АТҚАРЫЛҒАН ІСТІҢ АУҚЫМЫ КЕҢ

303

0

«Азаматтарға арналған үкімет» мем­лекеттік корпорациясы 741 мемлекеттік қыз­меттің 80 проценттен астамын жүзеге асырады. Корпорация қызмет түрінің сапалы, жылдам әрі жеңілдетілген түрде көрсетілуін басты назарға алған. Ең бастысы, тиімділігін танытқан пилоттық жобалар халық көңілінен шығуда.

Бұған біз «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалында өткен көшпелі брифингте көз жеткіздік. Жиында филиал директоры Айдын Қайруллаев атқарылған жұмыстың ауқымы кең екендігін атап өтіп, алға межеленген жоспарларын баян етті.

Мәліметтерге сүйенсек, биыл филиал өңір тұрғын­дарына 1 млн 200 мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсеткен. Оның 500 мыңнан астамы электрондық форматта ұсынылыпты. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағ­­дар­­ла­масы аясында да облыс­тық әкімдікпен бір­лес­кен іс-қимыл жоспары бе­кітілген. Соның нәти­же­сінде биыл 50 мыңға жуық адам цифрлық сауаттылық курстарынан өтіп, арнайы сертификатқа қол жет­кізіпті. Бұдан бөлек, қала­дағы ЖОО-да студенттерге қызмет көрсету орталықтары ашылған. Мұнда филиал мамандары қажетті қыс­қа мерзімді курстар ұйым­дастырады.

– Биыл «Connection point» өзіне-өзі қызмет көр­сету секторы арқылы көрсе­тіл­ген мемлекеттік қыз­меттер көр­сеткіші 72 процентке артты. Бұл өз кезе­гінде тұрғындардың цифрлық дағ­дыларының жо­ғары­лағанын білдіреді. Сонымен қатар корпорация ТМД елдері арасында алғашқы болып мемлекеттік қызметтердің про­активті қағидатын енгізіп отыр. Оңтайландыру аясында іске қосылған жоба арқылы проактивті форматта туу туралы куәлік рәсімдеуге болады. Жоба іске қосылғалы бері облыс бойынша сәбилі болған 6300-ден аса анаға SMS ұсыныс жолданды. Соның негізінде 5 мыңнан астам туу туралы құжат рәсімделіп, балабақша кезегіне 4000 бала тұрды. Жуырда облыстық миграциялық қызмет көрсету орталығының ашылуы көзделуде. Шетелден келген азаматтар бұған дейін салық мәселесі, ЖСН және медициналық анықтама алу үшін бірнеше жерге сабылып, 5-6 күнін жоғалтатын. Енді олар қажетті қызмет түрлерін «бір терезе» қағидаты бойынша  ала алады, – деді А.Бөкенбайұлы.

Филиал директоры бұдан былай көлікті электрон­дық үкімет порталында он­лайн-режимде тіркеуге мүм­­­кін­дік барын жет­кізді. Бұл жаңашылдық қыз­мет алу­шы­лардың уақы­тын үнем­деп ғана қоймай, маман­дандырылған халыққа қызмет көрсету орта­лығындағы кезек­ті азайтуға мүмкіндік береді.

Брифинг барысында цифр­­ландыру жүйесі жем­қор­­лыққа тосқауыл болатыны да айтылды. Расында, мем­лекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру  – заманауи технологияның көмегімен қыз­мет сапасын жақсартып, жем­қорлықтың тамырына бал­та шабуға сеп. Бұл ретте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің мемлекеттік қызметтер бас­қар­масының басшысы Ғалымжан Ілкібаев  «Бүгінде жер және жылжымайтын мүлікті тіркеу мемлекеттік қызметтері «бір терезе» қағи­даты бойынша ХҚО арқылы жүзеге асады. Осы секілді қызметтерді бір жерден алу мүмкіндігі өкілетті органдар мен азаматтар арасындағы тікелей байланыс­ты болдырмайды, сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, әкімшілік кедергілерді азайтады»  деген пікір білдірді.

М.СНАДИНҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<