Өткен ғасырдың ортасында, дәлірек айтсақ, 1950 жылдың 21 ақпаны күні қарт Қаратаудың бөктерінде, қасиетті Түркістанмен көрші жатқан Жаңақорған ауданына қарасты Кеңес ауылының қадірменді ақсақалы, ескіше терең сауатты, діндар, ауыл молдасы Шермұһаммед қарияның үйінде шыр етіп бір сәби дүниеге келді. Бұл алпысты алқымдаған отағасы мен қырықтың бесеуіне келіп қалған Кәделі шешейдің кенжесі болатын. Ақсақал әкеден туған он үш баланың бірі болғанымен, медреседе оқып, араб тілін жақсы меңгеру, діни жолға түсу осы кісінің ғана пешенесіне жазылыпты. Сондықтан да қария сәбидің атын діни кітапқа қарап, Камалдин деп қойған екен. Сол Кәмекең бүгінгі таңда елімізге белгілі ғалым, ауылшаруашылығы саласының білгір маманы, тамырын тереңге жайған үлкен отбасының басшысы, мерейлі 75 жасқа толғалы отыр.
Жастайынан ата-ана тәрбиесін, халқымыздың салт-дәстүрін, асыл қасиеттерін бойына сіңіріп өскен азамат үлкенге құрмет, кішіге қамқор болатын, ағайын-туыс, құда-жекжат, жора-жолдаспен сыйластық қарым-қатынас жасайтын, білім-ғылымға шынайы берілген, сегіз қырлы, бір сырлы тұлға болып қалыптасты.
Отбасының кенжесі ретінде ата-анасының қолғанаты болып, шаруаны тындырып жүрген Кәмекең 1967 жылы ауылындағы №54 орта мектепті жақсы бітіргенімен, ағасы Зинабдиннің әскер қатарында, алдындағы апасы Шарапаттың бір жыл бұрын жоғары оқу орны студенті болуы себепті оқуға бармай, ата-анасының жанында жүріп, еңбекке араласады. Зейнетақыдан басқа қосымша табысы жоқ қариялар үшін баласының ер жетіп, еңбек етіп, нан тапқаны үлкен қуаныш еді. Кәмекең 1969 жылы Кеңес одағы қарулы күштері қатарына Отан алдындағы борышын өтеу үшін шақырылып, ол кезде айтуға болмайтын, картаға түспеген Семей полигонында қызмет етеді. Әскери қызмет қай уақытта да оңай емес. Ал ядролық жарылыс болып жатқан аймақта қызмет ету солдат үшін аса үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Кәмекең өз қызметін адал, абыроймен атқарды, қатарының алды болды, бөлімше басшылары тарапынан бірнеше рет алғыс алып, сыйлықтарға да ие болды. Әскерге қызметтестер арасындағы сыйластық болар, бүгінге дейін көптеген азаматтармен араласады, Семей полигоны ардагерлері қоғамының белсенді мүшесі.
Бір байқағаным, Кәмекең ата-анасын жиі еске алып отырады екен. Тағы да әңгіме бетін сол аяулы жандарға қарай бұрды. «Біздің әкеміз тек діндар адам ғана болып қойған жоқ, қолы жеңіл, не ексе де көктеп шыға келетін бағбан болатын. Ол кісі 60-шы жылдардың басында Қызылорда облысында бірінші болып жаңғақ ағашын егіп, өсіріп, жемісін алған адам. Сол жаңғақтың алғашқы жемісінен 1969 жылдың күзінде Семейде әскерде жүрген бір топ жерлес азаматтар ауыз тиді. Қызметтес жігіттерге әкеміздің еккен жаңғақ ағашының жемісі екенін айтып, сендіре алмадым. Бұл біз өскен аймақ үшін үлкен жаңалық, құптарлық шаруаны жүрегіммен, әкеге деген терең ризашылықпен, мақтанышпен мен ғана сезіндім. Осы сезім менің агроном мамандығын таңдауыма да үлкен әсерін тигізді деп ойлаймын.
Әскерден кейін жоғары білім алу жайлы мақсатымды бөліскенде: «Сен енді жас емессің, қолымды ұзартып, келін түсіріп берсең қалай болады, ұлым» деп анамыз бір ой тастады. Сонда әкеміз: «Оқудың ескісі, жаңасы, ерте-кеші болмайды, оқимын десең балам, жолың ашық» деп батасын берді. Бұл шешімді жоғары білімді ұлағатты ұстаздар – ағамыз Зәкең мен жеңгеміз Зөкең де қолдады.
Сонымен «Ештен кеш жақсы» дегендей, бес қаруымды сайлап, арман қала Алматы қайдасың деп жолға шықтым. Армандаған Қазақ Ауылшаруашылық институтының агрономия факультетіне оқуға түсіп, оны қызыл дипломмен бітіргенде, «әке батасының қабыл болғаны» деп сезіндім» дейді ағамыз.
Кәмекең агрономия факультетінде жақсы оқып, белсенді студенттер қатарында болды. Топ старостасы, курс комсоргы, жатақханадағы студсовет мүшесі деген қоғамдық жұмыстарды абыроймен атқарды. Мектеп қабырғасынан бірден келіп оқуға түскен жастарға ақыл-кеңесін айтып, тәрбиелеп, жақсы азамат, жақсы маман болуына өз үлесін қосты десек артық айтқандық болмас. Күні бүгінге дейін бірге оқыған курстас азаматтармен хабарласып, жиын-тойларда кездесіп тұрады.
Кәмекең шығармашылыққа біртабан жақын, мектеп оқушысы кезінен бастап қабырға газетін шығару, шағын мақала жазу, өлең шығаруды әдетке айналдырған. Ол өзіне, бауырларына асқар таудай пір тұтатын әкесі Шермұһаммед қарияның өмір танымының шексіз әсер еткенін айтудан жалықпайды.
Жалпы шығармашылық сайып келгенде білімділікке, дүниетанымға, ой-өріске байланысты. Шығармашылық бұл әулетке дарыған өнер ме деп қаламын. Кәмекеңнің ағасы елімізге белгілі азамат, ұлағатты ұстаз Зинабдин Шермұһаммедұлының үлкен тебіреніспен інісінің 75 жылдық мерейтойына арнаған «Дарақ өсіп, бір жерде көгереді» деген жыр жолдарын келтіргенді жөн көрдім.
Камалжан, құтты болсын мерейжасың,
Тілектес бар ағайын, бауырласың.
Жөн білер бір азамат сендей болсын,
Толысқан ел ағасы шағындасың.
Атадан емес біздің ұлық туған,
Әкеңнің жолы үлгі-ілім қуған.
Бәріне де қарайсың қанағатпен,
Бойында мейірімділік тұнып тұрған.
Кенжесі болатынсың кемпір-шалдың,
Қарайлап жүріп барып білім алдың.
Жолың боп орналастың Қызылорда да,
Киелі ордасына ғалымдардың.
Ғылымға қызмет еттің, аянбадың,
Бірі болдың білімді ағалардың,
Күріштен жаңа сорттар шығарсаңдар,
Авторысың бірнеше кітаптардың.
(Білінбей зымыраған уақыт-ай,
Міне енді жетпіс беске келіп қалдың)
Дарақ өсіп, бір жерде көгереді!
Көзі оң болсын Тәңірдің төбедегі.
Ортаңда, дос-жаранға сыйлысыңдар,
Белгілі үй болдыңдар керегелі.
Қонды бүгін ұяға ұл, қияға қыз,
(Ұласып бір құдадан, бір құдаға).
Немерелер шауып жүр – өрістерің,
Солар ғой болашағың, жемістерің!
Шүкірлік етесіңдер бүгін барға,
Жақсылықтар көп болсын үйіңде алда.
Соңымнан ерген бауыр-інім едің,
Өзіңді желеп-жебеп жүрсін Алла!
Жоғары білімді ғалым-агроном дипломын алған жас маманның ғылым-білімге деген құштарлығы оны 1977 жылы күріш дақылы бойынша Қазақстандағы жалғыз ғылыми мекеме – Қазақтың күріш ғылыми-зерттеу институтына алып келді. Алғашында аға ғылыми қызметкер болып орналасса, 1987-2007 жылдары «Күріш өсіру технологиясы», «Дәнді дақылдар өсіру технологиясы», «Егіншілік» бөлімдерінің меңгерушісі қызметтерін атқарды, 2008 жылдан бастап «Агротехнология» бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері. Осы жылдар арасында күріш ауыспалы егісінің экологиялық және экономикалық тиімді 8 танапты және қысқа айналымды бірнеше үлгілерін, күріштің және арпа сорттары мен әртараптандыру дақылдарын өсіру технологияларын әзірлеп, пестицидтердің экологиялық залалсыз жаңа түрлерін сынақтан өткізіп, өндіріске енгізуге тікелей үлес қосты. 1997 жылдары тұқым шаруашылығы болып құрылған «Түгіскен» тәжірибе шаруашылығында күріштің бастапқы тұқым шаруашылығын ұйымдастырып, оны жүргізуге ғылыми-әдістемелік басшылық жасауды да Кәмекең өзінің төл қызметінен кем көрмей, адал атқарды. Сол аймаққа тұқым шаруашылығын жүргізуге арналған күріш ауыспалы егісінің жаңа үлгісін енгізді. Осы Түгіскеннің күріш алқабынан тауып, бүгінде сорттық деңгейге дейін жеткізілген күріштің «Түгіскен 1» сортының негізгі авторы, «АйКерім» күріш сортының, арпаның «Сыр Аруы», «Қайсар», «Іңкәр», «Шахристан» сорттарының авторларының бірі.
Ол өзінің жүргізген тәжірибе нәтижелерін ғылыми басылымдарда, кітап беттеріне шығаруда да аянбай еңбек етіп келеді. 120-ға жуық ғылыми еңбегі жарық көрсе, оның ішінде 4 кітап, 2 монография, 7 авторлық куәлік (патент), 12 ұсыным бар. Бұл еңбектер облыс диқандары мен ауылшаруашылық мамандары және ауыл шаруашылығы білім беру бағдарламаларының білім алушылары үшін күнделікті қолданыста болатыны сөзсіз.
Кәмекең облыстың егін шаруашылығын әртараптандыру бағытында күріш ауыспалы егісінде бидай, арпа, сұлы, мақсары, жоңышқа, түйежоңышқа, рапс дақылдарының өсіру технологияларын әзірледі. Соңғы жылдары облыстың «Инновациялық тәжірибені тарату және енгізу жөніндегі қызметтер» 019 бюджеттік бағдарламасы бойынша төрт жобаға жетекшілік жасады. Сондай-ақ Қаратау бөктеріндегі тәлімі жерлерді игеруде жаңа (инновациялық) технологияларды өндіріске енгізді.
Ғылымның соңғы жаңалықтарымен өзінің білім қорын толықтырып отыруды ұмытпайтын Кәмекең біліктілік арттыруда белсенділік көрсетеді. 1981 жылы КСРО министрлер кеңесі мемлекеттік комитетінің жаңалықтар жайлы жоғарғы курсын тәмамдаса, 1989 жылы Мәскеудегі К.А.Тимирязев атындағы ауылшаруашылық академиясында «Тәжірибе жұмысының әдістемесі» бағдарламасы бойынша біліктілікті арттыру факультетінде, 2003 жылы Дүниежүзілік күріш ғылыми институты мен ICARDA ұйымдастырған курстарда білімін жетілдірді. Голландия, Франция елдерінде ауылшаруашылық дақылдарын өсіру технологиялары бойынша тәжірибе алмасу жиындарына қатысты.
Ол ғылымда жинақтаған бай тәжірибесін шетел ғалымдарымен бірлесе отырып, өндірісте қолдануға да өз үлесін қосып жүр. 1996-1997 жылдары «Қызылорда облысының қайта сорланған жерлерін қайта қалпына келтіру жайлы» Жапон-Қазақстан және ARCADIS (ТАСИС) компаниялары жүргізген «Қызылорда облысының экологиялық қауіпсіз дамуы» жобаларын іске асыруда аға консультант ретінде жұмыс атқарып, зор нәтижеге қол жеткізді.
Ұзақ жылдар бойы атқарған ғылыми-практикалық еңбегі және қоғамдық жұмысы жоғары бағаланып бірнеше мерекелік медальдармен, Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 20 жыл, 25 және 30 жыл төсбелгісімен, Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен (2013 және 2020 жылдары), ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасы (2010 ж.) және «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен (2020 ж.) марапатталған. 2020 жылы К.Шермағамбетовтің ауыл шаруашылығы саласындағы қажырлы еңбегі ескеріліп, 70 жасқа толуы аясында өзі туып-өскен Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы атағы берілді.
Камалдин бауырымыз – салауатты өмір салтын ұстанған азамат, әке жолын қуып ислам дінін, шариғатты қастерлейтін тұлға. Алланың қалауымен, ұрпақтарының демеуімен 2022 жылы жұбайы Гүлжанмен бірге Мекке мен Мәдинаға барып, қажылық парызын өтеп қайтты.
Кәмекең бүгінгі таңда Құдай қосқан қосағы Гүлжан жеңгеміз екеуі ата-аналарынан алған өнеге, тәрбиесін ұл-қыздары мен немерелеріне жеткізіп, құда-жекжаттарымен, ағайын-туыстарымен, әріптес жолдастары және қатар өскен достарымен бірге өмірдің жақсы кезеңдерін бастан кешіруде.
Егіншілік саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастырып, жас мамандарды ғылымға баулу, өзінің білген-түйген білімі мен тәжірибесін үйретуден еш жалыққан емес. Бұл, әрине, парасатты пейіл мен өнегенің өрісі.
Ибадулла ТАУТЕНОВ,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
зерттеуші-профессоры, «Құрмет» орденінің иегері,
Сырдария ауданының Құрметті азаматы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<