Жазғы демалыс: «Қазақстан халқына» қоры 20 мың балаға тегін жолдама береді

171

0

Фото: freepik.com

Елімізде 10 мыңнан астам демалыс орынында 3 млн жуық бала жазғы демалысын өткізеді. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында баяндады.

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға қажетті барлық нормативтік-құқықтық актілер дайындалды. Өңірлердегі барлық демалыс орталықтарының тізімі және дайындығы пысықталды.

«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «QH Жаздық жолдама» жобасымен 20 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алады. Оның ішінде су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің оқушыларына, халықтың әлеуметтік осал топтарынан және көпбалалы отбасыдан шыққан ауыл балаларына басымдық беріледі», – деді министр.

Дәлірек айтқанда, елдегі 10 743 демалыс орынында 2,9 млн бала жазғы демалысын өткізеді. Оның ішінде 10 мың бала жыл бойғы сауықтыру орталықтарында, 240 мың бала – маусымдық, 2,6 млн бала – мектеп жанындағы, 75 мың бала – шатырлы және киіз үйлі демалыс орындарында барады.

182 демалыс орталықтарының 150-і маусымның басында іске қосылады. Ал, қалған 32 демалыс нысаны 15 маусымда өз жұмысын бастайды.

«Атырау, Түркістан, Ақтөбе облыстары балалардың жазғы демалыспен қамтылуын арттыру қажет. Балалардың бос уақытын ұйымдастыру бағытындағы еңбекпен, туристік, шығармашылық, интеллектуалдық іс-шаралармен 2,7 млн бала қамтылады. Жергілікті атқарушы органдар балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын сапалы деңгейде ұйымдастыруы қажет», – дейді Ғ.Бейсембаев.

Жазғы демалысты мазмұнды ұйымдастыру мақсатында 120 мың ұйымдастырушы-педагог арнайы дайындықтан өтті. Оған қосымша 12 мыңнан астам студенттер және еріктілер тартылмақ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<