Тумысы  текті  тұлға

594

0

Адам атаулыға баға беретін халық. Сенің жақсы-жаманды істеріңді елеп-екшеп, талғам таразысына салатын сыншы да – халық. Содан да халыққа қызмет ету – қалпақты қайырып кию емес.

Осынау қым-қуыт тірліктің сан тарау сүрлеуінде алас-күлес атқа мініп, арман-мұратыңды аңсап, ағындап жүргенде талай жандармен жолың түйіседі екен. Осындай жайсаң жанды, тумысы бөлек тұлғалардың бірі – Аюп Мырзабекұлы. Оның «Ғұмырнама, естеліктер мен ой-толғамдар» жазбасын оқып отырып, еңбегін, төккен терін пұлдамайтын, барға қанағат, жоққа салауат айтатын бала көңілді, дана сезімді азамат екенін аңғардым.

Аюп 1953 жылдың сәуір айында Тереңөзек ауданы аумағындағы шағын елді мекен «Майлықұмда» өмір есігін ашты. Арғы атасы Қалмен есімі Сыр еліне танымал болса керек. Одан бергі Ысқақ атасы ағаш пен темірден түйін түйген ауыл ұстасы болған. Шаруаға аса қажетті белорақ, қолорақ, күрек, айыр, кетпен, келі, келсап, киіз үй жабдықтарын жасап, осы іске балаларын да баулыған.

Ысқақтың бес ұлының кенжесі Мырзабек ашаршылықта жеген құйқаның дәмі әлі кетпеген уақытта өмір есігін ашқан. Құдай қосқан қосағы Жамалмен шаңырақ көтеріп, өмірге Толысбек, Аюп, Бекзатхан, Боранбек, Бейбіт, Ақмарал, Рашид, Нұрсұлу есімді ұл-қыздарын әкелді.

Еңбек жолын қара жұмыстан бастаған әке бертін келе аудандық су шаруашылығында гидротехник, іргелі шаруашылықтың қойма меңгерушісі қызметтерін 35 жыл бойы абыройлы атқарды. Жамал анасы иығына кетпен асып, озат күрішшілер қатарына қосылды. Аудандық кеңестің бірнеше мәрте депутаты болып сайланған ол ондаған мемлекеттік награда иеленсе, аудан басшылығы екі рет жеңіл автокөлік кілтін табыстайды.

– Мұның барлығы, – деп еске алады Аюп, – ата-анамыздың таза маңдай терімен келген табыс еді. Шындығында, олар бізді жетілдіру үшін демалыс дегенді білмей, тек белуардан бейнет кешумен бар өмірін өткізді. Бейнетінің зейнетін көрсетуді өзімізге қарыз бен парыз санаған біз оны қаншалықты өтедік ол бір Аллаға аян.

Балалық бал дәуренінде әкесі ерттеп қойған есекке мініп, шөп ору, мал бағумен күн кешті. Сонымен 1969 жылы «1 Май» мектебінен орта білім алып, өмір жолына түседі. Қызылордадағы политехникумнан дәріс алып, техник-электрик мамандығын иеленеді.

– Әлі есімде, – дейді Аюп, – үш айлық өндірістік тәжірибеден өтуге №13 жылжымалы құрылыс мекемесіне барғанбыз. Күн аптап ыстық. Айдалада электр бағаналарын отырғызу, оған сымын тарту, бағанаға өрмелей шығып, электр сымдарын бекіту оңай жұмыс емес екен. «Қой, бұл мамандығы құрысын» деген ойға келіп, Алматының ауыл шаруашылығы институтының ауыл шаруашылығын электрлендіру факультетіне оқуға түсуден бас тартып, құрылысшы мамандығын алуға бел буғанмын. Өкініштісі сол, маған құрылысшы мамандығы бір емес, екінші рет те бұйырмаған еді.  Оған өкінбеймін, мамандықты мен емес, мамандық мені таңдаған екен.

Мырзабекұлы Аюп 1973 жылы Алматыдағы кезіндегі В.Ленин атындағы қазақ политехникалық институтының энергетика факультетіне оқуға қабылданады. Институт қабырғасында жүргенде энергетика саласының қыр-сырын бүге-шүгесіне дейін меңгеруге бар күш-жігерін жұмсайды. Өндіріс орындарын электрмен қамтамасыз ету, қанша электр энергиясын пайдаланады, трансформаторлық станциялардың қуаты, электр желілерінің қауіпсіздігі үшін қолданылатын қорғау желілері, осы саланың тағы басқа ондаған қым-қуыт тіршіліктерін толықтай меңгеру оңайға түскен жоқ. Десе де, табандылық пен ізденімпаздық оны дегеніне жеткізіп, күрмеуі қиын осы саланың хас шебері, яғни шамшырағы атандырады.

Аюп сонау 1978 жылдан бүгінге дейінгі еңбек жолын сол кездегі облыстық астық өнімдері бірлестігінің басшысы, Кеңес Одағының Батыры Жәлел Қизатовтың ақ батасын алумен бастады. Осы кісінің ұсынысымен Қызылорда астық өнімдері комбинатының аға энергетигі қызметіне тағайындалды.

Сол жылдары комбинатқа қарасты зауыттардың электр қондырғылары, яғни, трансформаторлық подстанцияның техникалық жағдайы өз дәрежесінде болмаған. Ауа тазартқыш қондырғылардың да жартылай жұмыс істеуінен зауыт іші шаңнан көрінбейтін. Жас болса да ізденгіш, өзіне де, өзгеге де қатаң талап қоя білетін ол аз ғана уақыт ішінде электр қондырғыларын көзімен көріп қана қоймай, қолымен ұстап, жоғарыдағы келеңсіз жағдайларды қалыпқа түсіріп, басшылықтың назарына ілігіп, бас энергетик қызметіне тағайындалады. Айекеңнің ұтымды ұйымдастырушылық қабілеті арқасында комбинаттың электр энергиясының технологиясы толықтай жаңартылып, материалдық-техникалық базасы нығайтылады.

Ол қоғамдық жұмыстардан да қалыс қалмайтын. Комбинатта жұмыс істейтін 900 жұмысшы-қызметкердің санаулысы ғана заманында дүркіреп тұрған коммунистік партияға қабылданатын. Сонымен партияға мүшелікке қабылданған Аюпқа сан алуан қоғамдық жұмыстар жүктеле бастайды. Нақтылай айтар болсақ, халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып сайланған оған партбюро хатшысының орынбасары қызметі қоса тапсырылады. Азғантай уақыттың ішінде өзіне жүктелген сынақтан сүрінбей жүрген Аюпқа партбюро хатшысы міндетін уақытша атқару жүктемесі де беріледі.

1983 жылы аймақтың әр ауданында «Сельхозэнерго» мекемелері ашыла бастайды. Жаңадан ашылған мекеме жұмысын жолға қоюды мақсат еткен Аюп 1984 жылы Сырдария аудандық «Сельхозэнерго» мекемесінің бас инженері қызметіне келеді. Бар-жоғы бір жылдан соң осы мекеме директоры қызметіне тағайындалады.

Ұйымдастырушылық қабілеті арқасында аудан көлеміндегі электр қондырғыларына күтім жасау, оларды есептегіш құралдарымен қамтамасыз ету, электр энергиясына есеп жүргізу, жаңадан салынған құрылыстарды техникалық құралдармен қамтамасыз ету аз ғана уақыт ішінде жолға қойылады. Саланың материалдық-техникалық базасын қалыптастыру, құрал-сайманмен жабдықтау, кадрлардың біліктілігін арттыру да назарынан тыс қалған емес. Оның тағы бір ұтымды ұсынысы жұмысты ықшам және тез атқару үшін аудан шаруашылықтарын төрт учаскеге бөліп басқаруды енгізіп, араға жыл салып ел қатарына қосады. Сондай-ақ қырман басына орналасқан тұқым тазалайтын агрегаттар, мал бордақылау алаңдарына орнатылған калценатор, құрама жем мен күріш ақтайтын цехтар, жеміс-жидек қалдықтарынан сауын сиырларына азық дайындайтын агрегаттарына арнайы мамандар даярлап, іске қоса бастайды.

Аюп электр жүйесі жұмысын жандандырумен ғана шектелмей, мекеме жұмысшы-қызметкерлерін жұмыспен, азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін күріш егуге, жеміс-жидек өсіруге, жылыжай салуға батыл бетбұрыс жасайды. Сөйтіп мекеменің болашақта нарықтық экономикаға  бейімделуіне жол ашылады.

Жекешелендіру науқаны басталғанда шаруашылық адам айтқысыз жағдайға тап болады. Аюп басқаратын «Сельхозэнерго» мекемесі де таратылып, мекеме есебіндегі мүлік қалдық бағаларымен бөліске түседі. Азын-аулақ техника мен мал-мүлікті иеленген бас-аяғы он адам Аюптың басшылығымен «Сельхозэнерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шаңырағын көтереді. Атқаратын негізгі жұмыстары – электрқондырғыларды күрделі жөндеуден өткізу, су соратын ұңғыма насостарын жөндеу, дәнекерлеу, трансформаторлар мен генераторларды қалыпқа келтіру. Қала мен аудан тұрғындарына осы қызметтерді көрсетуді өзінің көмекшісіне жүктеген. Аюп қаладағы жылу-энергия орталығының алдымен бөлім басшысы, соңынан басқарма басшысы қызметіне келеді.

– Жылу-электр орталығы сол тоқырау жылдары сәуір мен қазан айлары аралығында электр энергиясын сырттан, яғни «Екібастұз», «Ерман», «Шүлбі», «Жамбыл» ГРЭС-і тәрізді ірі электр станцияларынан сатып алып, қаланы электр қуатымен қамтамасыз етіп отыратын, – дейді Аюп.

Ол 2003 жылы «Сельхозэнерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қайта оралады. Мекеме банкротқа ұшыраудың алдында тұр екен. Айекеңнің ұтымды ұйымдастыруы мен қарымды қабілеті арқасында бұл жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар болғаны үш ай ішінде қайта жанданып, бүгінгі күнге дейін ел-халыққа қалтқысыз қызмет көрсетумен келеді. Құрылтайшысы да, басшысы да – бүгінгі күні 70 жасқа толып отырған айтулы да ардақты азамат Мырзабекұлы Аюп.

Ол «Құрметті энергетик» атағын иеленсе, 2016 жылы аз қамтылған отбасыларға көрсеткен қамқорлығы мен мүгедек балаларға жасаған демеушілік іс-шаралары үшін Халықаралық «Бейбітшілік әлемі» қауымдастығының «Ел ардақтысы» медалімен марапатталды. Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық өсуіне қосқан үлесі үшін «Елеулі еңбегі үшін» медалін алып, есімі «Қазақстанның алтын» кітабына енгізілді. Мерейлі жасқа толуына байланысты Энергетика министрлігінің бұйрығымен «Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.

Атам қазақ: «Отбасының қорғаны – әке, жылуы – ана» деп бағалаған. Аюптың құдай қосқан қосағы Қамар – отбасының ырыс-берекесі.

Аюп – төңірегінде болып жатқан сан түрлі құбылыстарға бейжай қарамайтын, ой тоқтатып, әділдігін айтатын азамат. Адамды қадірлеуді, оларға құрмет-қошемет көрсетуді, қамқор болып қол созуды да өмірлік ұстанымы етіп келеді.

Еркін ӘБІЛ,

жазушы-журналист

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<