Ой мен көңілдің ажырамас бірлігі

336

0

Қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар қаламгердің бірі – Махмұтбай Әміреұлы. Ақынның «Жеті белес» ғұмырнамасында: «Жетпіс жыл жеті он жылдан тұрады ғой, Мен үшін әр он жыл бір белес», – дегендей алғашқы он жылдық белесінде балалық шағына арналады. Балдәурені соғыстан кейінгі қиын кезеңде өтіп, еңбекке ерте араласқан ол барлық ауыртпалықты бастан кешеді. Еңбек ете жүріп оқыды, бала болып ойнай алған жоқ.

Алапат соғыспен тұспа-тұс келген балалық шағы туралы ақын «Ойыншықтар» атты өлеңінде:

– Бәрі де тұр қажетіңнің таңдаған,

Ойланбай -ақ ойыншықтан ал балам.

Мен үшін де ал сонау қиын шақтағы,

Бала кезде дұрыс ойнай алмаған, – деп ой түйеді.

Екінші он жылдық белесте Махмұтбай аға ақындыққа бет бұрады.

«Алғашқы өлең» деп аталатын он екі шумақтан тұратын өлеңінде, балалық сезім, махаббат сезімі жігіттікке жетелегені аңғарылып тұр. Сыныптас қызға ғашықтық, сезім сырларын былайша өреді.

– Кірген күндей класқа күліп келіп,

Бәріміз де өзіңнен үмітті едік,

Жетіншіге жетпей-ақ біз сол үшін,

Шыға келдік, шаш қойып, жігіт болып.

Бұрын жүре алмаушы ем сәл қасына,

Енді жақын бардым да партасына.

Алдындағы кітабын көрген болып,

Хатты атып жібердім қалтасына, – деп сыр ашады.    

1958 жылы 9-сынып оқып жүргенде «Лениншіл жас» газетінде «Қасым ақын» деген өлеңі жарияланды. Қасым Аманжоловқа арналған бұл өлеңде ақын жырларынан ерекше қанаттанған ол ойын өлеңмен төгілдіреді.

Өлеңге деген құштарлық оны алға жетелейді. 60-жылдары Қызылорда пединститутына оқуға түседі де, өмірдің үшінші белесі басталады. Бұл кезді өзінің «Жылдар, жылдар» атты өлеңінде былайша толғады:

– Толқын әр кез талабымды қамшылар,

«Әр бұлбұлдың деген ғой, өз даусы бар».

Тәуекел деп бір отауын көтердім,

Жырдан алар менің де еншім бар шығар.

Бір кезде осылай армандаған ақын жырдан өз еншісін алды. Оның өлеңдері ән болып көкте қалықтайды. Студент кезінде ұстазы Тәңірберген Қалауовтың «Қызылорда вальсі» әніне жазылған өлеңі көпшілік көңілінен, студенттер мен жастар жүрегінен орын алған еді.

Ақынның төртінші белесі нағыз ақын болып танылған кезі. Ол Тұманбай Молдағалиевпен кездесіп, өлеңдеріне оң баға алады. Сол жылдары «Жалын» баспасынан 1976 жылы «Жүзім бағы», 1978 жылы «Қызыл жыңғыл» атты жинағы шығады. Оның өлеңдеріне «Сырлы сезімді, сұлу тілді ақын» деп баға берген Тұманбай ақын. «Өлең шіркін өзі айтады, оны жазған иесінің кім екенін. Махмұтбайдың «Жүзім бағы» жинағындағы жүзімдей тәтті өлеңдердің дәмі әлі күнге дейін менің таңдайымда қалған сияқты» дей келе, мынадай жыр шумақ арналған:

– Махмұтбай бабындағы көк дөнен,

Шапқан сайын құйындаған, өрлеген.

Басып өткен құлагерім ол менің,

Тас жатса да,  тау жатса да көлденең.

Бұл дегенің – ақынға берілген әділ баға. Сан салалы  қызметте жүрсе де Махмұтбай ақын жыр кестесін төгумен болды. Оған дәлел кітаптары бірінен соң бірі жарық көріп, оқырманын тауып жатты. «Қызыл жыңғыл», «Сырдария-жырдария», «Темір мен толғаулар», «Сыр елі», т.б. кітаптары жарық көрді.

Ақынның тағы бір шығармашылық қыры – оның әнге жазылған өлеңдері. «Қызылорда вальсі», «Қимаймын», «Шалқиды ән», «Сырдария вальсі», «Құмкөл вальсі», «Қалайша тараймыз», «Жақаевшы жастар маршы», «Тракторшы Гүлсара», т.б. әндердің сөзі әуенмен үйлесіп қанат қақты.  Ән мәтінінде ақын шаттана, мақтана жырлап, ой мен көңілдің ажырамас бірлігін өзіндік үнмен бере білген.

Махмұтбай  Әміреұлының шығармаларының сипатын ашу үшін шартты түрде болса да жанрлық, тақырыптық, көркемдік ерекшеліктеріне тоқталған жөн. Жанрлық түрге қарай өлеңдер (лирика), толғаулар, арнаулар, поэмалар, айтыстар, хат өлеңдер, шымшымалар, ән мәтіндері, аңыздар жазды. 

Туған жер, атамекен тақырыбы – ақын шығармашылығының алтын діңгегі. Ол табиғат, жыл мезгілдері, ауыл, дала, егіс алқабы, өзен, теңізді сағыныш, атамекен ұғымдарымен бірлікте жырлады. Туған жерін өзін қолдаушы, күш беруші деп біледі. Отан қорғау, отаншылдық, махаббат, сүйіспеншілік, заман, уақыт тақырыптарын көркемдеп, суреткерлік шеберлікпен жырға қосты.

М.Әміреұлының өлең-жырда өзіндік қолтаңбасы бар. Шығармашылық даралығы, сырға толы жырлары жарқын бояуымен өзгелерден ерекшеленіп тұрады. Ол – сырлы, ойлы өлеңдерімен ұлттық поэзиямыздың алтын қорына үлес қосқан қабырғалы қаламгер. 

Гүлбану ТЕБЕГЕНОВА,

Абай мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі.

Ақжібек ӘЛІШЕВА,

Абай мектебінің оқушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<