Депутаттық сауал

352

0

Барлық өркениетті елдер даму стра­те­гиясын айқындап жүйелеу кезінде жоғары білім­нің сапасын бірінші орынға қояды. Өйткені жоғары білім – кәсіби машықтану алаңы. Елба­сы­мыздың бі­лім сапасын көтеру талабы бүкіл білім жүйесіне әсер ететін жоғары оқу орын­дарында қалай жүзеге асырылуда? 

Салыстырмалы түрде алсақ, 1991 жылы 17 млн халқы бар Қазақстанда 55 ЖОО болса(оның екеуі ғана уни­вер­ситет), ал қазір елімізде 128 ЖОО бар (оның 72-сі жекеменшік). Дамыған Европа, Оңтүстік Шығыс Азия елде­рінде 320 мың адамға бір жоғары оқу орнынан келетін болса, бізде 141 мың адамға бір жоғары оқу орнынан келеді. Алайда біз жоғары оқу орны­ның саны жөнінде дүние жүзі бойынша алдыңғы орынға шық­қанымызбен, сол беріліп жатқан білімнің сапасы сын көтермейді. Жоғары білім беретін көптеген оқу орын­дарындағы болып жат­қан келең­сіз­діктер мен білім сапа­сының төмен болуына не себеп?

Оның негізгі себептері мыналар. Біріншіден, ком­мер­циялық ЖОО-ның көпшілігі сапалы білім бере алмай, тек қаржы жинау құралына айна­лып отырғаны шындық. Был­тырғы жыл­дан бастап, Ұлттық тестілеуден 50 балдан төмен алған білім деңгейі төмен мың­даған талапкерлер жыл бойы үш реттен тест тапсырып оқуын жалғастыра беретін болды. Бұл талап­керлер негізінен он бір жыл бойы мек­тепте нашар білім алғандар, олар ертең қандай мұғалім, дәрігер, инженер бол­мақ? Демек ЖОО-ның  көпшілігі сапа­лы білімге емес, тек диплом беруге ма­шық­танып алған.

Екіншіден, аймақтық дең­гей­дегі сұранысқа мән берілмей кадрлар дайын­­далып жатыр. Еңбек ресурстарын дамыту орта­лығының зерттеуі бойын­ша жұмыс беру нарығында қа­зіргі таңда небәрі 30 % жо­ғары білімді ма­ман керек болса, қалған 70 % жұмыс орын­дарына орта-арнаулы коледж­­дерді бітіргендер қажет екен. Көші-қон комитетінің мәлі­ме­тіне сүйенсек соңғы жеті жыл­дың ішінде елімізге көрші Өзбекстан, Қырғызстан, Тә­жік­стан мемлекеттерінен 6 млн еңбек ми­гранттары келіп, құрылыс, ауылшаруашылық, тұрмыстық қызмет көр­сету салаларында жұмыс жасап, осы бос орындарды толтырған.Біз жыл сайын мемлекет және ата-аналардың қара­­жатының есебінен қазіргі нарыққа қажет емес он мыңдаған жоғары білімді мамандар даярлап, жұ­мыс­сыздар са­нын қолдан көбей­тіп отырмыз. Жы­­лына бітіріп жатқан осыншама жоғары білім­ді дипломы бар мамандар эконо­микамызға қажет пе? Бұл мәселені кім реттейді?

Үшіншіден, 2018 жылы жо­ғары білімге бөлінген қаржы ІЖӨ 0,35 % құраған, ал эконо­ми­калық ынтымақ­тастық және даму ұйымы елдерінде (ОЭСР) бұл көрсеткіш 1,6 % құ­райды. Мысалы, еліміздегі Ұлттық Уни­верситеттерде мемлекеттік грант есебінен білім алатын әрбір студентке жылына 635 800 теңге, ал басқа ЖОО-на 443 300 теңге бөлінеді. Ал бүгінгі қаралып отырған Мәскеу мемлекеттік университетінің Қа­зақстандағы фи­лиа­лында оқи­тын әрбір студентке бюд­жет­­тенжылына 1 млн 690 мың қаржы береміз. Айырмашылық төрт есе. Сон­дықтан да отандық ЖОО-да жұмыс жасайтын оқытушы-профессорлардың айлығы өте төмен. Мысалы, ғылым докторы, профессор 130-150 мың, ғы­лым кандидаты, Ph.D доктор 80-100 мың теңге көлемінде ғана жалақы алады. Осындай жалақымен күн көріп отырған оқытушылардан сапалы білім сұрауға бола ма? Еліміздің ЖОО-да дамыған елдерге қара­ғанда ғалымдардың саны үш есе аз, материалдық-техникалық база­лары талапқа сай келмейді. Білім беру бағдарламалары ба­рынша жат­танды теория­лан­ды­рылып жұмыс берушілер мен кәсіпкерлермен байла­ны­сынашар, орта мектеп, кол­ледж, ЖОО деңгейлеріндегі сабақ­тас­тық әлсіз. Сондықтан да мектеп бітірген түлек­тер сапалы білім беретін шетелдік оқу орын­дарына кетіп жатыр. Соңғы үш жыл ішінде тек Шығыс Қазақстан облысынан 3 мың жас талапкер Ресей­дің ЖОО түскен.

Төртіншіден, еліміздегі 128 ЖОО-ның 82-сі университет мәр­тебесіне ие екен. Ғылыми жұмыспен айналысатын фунда­менталды классикалық фор­ма­дағы университеттерден бас­қасын про­фильдік бағыттағы институт  не академия ста­ту­сына түсіру тетіктерін жасау қа­жет. Сонымен қатар Әл-Фараби атындағы ұлттық уни­вер­ситетпен Гу­ми­лев атындағы Евразиялық уни­вер­ситеттерінде 40 мыңға жуық бака­лаврлар білім алады. Негізі бұл екі оқу орны магистрлер мен Ph.D док­­тор­ларды даярлайтын ірі ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын оқу орындары болып, бакалавр маман­дық­тарын негізінен өңірлердегі оқу орындары дайындаулары керек.

ЖОО-дан кейінгі кәсіби оқу бағ­дарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі ережесіне сәйкес (2013 ж. 15 қаңтар) – Докторанттар контингенттерін қалып­тастыру мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде жүзеге асы­ры­лады деп белгіленген. Алайда бұл қабылданған ереже бұзылып, док­то­рантурада еліміз бойынша ақылы негізде 1000-ға жуық азаматтар оқиды екен. Шынайы ғалымдарды қаржы төлеу арқылы жасай алмаймыз. Енді осылай кете берсек, он жылдан кейін билікте, бизнесте жүргендердің көбісі Ph.D доктор болып шыға келеді. Бұған тоқтам жасауымыз керек.

Білім және ғылым ми­нистрлігі – қасиетті орта. Бұл бүкіл жас ұрпақтың тағдыры ай­қындалып, шешілетін жер. Бір мәселенің басы анық – бү­гінгі күні білім сапасы – тек бір ми­нистрліктің ғана міндеті емес, жалпы бұл ұлттық мәселе. Сондықтан да соңғы кездерде жетілмеген үздіксіз рефор­малардың жетегінде жүрген осы саланы дұрыстауға, құрметті Күләш Ноғатайқызы – сіздің тәжірибеңіз бен білімділігіңіз жетеді деп ойлаймын.

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

ҚР Парламенті 

Сенатының депутаты.

25.ІV.2019ж. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<