Еңбектің ері

559

0

Бұл – айтуға оңай болғанмен, зор ақыл-қайраттың, білім, ой-парасаттың, талмаған ізденістің, күндіз тыным көрмей, бәлкім түнде ұйықтамай, төккен тердің, еткен еңбектің нәтижесі. Бәлкім қия тасты, жақпар жар-жартасты, биік тау шатқалдарды басып, бір асудан асып, тау шыңына шығуымен тең. Тіпті көмексіз, сонар-соқпақ жоқ онда. Бәрі бірінші рет және тек еңбекпен келеді. Отыз-қырық жыл арманның ілгері, өрлеумен бағындырған бұл биікке шығудың өзі қаншалықты қиын болса, сол биікте қалу – бір жұлдыз болып жану да соншалықты қиын. Ол, міне, осы сын-сынақтан да өтіп, алыс қаймана қазақ түгілі, кейбір жақын ағайынның күншілдігіне қарамастан, өзінің шырқау биігінде қалып отыр. «Ой, қойшы соны!» Ауылдағы Еркінбектің баласы ма? Білеміз ғой оны!» дейтіндерді де көрдік.

Бұл – ауылда өскен түйенің тайлақ аты қалмайдының кері. Қызғаныштың қызыл итін абалату ғана. Сондықтан да мен үшін ең бастысы – қалың елге де, шынайы ерлерге де, керегі – Бақдәулеттің өз қабілетімен, еңбегімен, жан-жүрек қуатымен жандырған бағы мен нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрекке жасаған дәулеті деп білемін.     

Бақдәулет Еркінбекұлының туып-өскен ауылы – Көккесене. 1960 жылдары «Коммунизм» деп аталды. Біз, сол кезде 13-14-ке енді келген жасөспірімдер ауылымызда жүректері кең, жұрттың бәрімен адамзаттың нұрлы қоғамы – коммунизм орнап қалғандай, немесе алдағы 5-10 жылда орнатылатындай, ауылымыз «Коммунизм» атанатынына мақтанатынбыз. Бір кезде «Көккесене» аталғанын да еміс-еміс білеміз. Іргеде күміс көл де жарқырап жатыпты. Әсіресе, ескі кітаптарда суреті сақталған «Көккесене» мазары қайран қалдыратын. Аңызға сенсек, Алпамыс батырдың жары Гүлбаршынға қойылыпты. Алайда ол кезде «Көккесене» атын аңсау – артта қалғандық. 1961 жылы көшелерге жаппай бағаналар қойылып, электр сымдары тартылып басына лампочкалар ілініп, барлығы жанғанда түннің өзі күндізгідей болып кеткені ұмытылар ма?

Туған ауыл осы жерде өсіп-өнген жұрттың бәріне ортақ. Ел де сол ел перзенттеріне бірдей қарайды, бірін алаламайды, бәрін бірдей аялайды. Мектеп болса, ол кезде әлі сегізжылдық. Алайда осы бір жер, бір елде өскен, ержеткен адамдар неге әртүрлі? Жоғары білім алғандардың, өмір теңізіне желқайық салғандардың бәрі неге бірдей емес? Бір қарағанда жауап дайын да сияқты. Алла тағала әртүрлі етіп жаратқан. Солай болса да түлеген топырағы бір, қабілет-қарымы қарайлас, білім-тәрбиесі бірдей адамдардың мына өмірде кейде соншалықты айырмашылық танытуы неліктен? Көрмей-білмей үкім шығару, көз жеткізбей баға беру – дау жоқ, дұрыс емес, артық сөз. Десек те осы «Көккесенеде» туғанымен, дарыны да бар, қарымы да осал емес, арман жалынан  ұстап,  тіршіліктің   бір тыңын  игеріп, шыңына шығуға белін бекем буғандардың ішінде туған елді өзге елдермен теңестіріп, қазақтың ұл-қызына, ұлысымыз көгінің жұлдызына айналған ғалым, қаламгер, қайраткер, еңбеккер бола алғандары саусақпен санарлықтай  екені де ақиқат.

Аспаннан алтын жаумайды. Төрт түлік өзінен-өзі мыңғырмайды. Бидай өзінен-өзі өспейді. Солай болса да айта кетейік: әуелі құнарлы жер керек. Қаратау етегі – шүйгін  Сырдың  бойы – тұнған от Бақдәулеттің бабасы Өтеш өңірге әйгілі мыңғырған бай болыпты. Жарымаған сараң емес, жомарт бай. Ол өзінің осынау мол несібесі аста төк байлығы халықтың арқасында екенін жақсы білген. Лайықты еңбекақысын мезгілінде алып отырған малшы-жалшылары қойын, адал баққан, жылқысына өз малындай қараған. Жем-шөбі мол, күтімі жақсы, қалайша көбеймесін?! Өтеш баласы Мақашты оқытқан, алдыңғы қатарлы азамат етіп тәрбиелеген. Мақаш та жаңа заман ықпалын  тап басып, халыққа қызмет еткен. Оның ел ағасы болғаны, тіпті Созақ аудандық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет атқарғанын деректі проза шебері Айдархан Бибасарұлының бір хикаятынан оқығаным есіме түсіп отыр.

Өз басым кейін көккесенелік болғандардың қатарындамын. Қаратаудың етегіндегі жер жаннаты Жайылмада туып-өскенбіз. Жетіжылдық мектебіміз бастауыш деңгейге түсіп қалып, 5-класты Құттықожада (ол кезде Ленин атында), 6-класты 24-ші бекеттегі мектепте оқуға тура келді. Дәніш көкеміздің үйінде жатып оқу, сиыршы Божан көкеміз қыстауы – Назарқұмнан Бөртескен елді мекеніне қатынап оқу шаршатқандықтан, 1961 жылы үйіміз «Коммунизмге» қоныс ауыстырды. Осы жылы күзде осындағы ЛКСМ-нің 25 жылдығы атындағы жетіжылдық мектептің жетінші класының табалдырығын аттадық. Арифметика, геометрия пәндерінен жоғары оқу орнын жаңа бітіріп келген жас мұғалім Еркінбек Мақашұлы сабақ берді.

Менің білуімше, Мақашевтар – өсіп-өнген, өнегелі әулет. Еркінбек – Мақаштың ең үлкені болса, одан кейін Асқарбек, Мұрат. Асқарбек үлгілі шопан болды. Ең бастысы – қой бағып қана қоймай, ой баққан асыл азамат.

Ал, Мақашевтар кенжесі Мұратханмен «Сүттіқұдық» ауылындағы ол кезде «Красная звезда» орта мектепте 4 жыл бір класта оқыдық. Жақсы оқыды. Көркем мінезді.

Мен Бақдәулет інімнің атын кейінгі кездері көбірек естіп, бұрынырақ аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінен игі істерін көзім шалып қалғаны болмаса, кейінгі жылдарға дейін танымайтынмын, жақсы білмейтінмін. Игі істері сырттай белгілі.  Енді етене танысып, кейде жолығып, сөйлесе келгенде аңғарғаным, ең бастысы, ол – жақсы адам, абзал азамат. Ауылдың, немесе аймақтың – Сыр өңірінің ғана ардақтауға лайық азаматы емес, Алаштың азаматы. Мұндай елдік елеулілікке, мерейлі мәртебеге адамдығымен, ақылымен, ыстық қайратымен, ерлік еңбегімен жеткен азамат.

Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» дейтіні бар.

Мінез де мың түрлі. Бірақ бұл жерде халыққа қызмет ететін мінез айтылып отыр.

Жер басып жүргенде адамның өмір сүруінің мәні неде? Не үшін тер тамшылатып, жасампаз еңбек етеді? Нұрлы ақылына басқартып, жан аямай қайратын жұмсағанда асыл арманына жетіп, жарқын мақсатын жүзеге асыруды көздемей ме? Жалын атқан жүректің де қорегі, тілегі осы емес пе?! Адам бақытты болу керек. Адам бақытты болу үшін туған, жаралған. Өткеннен бабаларың, арқа тірек панаң  бар. Туған ел – тұғырың, өскен ел – қыдырың. Бұған бағып бақытты болмай немене дей аларсыз ба? Дей алмайсыз. Ата-ана саясында бал балалықты өткізудің өзі, бойжетіп, ержетудің өзі – бір бақыт болса да, жас жігітке – әулеттің тірегіне, елдің үмітіне – енді мұның өзі аз, жақсы, жарқын өмір сүре алып, әуелі өзін бақытты, содан соң отбасын,  асса  Отанын бақытты етуі керек.

Жүректің әмірі – бақытты болу болса, осы жүректің табысқа жету жолындағы тәңірі – махаббат, әділеттілік, жақсылық, мейірім.

Қуанышқа қарай, біздің кейіпкеріміз Бақдәулет Еркінбекұлы бойында, ойында осының бәрі бар. Бір білетінім, кейінгі жылдарда көре, кездесе жүріп байқағаным, ол жаман сөз айтпайды. Өзіне жала жапқан, күйе жаққан адамдарға да жамандық жасамайды.

Ұстанымы – өтірігін айтса айта берсін, өсегін тарата берсін, өзіне қайтады. Оларға уақытыңды қор қылғанша, бір іс бітірмеймін бе? Ол жақсы істер жасап келеді. Алды – мұқтаж жандарға материалдық көмек, ақшалай қолдау, кітабын шығарып беру болса, ортасы – жүздеген гектар жерге күріш егіп, ақ күріштен мыңдаған тонна ақ маржан өнім өндіріп, адал еңбеккерлерін жарылқау болса, соңы – зауыт салу, алуан мәдени-тұрмыстық кешендерді қатарға қосу, Қожамберді бабасына еңселі ескерткіш тұрғызу. Міне, мұның бәрін түгелдеу міндет емес, десек те, мұның өзі мың бір іс, жарқыраған із, жүз мыңдаған қайырым – жақсылықтар емес пе?!

Алпыс жас – тал түс. Ғанибет ғұмырдың ортасы. Осы ғұмырдың ортасында оның жеке басының олқылығы кем, төрт құбыласы тең. Бұлай дейтініміз – асқар тауы Ортаны қолдап-қорғап келеді, отбасы, өсіп-өнген әулеті мықты асқар тірегі. Жары Ләззат Қожахметова оның қиын да қызық, күрес пен бақытқа толы ғұмырында жансерік бола алды, қашанда отбасының ұйтқысы, бүгінде ол да кәсіпкер.

Екеуінің үш ұл-қызы бар: Жандәулет, Әйгерім, Арайлым. Олардың да әулет аясынан асыл ел перзенттері боларына сеніміміз мол. Айтпақшы, Бақдәулет Еркінбекұлы облыстық мәслихат депутаты, өткен жылдың соңында «Парасат» орденін иеленді. Мұның өзі еріне елінің құрметі іспетті.

Бақыт САРБАЛАҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<