Элизабет Тұрсынбаева енді ресейлік бапкерден тәлім алады

235

0

Белгілі мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева енді ресейлік маман Этери Тутберидзеден тәлім алатын болды. Білікті бапкер мен спортшы арасындағы келісімшарт 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасына дейін жасалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордаға келген сапарында Элизабет Тұрсынбаева осындай жаңалығымен бөлісті. Ол Этери Тутберидземен 2012-2013 жылдарда да жұмыс жасаған еді. Одан кейінгі бес жылда канадалық маман Брайан Орсерден тәлім алды.

«Мен енді Этери Тутберидземен жұмыс жасаймын. Бұған дейін Брайан Орсердің ақыл-кеңесін алдым. Алда көптеген жарыстар күтіп тұр. 2019 жылдың 4-10 ақпан аралығында АҚШ-тың Анахайм қаласында өтетін төрт құрлық шеберлерінің басқосуында ел намысын қорғаймын. Одан кейін 2-12 наурыз аралығында Ресейдің Красноярск қаласында студенттер арасында бүкіләлемдік қысқы универсиада жалауын көтереді. Сондай-ақ, 18-24 наурыз аралығында Жапонияда мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты болады. Мен сол жарыстарға қатысуға әзірлік жасап жүрмін», – деді Элизабет Тұрсынбаева.

Элизабет биыл тұңғыш рет ересектер арасындағы қысқы Олимпиада ойындарында бақ сынады. Онда жекелей сында қазақстандық спортшы Элизабет Тұрсынбаева жалпы есепте 12-орын алды. Одан кейін 18-22 қыркүйек аралығында Словакияның Братислава, 4-8 қазан аралығында Финляндияның Эспоо қалаларында өткен Челенджер сериясы бойынша халықаралық турнирлерде жүлдегерлар қатарынан көрінді.

«Элизабеттің осындай толағай табыстарға кенелуіне біздің еліміздің тарапынан үлкен қолдау жасалып келеді. Қызылорда облысы басшылығы оның түрлі жарыстарға қатысуына қамқорлық көрсетеді. Сондықтан жасаған қамқорлығы үшін барлық азаматқа алғыс білдіремін», – деді Элизабеттің әкесі, спорттық менеджері Байтақ Тұрсынбаев.  

Сондай-ақ, биыл сәуір айында Элизабет Тұрсынбаева Қызылордада өз ізбасарларына шеберлік сабағын өткізді. Бұл жолғы сапарында да жас өрендерге тәлім беретін болады.

 

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<