Ашықтық пен қолжетімділік

307

0

«Сот төрелігінің 7 түйіні» бастамасын іс жүзінде жүзеге асыру аясында облыстық соттың базасында «Үлгілі сот» құрылды. Мұнда сот төрелігінің тиімділігін арттыру мәселелері топтастырылады. Жуырда жаңа бастама аясындағы ақпараттық сервистерді облыстық сот судьясы Шолпан Маликова журналистерге таныстырды.

Шолпан Маликова «Үлгілі сотта» бір­қатар жобалар іске асқаны туралы айтып өтті. Өткен жылдың ақпан айында іске қосылған құқықтық қызмет көрсету орталығы негізінде облыс соттарында фронт-офистер ашылған. Фронт-офис заманауи инженерлік-техникалық құрал-жабдықтармен, күту залымен және басқа да инфрақұрылыммен жабдықталған. Мұнда ақпараттық орталық, кіріс кеңсесі мен өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары бар. Нысан ашылғалы бері барлығы 6949 адам жүгінген. Осы уақыт ішінде медиаторлардың көмегіне жүгіну арқылы 1428 іс сотқа дейін шешімін тапқан.

Сонымен қатар 2018 жылдың 4 шілдесінде облыстық сот ғимаратында жаңартылған сот музейі ашылды. Бұл шара Елбасының «Рухани жаңғыру» атты бастамасын жүзеге асырумен тоғысып отыр. Музейдегі жәдігерлер 24 стендке бөлінген, олардың әрқайсысының өзіндік тарихи ерекшеліктері бар. Музейдегі фотосуреттер мен өзге де құжаттардан бөлек, сот және ардагер судьялар тарихымен кеңінен танысуға болады.

Мұнан бөлек, өткен жылы Қызылорда қаласының ма­мандандырылған әкімшілік сотында «Виртуалды сот» қызметі іске қосылды. Бұл – қарапайым қалың бұқара үшін тиімді, әрі қолжетімді. Сот процесіне келуге мүмкіндігі болмаған жағдайда ұялы байланыс телефоны немесе басқа да гаджеттер қолдана отырып қатысуына болады.

Өткен жылдың тамыз айында Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында іске қосылған «Түнгі сот» жобасы бойынша желтоқсан айының соңына дейін 59 әкімшілік құқық бұзушылық іс қаралды. Құқық бұзушы сот процесі тағайындалған уақытта жұмыста болуына байланысты, әкімшілік істі жұмыс уақытынан кейін қарау жөнінде өтініш білдірген. «Түнгі сот» пилоттық жобасы қазіргі қоғамның сұранысына дөп келіп тұр.

Соттарда қызмет атқарып отырған «Бітістіруші судья» пилоттық жобасының орны бөлек. 2018 жылдың мамыр мен желтоқсан айы аралығында татуластырушы судьялардың ықпалымен медиациямен – 152, партисипативтік рәсімімен – 22, бітімгершілікпен 92 арыз шешімін тапқан.

Сонымен қатар, «Үлгілі сот» базасында ішкі қорлар есебінен пилоттық режимде судьялардың көмекшілері институты құрылды. Олар поштаны қабылдау және бөлумен, электрондық құжаттарды салумен, сот актілерінің жобасын құрумен, нормативтік-құқықтық базаны іздеумен, талдаумен және тағы да басқалармен айналысады. Бұл судьяға дауды шешу мен істі зерделеуге көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Пилоттық жоба іске қосылғалы облыстық, қалалық, №2 қалалық және мамандандырылған аудан­ара­лық экономикалық соттарының судьяларына 14 көмекші бекітілді. Алдын ала жұмыс нәтижелері бойынша судьяның көмекшісіне мемлекеттік қыз­меткерлердің ішінен мамандар іріктеліп алынған.

Шынар БЕКБАН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<