Дәулет пен сәулет

339

0

 Күнделікті қарбаласпен жүріп, кейде қаламыздың қалай өзгеріп жатқанын байқамаймыз. Ал бірақ туған қаласында соңғы 4-5 жылдай болмаған қызылордалықтар азғана уақыттағы оң өзгерістерді айтып, таңдай қағып  жатады. Сондай-ақ қала қонақтарын Сыр елінің бас шаһарының көркі тамсандырмай қоймайды.

Соңғы уақытта Қызылорданың архитектуралық келбеті жаңарып, тарихи орындар қайта жаңғырды. Демалыс алаңдары, сансыз ғажап гүлдер аллеясы, «Сарқырама» арнасы, тынығу жағажайлары, сәулетті үйлер, түрлі-түсті жарық шамдары мен көше бойында тізілген тал ағаштары қаланың көркін асқақтатып-ақ тұр. Көрікті жерлердің тағы бірі – «Жібек жолы» даңғылының бойы. Онда ою-өрнектермен безендірілген қазақтың қара домбырасы, қошқар мүйіз мүсіндерін кездестіресіз. Қасиетті қара шаңырақтың бейнесі де жол жиегінде орналасқан. Мұның бәрі – қазақы құндылықтарымыздың айқын көрінісі. Биыл қос ғасырлық тойын атап өткен шаһарда көп­қабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, ойын-сауық және бизнес орталықтардың қатары артып келеді.

Айтпақшы, «Жібек жолы» дегеннен шығады,  соңғы екі жылдай уақыт ішінде осы даңғыл бойындағы үлкен нысанның құрылысы талай қызылордалықтың назарын өзіне аудартқаны белгілі. Оларды әркез «бұл не ғимарат  болды екен?» деген сансыз сауал да мазалаған болар. Міне, биыл бұл нысанның құрылысы аяқталып, «ARAY CITY MALL» деп аталатын ірі сауда ойын-сауық орталығы ашылды. Еңселі ғимарат бірден осы аумаққа жаңаша рең қосып, өзгертіп, шырайландырып жіберді. Шынын айтқанда, оның пайдалануға берілуі әрбір қызылордалыққа өзінің туған қаласы үшін мақтаныш сезімін ұялатты десек қателесе қоймаспыз. Өйткені, кім өзінің туып-өскен ша­һарының көркейгенін, ұлғайғанын қа­ламайды дейсіз. Ал кез келген қа­ланың келбеті жақсаруына ті­ке­лей әсер ететін ол жаңа құрылыс алаңдары.

Сөз жоқ, Қызылорда қаласы жыл өткен сайын көптеген жаңа құрылыс нысандарының  пайдалануға берілуі нәтижесінде жақсарып, жасарып келеді. Тек биылдың өзінде жоғарыда атап өткен сауда орталығынан бөлек, «SMALL» сауда желісінің кезекті орталығы, үш қабатты «ЭВРИКА» сау­да үйі, Астана даңғылының бойында орналасқан сүт өнімдері бағытындағы «BALQAIMAQ» дүкені ашылды. Сондай-ақ «Жанар-ай» оқу орталығы мен қонақ үй кешені пайдалануға берілді. Осылайша қызылордалық кәсіпкерлер  ашқан жаңа нысандар қала келбетін көркейтуге үлестерін қосуда. Ал Тасбөгетте 140 орындық жаңа балабақша пайдалануға беріл­ді. Бұл нысандарда жаңа жұмыс орындарының ашылуы ол бөлек тақырып. Ең маңыздысы, жыл басынан бері қала кәсіпкерлерінің қаражаты есебінен жалпы құны 7 млрд 436 млн теңгені құрайтын үлкенді-кішілі 67 кәсіпкерлік нысан іске қосылып, онда жаңадан 1219 жаңа жұмыс орны ашылды.

Жалпы  облыста жүргізіліп жат­қан құрылыстардың басым бөлігі Қы­зылорда қаласына тиесілі. Сө­зі­міз дәлелді болу үшін цифр­лар­ға жүгінейік. 2018 жылы облыс орталығында атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 24 млрд 923 млн теңгеге жетті. Бұл аймақтағы құ­рылыс жұмыстарының 36,7 процентін құрайды. Сыр елі бас шаһарының ажа­рын ашуға тек жаңа нысандар мен ғимараттардың пайда болуы ғана үлес қоспаса керек. Осы ретте инфрақұрылымдық желілердің жа­ңа­лануы да аса маңызға ие. Онсыз қаланың тыныс-тіршілігі маңды­майтыны белгілі. Бұл ретте тағы да цифрларды сөйлетуге тура келеді.

Қаланың инженерлік-коммуни­ка­циялық инфрақұрылымын дамыту және жайластыру мақсатында «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде рес­публикалық, облыстық және қалалық бюджеттерден барлығы 2 млрд 785,8 млн теңге бөлінді. Ал «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы 13 жоба бойынша республикалық бюджеттен бөлінген 1 млрд 584 млн теңгеге 10 шақырым ауыз су және 7 шақырым кәріз су құбырлары қайта жаңғыртудан өт­ті. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы шеңбе­рінде республикалық бюджеттен Қызылорда қаласы «Мерей» және «Ақ­ме­шіт» шағын ауданындағы кәріз желісін қайта жаңғыртуға 542,3 млн теңге, қоса қаржыландыруға облыстық бюджеттен 44,4 млн теңге бөлініп тиісті жұмыстары жүргізілді. Жол жөндеу жұмыстары бойынша жалпы ұзындығы 98,6 шақырымды құрайтын 114 көшеге республикалық, облыстық және қалалық бюджеттен барлығы 2 млрд теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды. Жөндеуден өткен көшелер қала сәнін арттыра түсуде.

Ең бір қуанарлық дүние, ол соңғы жылдарда жанданған тұрғын үй құрылысы биылда қарқынынан жаңылған жоқ.  Бүгінде қаламызда 152,6 мың шаршы метр болатын 2 мың 52 пәтерлік 46 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Оның ішінде жеке инвесторлардың өз қаржысы есебінен 1272 пәтерлік 31 көпқабатты тұрғын үй, мемлекеттік бағдарламалар арқылы 780 пәтерлі 15 көпқабатты тұрғын үй бар. Қазіргі таңда жеке инвесторлардың өз қаржысы есебінен 754 пәтерлік 20 көпқабатты тұрғын үй құрылысы аяқталды. Баспаналы болған қаншама адам қуанышқа кенелді десеңізші!

Бір сөзбен айтқанда, күн санап құлпырған, көз алдыңда көркейіп, сәні мен салтанаты жарасқан, 200 жылдық тарихы бар шаһардың келбеті тынысыңды аша түседі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<