Халқының көңілінен шығып, еліне қызмет жасау ғанибетіне бөленді. Нанмен қамтамасыз ету деген қасиетті де киелі тірліктің шырайын шығарып, мерейін арттырды. Ол қазіргі күні аталған серіктестің директоры тұғырында кәсіпкерлік көрігін қыздырып, шаруасын жүргізіп отыр.

Әрекеңнің өмір, еңбек жолында мені тағы бір ерекше риза ететін тіршілігі бар. Оның Қазақ ұлттық аграрлық университетін инженер-механик мамандығы бойынша тәмамдағанын, оның алдында облысымыздағы сапалы техникалық кәсіптік орта білімді мамандар даярлайтын политехникалық техникумды бітіргенін еске сала кетейін. Әңгіме барысы оның инженер-механик ретінде қазіргі инженерлік сала, өндіріс проблемалары бойынша инженерлік бизнеспен айналысатынына қарай ауыспақ. Қазір интеллектуалдық бизнес өте өзекті десек, соған негіз болатын бұл – инженерлік білім. Өндіріс, өнеркәсіп соған сүйенеді, негізделеді.  Инженерлік бизнес деген сөз экономиканың драйвері, локомотиві саналады. Ол осындай терең инженерлік білімінің арқасында Қызылорда өңіріндегі мұнай-газ саласындағы, жылу, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық жүйесіндегі, әсіресе, өндірістегі қордаланған проблемаларды жақсы біледі. Инженерлік бизнесті жүргізу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Оған терең білім, өндірістік тәжірибе керек. Мен оның сондай жұмыстарын көзбен көріп, куәгері болып жүремін және ойымды «бұл бір ерекше еңбегіңіз, тіршілігіңіз» деп үнемі айтып отырамын. Оның көлік саласындағы, логистикадағы тәжірибесі мол. Ойы, пікірі қазіргі атқарып жатқан жұмыстарға сәйкес келіп тұрады, бүгінгі күннің ақиқатымен үндесіп жатады. Бұл дегеніміз оның инженерлік бизнесте алыстан болжайтынын, терең талдайтынын, сезімталдығын дәлелдейді. Негізі біз келешегімізді, экономикамызды дамытамыз десек, өндірісті, өнеркәсібімізді дамытуымыз керек. Ол үшін инженер кадрлардың білім сапасына ерекше мән беруіміз қажет. Бұл – қоғамда айтылып,  мемлекет тарапынан көтеріліп жүрген үлкен проблема.  

Әрекең – өз ісінің кәсіби маманы және әр уақытта айтатын салмақты ұсынысы, парасатты ойы бар азамат. Сондықтан болар, ол елге сыйлы, абыройлы. Жүзінен төгіліп тұратын мейірімділік, жылы сезім, салмақты да сабырлы мінезі адамды баурап тұрады. Қашан көрсең де байыпты қалпынан таймайды. Өмірге деген өз ұстанымы, пайым-парасаты, сан тараулы тіршіліктің жолы мен жөнін саралай білетін, тереңнен түсінетін қасиеттері азаматтық тұлғасын биіктете түседі. Әрбір азамат үшін ол өзінің игілікті ісімен, атқарып жүрген тіршілігімен, жасап жатқан жақсылығымен, қызметімен ортаға сыйлы болуы зор абырой, үлкен мәртебе.

Әрекең досымның ағайын-туыс, жора-жолдастар арасында мерейі үстем болып, беделі биіктеп жүруінің де өзіндік сыры бар. Жақсы әйел – азаматтың бақыты. «Дарын мен талант Құдайдан, ердің бағы жұбайдан» деп дана халқымыз дәл айтқан. «Әрбір мықты азаматтың артында мықты әйел тұрады» дегенді Әрекең мен Салтанаттың отбасылық одағына қарап айтсам өте жарасымды. Салтанат Жангирқызы Әрекеңмен бас қосып, отау құрған күннен бастап, адал жар, өмірдегі сенімді серігі бола жүріп, үлкен әулеттің ұлы көшін жалғастырып келеді. Ерінің азаматтық тұлғасын биікке көтеріп, абыройын асырып, өзінің тектілігін көрсетіп жүретін Салтанаттай қазақтың әйеліне бәріміз де ризамыз. Ата-енесінің ақ батасын алған, «әулетіміздің Салтанаты» атанған асыл жары әрқашан жанынан табылады. Бұл күндері өздері де ұл-қыздарын құтты орындарына қондырып, немерелерінің сүйікті ата-әжесі атанып, береке баянымен қонған әулет болып отыр. Ағайын-туысының қуаныштарында, тойларында Салтанатқа деген жылы лебіздерін, сый-құрметтерін көріп, естіп жүреміз.  Осындай дәрежеге жеткен оған ризашылық сезімімізді әрдайым айтып келеміз.

Біздің отбасылық қарым-қатынасымыздың, өзара сыйластығымыздың белгісіндей,  2019 жылы қыстыгүні Әрекеңнің немересі Асанәлінің тұсауын кесу құрметіне ие болдым. «Жолы ашық, қадамы нық болсын!» деген ақ тілекпен кішкентай балапанның тұсаукесер рәсімін өткізіп, қуанышқа ортақтасқан едік.

Есімі Сыр бойына танымал тұлға, қоғам қайраткері Әріп Битілеуұлының мерейлі мерекесі тұсында оған деген өзімнің жүректен шыққан достық лебізімді жеткізу мақсатында осы бір шағын суреттемемді арнап жаздым. Тіршілікте сыйластықтан артық не бар?! Қуанышыңа ортақ болып, қиындықты бөлісетін адал достарың болса, бұл да бір рухани байлығың ғой.

Құс қанатымен ұшады, ер-азамат жолдасымен танылады. Жақсыға балаған досым Әріп Битілеуұлының азаматтық келбеті мен жолдастық бейнесі мен үшін әрдайым биік. Мұны екеуміз де түсінеміз және бағалаймыз. Достық пейілге кіршіксіз көңіл төрінен орын бере отырып, жақсылықтарымызға тілекші болудан жалықпай, алдағы күндерге қатар қадам басып, бірге жете берейік, қадірлі Әреке!

Ата-баба аманатын ардақ тұтып, ұрпақтар сабақтастығының алтын арқауын үзбей, қастерлеп келе жатқан арда азамат, ардақты Әріп дос, мерейлі жасыңыз құтты болсын! Жан жарыңыз Салтанатпен бірге үлкен әулеттің асқар таудай алып қорғаны, ақылман басшысы болып, ұрпақтарыңыздың рахатын көріп, өмірдің жақсылықтарына кенеле беріңіз!

Қылышбай БИСЕНОВ,

ҚР ҰҒА академигі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<