Еңбегімен еліне танылған

781

0

Фото: ашық дереккөз

Әр адамның өмірі бір тарих деген халық аузында қанатты сөз бар. Егер сол сөздің түпнұсқасына зер салсақ, бұл теңеу тұлғаның саналы ғұмырында халқына жасаған қызметі мен қоғамына сіңірген еңбегінің нәтижесі деуге болады. Әдетте, қызметтес болған азаматтар жайлы жазу оңай шаруа емес. Ондай азаматтардың адами қадір-қасиетін жора-жолдас, ортасына, отбасына, қоғамына тіршілікте жасаған еңбегін жеткізе білу де үлкен жауапкершілік жүктейді.

Саналы ғұмырын еңбекке арнаған, қызметі халқының көз алдында болған, сол еңбегінің нәтижесінде ауыл, аудан, облыс экономикасының, оның ішінде  ауыл шаруашылығының экономикалық тұрғыда өсіп-өркендеуіне, заманның талабына сай елеулі үлес қосқан, аймаққа белгілі экономист-қаржыгер Тобаш Ембергенов. 2022 жылы ақсақалдықтың асқар тауы сексен жасқа толғалы отыр. Ол 1942 жылы 5 қаңтарда Жалағаш ауданы М.Шәменов ауылында (бұрынғы «Иіркөл» колхозында) туған. 1957 жылы Жалағаш қыстағындағы Сталин атындағы орта мектепті бітірген. 1957-1961 жылдары өзінің туған ауылында әуелі колхозшы, кейіннен механизатор болып жұмыс істеген. Әкесі Емберген диқаншылықпен айналысқан. Суармалы жердің қыр-сырын терең меңгерген талант иесі болған. Жерді кетпендеп, өгіз соқамен  жыртып күріш еккен. Сағасын Сыр өзенінен алатын «Емберген арығын» қаздырған қарулы, еліне беделді азамат болған. Шешесі Айтбала молданың қызы Айша анамыз ескіше және жаңаша сауаты бар білімдар кісі екен. Колхоздың қара жұмысына жегіліп, сол заманның бейнеті мен тауқыметін көріп, алты баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген. Тобаш та сол уақыттың қиындығын көріп, колхоздың таусылмайтын қара жұмысын бір адамдай атқарып ержеткен.

Алпысыншы жылдардың басында ауылшаруашылық техникалары келе бастағанда Тобаш Қызылордадағы бір жылдық механизаторлар дайындайтын курсты бітіріп келіп, ДТ-54 тракторын айдап үш жыл тер төгіп еңбек еткен. Бұл соғыстан кейінгі күйзелген елдің әл-ауқатын жақсарту мақсатында қызу еңбектің қайнап жатқан кезі болатын. Соғыста қырылған миллиондаған боздақтың орнын толтыру үшін үкімет орта мектеп бітірген жастарды екі жыл өндірісте қалып еңбек етуге міндеттеген. Осы талапқа сай Тобаш шаруашылықта төрт жыл тер төкті. Замандастары сияқты жоғары оқу орнына түсіп мамандық алуды армандап, Алматыдағы Қазақтың мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтына құжаттарын тапсырады. Конкурстан өте алмай қалады. Тауы шағылмай құжаттарын Шамалғандағы ауыл шаруашылығы техникумына тапсырып, оқуға қабылданады. Оқу орнын ойдағыдай аяқтап «Жоспарлаушы-бухгалтер» мамандығын алып, ауылға оралады. Жолдамамен келген оны 1964 жылы «Қазақстанның 20 жылдығы» атындағы колхозға (қазіргі Мырзабай ахун ауылы) бас экономист қызметіне жібереді. Бұл қызметті ол 1964-1969 жылдар аралығында атқарды.

Шағын ауылдың экономикасын арттыруға маман ретінде салаларға талдау жасап, аз шығынмен мал өнімін өндірудің көзін өндіріске енгізіп, жоспарлы экономика саясатын жүзеге асыруда аянбай еңбек етті. Тобаш осы шаруашылықта колхоз төрағасы болып бірге еңбек еткен Социалистік Еңбек ері Ұзақ Еспанов ағасынан халықпен жұмыс істеудің қыр-сырын үйреніп, сабақ алғанын үнемі айтып жүретін. Ол кісіні ұстазым дейтін. Сол жылдары ауылда жаңа үйлер бой көтеріп, мәдениет үйі, басқарма кеңсесі, сауда дүкені, малшылар үйі пайдалануға беріліп жатты. Колхоздың мұндай құрылыстарды салуы экономикасының өсуінің белгісі еді. Уақыт талабынан табылып өсіп келе жатқан білікті маман 1969 жылы ауданның ірі Калинин атындағы (қазіргі Бұқарбай батыр ауылы) шаруашылыққа бас экономист қызметіне барады. Ол кезде Калинин атындағы кеңшар аудандағы күрішті мол өндіретін, мал шаруашылығы дамыған, өзінің бұрыннан қалыптасқан дәстүрі бар, көп ұлт өкілдері тұратын кеңшар еді.

Калининде бас экономист қызметінде болғанда шаруашылық жыл сайын таза пайдамен шығатын. Рентабельді шаруашылыққа айналуына білікті маман ретінде өзінің білімін, қажыр-қайратын жұмсады. Кеңшар облыста бірінші болып басқарудың жаңа жүйесі диспетчерлік қызметке негізделген цехтық басқару жүйесіне көшті. Тобаш өзінің «Өмірім – ой-толғамдарым» деген естелік кітабындағы «Цехтық жүйе – басқару тұтқасы» деген мақаласында «Жалағаш ауданында Калинин атындағы совхоз осыдан он үш жыл бұрын облыста бірінші болып басқарудың цехтық жүйесіне көшті. Совхозда үш бөлімше болды, ол таратылды. Диспетчерлік жүйе енгізілді. Оны бас мамандар басқарды. Штат, адам саны қысқарды. Басқарудың сипатынан штаттары ықшамдалды. Осы саланың қаржысы үнемделді. Совхозда таза пайда артты. Жыл сайын 800-900 мың сом таза пайда алып жүрді. Совхоз II бесжылдықтың өткен төрт жылында жоспардағы 3 миллион 425 мың сом орнына 5 млн 357 мың сом таза пайда тапты. Өндірістің рентабельділігі 26,6 процентке жетіп, еңбек өнімділігі өткен жылы 1983 жылмен салыстырғанда 12%-ке артты» дейді. Естелігінде: «Менің өмірімнің жастық, жарқын кезеңінің 12 жылы осы ауылда өтті. 1960-1970 жылдар бұл ауылда корей ағайындар тұрғындардың 45-50%-ін құрайтын. Олар өндірістің шешуші салаларын басқаратын. 1969 жылдың сәуір айында колхоз совхозға өтті. Сонда аудандағы шаруашылықтар ішінде банк  резервіндегі арнаулы шотта 300 мың сомы бар бірден-бір шаруашылық осы Калинин атындағы колхоз болатын. Басшылар қаржыны өздері пайдаланбай мемлекеттік бюджетке аударып жіберген. Корей ағайындардың еңбекқорлығы, ұқыптылығының арқасында ауылдағы үйлердің айналасы көк-жасыл жеміс ағаштарына, көкөніс дақылдарына оранып жататын. Ауыл орталығында қалаға тән барлық қызмет көрсету орындары  жұмыс істейтін» деп жазған.

Сондай-ақ Төкең Жалағаш ауданының құрылғанына 70 жыл толу мерекесі қарсаңында шыққан «Шежірелі Жалағаш» кітабында алғашқылардың бірі болып ауданды құруға ұйымдастыру жұмысына қатысқан, Калинин атындағы совхозды 17 жыл басқарған «Ленин» орденді Ким Яков Яковлевичтің аты аталмағанына өкініш білдірген.

Тобаш совхоздағы экономикалық талдау бюросының жетекшісі, экономикалық оқудың, халықтық бақылау тобының жетекшісі, «Білім» қоғамының лекторы, насихатшы, т.б. қоғамдық жұмыстарды атқаратын. Осындай белсенділігін көріп-білген аудан басшылығы Тобашты 1978-1981 жылдары ең әуелі Жалағаш аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, Калинин атындағы кеңшар партком хатшысы қызметіне жіберді. Өзінің өндірістегі мол тәжірибесін партия қызметінде ұштастырып, үлкен мектептен өтті. Кеңшардың партком хатшысы кезінде он алты ұлттың өкілі тұрып жатқан ауыл ол үшін нағыз өмір мектебі болды. Үйренуден жалықпаған Тобаш аупарткомның нұсқаушысы, аудандық, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының экономика жөніндегі орынбасары болғанда да  мол тәжірибесін жоғары  лауазыммен ұштастыра білді. 1981-1983 жылдары Жалағаш аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының экономикалық жұмыстар жөніндегі орынбасары, жоспарлау-экономика бөлімінің бастығы қызметін атқарды. Калинин атындағы кеңшарда бас экономист болған кездегі өзі өндіріске енгізген цехтық басқаруды, механикаландырылған күріш звеноларының жұмыс тиімділігін, технологиялық карта бойынша жұмыс істеуін, олардың артық шығынға жол бермеуін, үнемделген қаржы жыл аяғында 25% звено мүшелеріне тапқан табысына қарай пропорционалды бөлінуін батыл енгізуге күш салды. Ол кезеңде аудан шаруашылықтарының барлығында экономикалық талдау бюросы құрылып, экономикалық оқу жүйелі түрде жүргізіліп тұрды. Осы жұмыстардың барлығына ауданның бас экономисі Тобаш басшылық жасады. 1976-1980 жылдары өзім туып-өскен Калинин атындағы кеңшарда (қазіргі Бұқарбай батыр ауылы) өндіріс бригадирі, агроном болып еңбек еткен жылдары Тобашпен қызметтес болғанымды, жоғарыда баяндалған өндіріске енгізіліп жатқан ғылыми негізге бағытталған озат тәжірибелерді еңгізудің куәсі және оны іске асырушы болғанымды айтуға тиіспін.

Тобаш 1983-1985 жылдары жүзге жуық колхоз совхозы және ауылшаруашылық мекемесі бар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының экономикалық жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметінде жүріп колхоз-совхоздардың экономикасын көтеруге, өндірісті басқарудың ішкі шаруашылық есепке негізделген отбасылық, арендалық-мердігерлік әдістерді әрбір бригада, әр фермаға ендіруге тәжірибелі экономист маман ретінде тікелей басшылық жасады. 1986-1991 жылдары облыстық агроөнеркәсіптік комитеттің бөлім бастығы, 1991-1993 жылдары облыстық орман шаруашылығы мекемесінің бас есепшісі, 1993-1994 жылдары екінші рет облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының экономика жұмыстары жөніндегі орынбасары болған. 1994-1995 жылдары Ботаника бағының директоры, 1995-2005 жылдары облыстық қаржы-бақылау басқармасының бас маман-бас бақылаушысы қызметтерін атқарған. 2005 жылдан зейнеткер, еңбек ардагері, қаланың қоғамдық өміріне белсене араласады. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Ел, жер, қоғам, ел басқарған қайраткерлер, тұлғалар, өткеніміз бен бүгінгі күннің өзекті мәселелері жайлы мақалаларын үзбей жариялап тұрады. «Өмірім – ой-толғамдарым», «Экономист ұстаз» атты кітаптардың авторы.

Тобаш туралы жазбас бұрын сыныптастары жазған «Біз елу жетінің түлектеріміз» деген кітапты тағы да парақтап шықтым. Бүгіндері сексеннің сеңгіріне шыққан ағалар мен апалардың балалық, жастық шақтарынан бастап достығы мен сыйластығы жарасып, қалыптасып, бүгінгі күнге дейін алпыс бес жыл бойы ағайын-туысқандай қарым-қатынаста болып келе жатқанына сүйсіндім. «Қамшының қысқа сабындай өмірде бұдан артық не бар?» деп ой түйдім. «Кісіні тану үшін оның достарының кім екенін біл» дегендей, оның бұдан 65-70 жыл бұрынғы сыныптас құрдастары, замандастары – әу бастан еңбекқор, қоғамшыл, белсенді болғандар. Олар – Садық Әлиев, Талғат Жүнісов, Жақай Бодықбаев комсомол, партия, кеңес, ауыл шаруашылығы саласының басшы орындарында, әкімдікте жұмыс атқарған азаматтар. Мырзамұрат Ілиясов, Тұрсынбай Тәшенов – Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшелері, аудандық газеттің редакторлары болды. Сыныптасы Нұрлаш Қартпанбетова халық қалаулысы ретінде Қазақстан Рспубликасының Жоғарғы кеңесінің депутаты болса, ұстаздар Сара Алматова, Кеңесбай Жұмахметов, Роза Исахметова, Сұлтан Пірмағанбетов, Аманкелді Шілдебаев, Тұрлыбек Тауманов – оқу ісінің үздіктері. Халық шаруашылығының түрлі салаларында абыройлы жұмыс атқарған Сейтбек Досаев, Хамит Әбдіхалықов, Байна Наршаев, Данабек Ижанов, Балтабай Ақназаров, Алматай Тәуірбаев айтулы мамандар болатын. Олар тәуелсіздігіміздің негізін қалауда өздерінің жарқын да өнегелі істерімен еліне елеулі, халқына қалаулы болған азаматтар еді.

Тобаштың зайыбы Сара Әмзебаева – Батыр ана, мамандығы – есепші, зейнеткер, сегіз бала тәрбиелеп-өсірген. Балалары Гүлнар, Маржан, Қалдыгүл, Жамал, Рүстем, Әлімжан, Ғалия, Абай әртүрлі салада еңбек етуде. Ол облыс әкімі мен облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасы, Қызылорда қаласы әкімі мен мәслихаттың Құрмет грамотасы, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мерекелік медалі, Қаржы министрінің Құрмет грамотасы, т.б. көптеген мерекелік медальдармен марапатталған. Жалағаш ауданының құрметті азаматы. Бұл күндері сексенге шыққалы отырған Тобекең тамыры терең бәйтеректей балалары мен немере-шөберелерінің ортасында мәнді де сәнді өмір сүруде.

Рысбай КӘРІМОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Жалағаш ауданының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<