АРАЛДЫ ҚҰТҚАРУ ӘЛЕМДІ ҚҰТҚАРУМЕН ПАРА-ПАР

828

0

Аралдың экология­лық проб­ле­масына әлем жұрты алаңдайды. ХХ ғасырдың 60-80 жылдары Әмудария мен Сырдария өзені бойындағы халықтың саны 2,2 есеге артып, суға қа­жеттілік өсті. Соның сал­дарынан теңізге құйы­­латын су мөлшері азайды. Яғни, қос өзеннің суын бел ортадан бөгеп, күріштік пен мақта ал­қаптарының көлемі артты. Мұндай антропогендік факторлардан теңізге 1960-1965 жылдары 44 мың текше метр су құйылса, 1974-1978 жылдары 13 мың текше метрге азайды. Тіпті, 1990 жылдары судың мөлшері екі есеге кеміді.

Нәтижесінде Аралға құйы­латын судың 89 процентке азайып, теңіздің су айдыны 30-200 шақырымға дейін құрғады. Судың тұздылығы 40 процентке дейін артты. Осылайша, Арал шөлге айналып, құрғап қалған теңіз түбінен жыл сайын зияндылығы жоғары 2 млн тонна тұзды шаң көтеріліп, экологиялық зардап аймағына айналды. Экологиялық дағдарыс салдарынан Арал өңірінде адам­дардың денсаулығы күрт тө­мендеп, аурушаңдық белең ал­ды. Аралды құтқару әлемді құт­қарумен пара-пар мәселеге айналды. 

Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­­дарынан-ақ Арал пробле­масын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ашық ай­тып, әлем елдерінің назарын аударды. Мәселенің өт­кір екендігін Орталық Азия елдерінің басшыларына түсін­діріп, бірлесе шешуді үндеп, Президенттердің басын Қызыл­орда қаласында қосты. Бұл 1993 жылдың 26 нау­рызы еді. Яғни, Арал проблемаларына арналған алғашқы халықаралық конференцияға Қырғызстан президенті Асқар Ақаев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан президенті Сапармұрат Ниязов, Өзбекстан президенті Ислам Каримов қатысты. Конференция барысында «Арал теңізі және Арал маңы проблемаларын шешу, экологиялық сауықтыру және Арал аймағының экономикалық дамуын қамтамасыз ету бойынша бірлескен әрекеттер туралы келісімге келіп, Аралды құтқару халықаралық қоры туралы ережеге қол қойды.

Әрине, Арал мәселесіне ар­налған халықаралық конферен­ция Сыр өңіріндегі айтулы мәсе­лелердің шешілуіне ұйыт­қы болды. Конференция қорытындысы бойынша қа­тысушы мемлекет басшылары атынан Біріккен Ұлттар Ұйы­мына үндеу жолданды. Халық­аралық қауымдастықтың қол­дауымен Арал теңізі бас­сейнін экологиялық сауық­тыру мен аймақ тұрғындарының әлеу­мет­тік-экономикалық дең­гейін көтеру мәселелері бойын­ша бірлескен нақты істер мен бағ­дарламалық жобаларды қар­жыландыру жөнінде ке­лісімге келді. Ең бастысы, Аралды құтқару халық¬аралық қоры құрылды. Қордың төрағалығына Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Орталық Азия елдері үш жыл сайын қордың жұмысын үйлестіретін болып шешілді. Міне, осы халықаралық қордың құрылғанына биыл 25 жыл толып отыр.

Айта кететіні, сол кездегі облыс басшысы, мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов Арал проблемасын терең түсініп, 90-жылдардың басында-ақ облыс әкімдігінің жанынан «Арал проблемасы жө­ніндегі» комитет құрды. Сон­дықтан Сейілбек Шаухаманұлы облыс басшысы ретінде ха­лық­аралық конференцияның жоғары деңгейде өтуіне жауап-кершілікпен қарады. Мен облыс әкімінің бірінші орынбасары ретінде конференцияның жұмысшы тобының төрағасы болдым, әрі халықаралық шара­ның ұйымдастыру жұмыс­тарымен шұғылдандым. Конферен­цияны ұйым­дастыру жұмыс­­тарымен Алматы қала­сына бірнеше рет барып, Су шаруашылығы комитетінде және басқа мекемелерде арнайы болып, Арал теңізі жайлы материалдарды жинадық. Санкт-Петербургке іссапармен барып, Арал теңізінің экологиялық картасын алдық.

Конференциядан кейін Арал дағдарысын қалпына келтірумен Аралды құтқару халықаралық қоры үйлестіруді бастады. Бірік­кен Ұлттар Ұйымының Даму бағ­дарламасымен, Эколо­гиялық бағ­дар­ламасымен, ЮНЕСКО, Бүкіләлемдік банк, Азия даму банкі, ТАСИС ұйымдарымен, сонымен қатар, Германия, Дания, Израиль, Канада, Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Кувейт және басқа да донор елдер үкіметтерімен біріге отырып, АҚХҚ аймақтың әлеуметтік және экологиялық проблемаларын шешуге бағытталған түрлі жобалар мен бағдарламалар жүргізіп келеді.

Атап айтқанда, 1994 жылы Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары «Арал теңізі ала­бының бағдарламасын» қабыл­дады. Бағдарлама арқылы Арал теңізі алабындағы қор­шаған ортаның жағдайын тұ­рақ­тандыру, Арал маңының бүлінген экологиясын қалпына келтіру, алқаптың су және жер ресурстарын қалпына келтіру және басқа да жұмыстар көзделді.

1997 жылдың бірінші жар­­­­тысын­да бағдарламаны қар­жы­­­­­лан­дыратын Орталық Азия­­­­­­ның бес елі және негізгі ха­лық­­аралық ұйымдар мен оның ұйымдастырушылық-басқару­шылық құрылымы анықталды. Яғни, су ресурстарын басқарудың аймақтық стратегиясы, су қоймаларын және бөгеттердің тұрақтылығын қамтамасыз ету, гидрометеорологиялық қыз­меттер, экологиялық ақпараттың аймақтық жүйесін, су сапасын басқару, Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру және басқа да шаруалар жүйеленді. Мәселен, құны 65 млн АҚШ доллары тұратын «Сырдария өзенінің ағысын және Арал теңізінің солтүстік бөлігіндегі су деңгейін реттеу» (1-кезең) жобасын сәйкестендіру және бағалау бойынша жұмыстар 1998 жылы басталды. Оған Бүкіләлемдік банк, Германия үкіметі және Кувейт қоры қаржы салды.

2002 жылдың 6 қазанында Душанбе қаласында Аралды құтқару халықаралық қорының құрылтайшы мемлекеттерінің басшылары бағдарламаның бірінші кезеңін талқылап, екінші кезеңін бастауға уағдаласты. Осылайша, 2003-2009 жылдары – екінші кезеңінде солтүстік Аралды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. 2009 жылдың 28 сәуіріндегі Мемлекет басшыларының шешіміне сәйкес Аралды құтқару халықаралық қоры Атқарушы комитеті бағдарламаның 3-кезеңін бас­тады. Осылайша, «Ғасыр жобасына», «Дүниенің сегізінші кереметіне» баланып жүрген «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасы дүниеге келді. Адамзат тарихында теңізді екіге бөліп, сақтап қалу тәжірибесі болған емес-тұғын. Жобаның маңыздылығы осында.

Айта кететіні, тұңғыш халықаралық конференциядан кейін жұмыс тобы Сыр өңірінің экологиялық жағдайын Үкіметке түсіндіріп, Қызылорданы эко­логиялық облысқа жатқызу үшін жұмыстар жүргізілді. Жұмыс тобы мүшелерінің белсенді ізденісімен «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заң жобасы жасалды. Әрі оны Ұлттық ғылым академиясының ғимаратында Үкімет мүшелері мен ғалымдардың алдында қорғадық. Топ мүшелері теңіздің экологиялық әсерін жан-жақты ғылыми негізде түсіндіріп берді. Осындай талқылаулар мен пікірталастардан кейін заң жобасы қабылданды.

Заң бойынша Экологиялық апат аймағы, Экологиялық дағ­дарыс аймағы, Экологиялық дағ­дарыс жағдайына жақын­да­ған аймақ болып топтастырылып, тұр­ғындарға әлеуметтік кө­мек тағайындалды. Осылайша, Сыр өңірі тұрғындарының айлық жалақыларына пайыз­дық үстеме қосылды. Сондай-ақ, медициналық қызмет көр­се­туді, денсаулық сақтау ісін қар­жыландыруды және мате­риалдық тұрғыдан жабдық­тауды ұйымдастыру, халықты әлеуметтік жағынан қолдау, эколо­гиялық апат салдарынан зардап шеккен адамдарға бе­рі­­летін қосымша өтемдер мен жеңіл­діктер және басқа да ха­лыққа тиімді жағдайлар бе­кі­тілді. Мұның игілігін аймақ жұр­ты осы күнге дейін көріп келеді.

Мен ғаламат жобаның басы-қасында болып, 10 жыл Арал ауданының әкімі болдым. Жобаның арқасында Арал теңізіне жан бітіп, балық шаруа­шылығы дамып, өзге өңір­лерге көшіп кеткендер атақонысқа көшіп келіп, ата кәсібін жалғаған ұрпаққа куә болдым. Расында, қазір Аралдың балығы қайтадан алыс-жақын шетелдерге экспорттала бас­тады. Теңіз қалаға жақындады. Халықтың әлеуметтік жағдайы дұрыстала бастады. Солтүстік Аралды жаң­ғырту жұмыстарымен жұрттың бойында үміт оянып, бойларында келешекке сенімділік орнықты. Мұны теңіз маңында қоныс тепкендердің жанарынан көруге болады.

Әлі есімде, 2005 жылдың 27 сәуірінде Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев Арал ауданына сапарымен келді. Президент «Көкарал» бөгетін көзімен көріп, ға­лымдар мен жобалаушылардан: «САРАТС жобасы іске асқанда Арал қаласына теңіз суы келе ме?» – деп сұрады. Бұл сауалға мамандар теңіз жиегінің 25-30 шақырым ғана жетпей қалатынын айтты.

«Ендеше, Кіші Аралды теңізден бөліп алып, жағалауды қалаға дейін жеткізуіміз керек. Ол үшін САРАТС жобасының екінші кезеңін бастап кетуіміз қажет» деп кесіп айтты.

Осыдан бастап айтылған шаруаны орындау жолында қыруар жұмыстар басталып кетті. Кіші Аралдың су баспаған жерлерінде сексеуіл ормандары бой көтере бастады. Сексеуілді орман ал­қап­тарын құру сырбойылық аза­маттардың белсенділігінің арқа­сында жүзеге асты. Қазір Арал теңізінің орнында 500 гектар алқапта сексеуіл жайқалып тұр.

Арал теңізі бассейніндегі шекаралық өзендердің су ресурстарын бірлесе басқаруды ұйымдастырудағы шешілмей жатқан мәселелер мен әлеу­меттік-экономикалық, эколо­гиялық жағдайлардың ушығуы Орталық Азия елдерін Арал дағдарысына қарсы күресте күш-жігерлерін біріктіріп, аймақтық қарқынды қызметтестікке мүд­­делі етуді мақсат ететін ха­лық­аралық ұйым осындай ке­лелі істерді жүзеге асыруда үлкен рөл атқарды. Әрине, мұндай маңыз­ды қадамдардың алдағы уақыт­та да жалғаса беретіні сөзсіз.

Нәжмадин МҰСАБАЕВ,

Арал және Қазалы ауданының құрметті азаматы, «Жалаңтөс баһадүр» қорының төрағасы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<