Қала әкімі бүлдіршіндерді жаңа жыл мерекесімен құттықтады

1202

0

Кеше қалалық оқушылар сарайында қала әкімінің бүлдіршіндерге арналған Жаңа жылдық мерекелік шарасы өтті.
Ертегілер әлеміне еліктірер ғажайып мереке биылғы жылы «IT көсемен виртуалды саяхат» тақырыбында ұйымдастырылып, оқушылар сарайы толығымен тақырыпқа сай безендірілген.
Арнайы ұйымдастырылған мерекелік шараға ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасының балалары, мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер және білім, өнер, спортта жетістіктерге қол жеткізген талантты да дарынды оқушылардан барлығы 100 бала қатысты.
Балалар ертегілерінің ішіндегі ең жағымды кейіпкер Алдар көсенің – ХХІ ғасырдағы ұрпағы IT Көсемен бірге Қызылорда қаласының болашағына уақыт машинасымен саяхат жасап, ақылды қаланың жетістіктеріне тамсанып, жасанды интеллекттердің қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет істеп жүрген көрінісін тамашалады.
Осылайша, балғын балалар Жаңа 2019 жылға ерекше көңіл күймен қадам жасап, жаңа заман технологияларын меңгеруге деген зор құштарлықтарын танытты.
Жаңа жылдық шараның басты кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақардың киімдері де тақырыпқа сай электронды жарықшамдармен безендірліп, қалалық, облыстық сурет, өнер, спорт байқауларының жеңімпазы Темірхан Тұрлыхан қала әкімімен бірге шырша шамдарын планшетке орнатылған бағдарлама арқылы жақты.  
Ертеңгілік соңы оқушылар сарайының өнерпаздары әзірлеген ән мен биге ұласып, қатысушы балалар Желаяқ, Ақшақар, Аяз атаға өнерлерін көрсетті.
Шарада балаларға арнайы дайындаған сыйлықтар табысталып, қала әкімі балаларға арнайы әзірленген жаңа жылдық тортты үлестірді.
Шара соңында, барлық қатысушы бүлдіршіндер мерекелік дастарқаннан дәм татты.
Жалпы, Қызылорда қаласында білім беру мекемелерінде электронды технологияларды дамытуға барынша мүмкіндіктер жасалуда.
Оның нақты дәлелі, бүгінгі күнге Қызылорда қаласы бойынша 237 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары «Электронды балабақша» автоматтандырылған жүйесіне енгізілген. Қала мектептерінің компьютермен жабдықталуы, интернет желісіне қолжетімділік және электронды күнделік жүйесіне қосылу көрсеткіші 100 пайызға жетіп отыр.

Қала әкімінің баспасөз қызметі 

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<