Халықтық ем құндылықтары

430

0

 Назарбаев зияткерлік мек­тебінің 10-сынып оқушысы Әлихан Қалқазбек пен 9-сынып оқушысы Әділхан Әжі­беков түрлі басылымдарда шық­қан халықтық ем түрлері, көріпкелдердің, емшілердің, «отбасы докторларының» күн­делікті пайдаланған ем-дом тәсілдерін 9 кітапшаға жи­нақтап шығарды. 

Халық арасында көп та­рал­ған 54 түрлі науқастың пайда болу себептері мен оны емдеу жолдары жинақ­талған кітап­шалар әрқайсысы 50 да­на таралым­мен орыс ті­лінде жарық көрді. Мұндағы ма­териалдар соңғы 20 жылда түрлі кітап­тарда, газеттерде, журналдарда жа­рия­ланған, атап айтсақ, бірқатар медициналық энциклопедия­лардан, дәрілік шөп­тер, олармен емдеу, дәрісіз емдеу туралы анық­та­ма­лық­тардан, ең сүбелі материалдар «отбасылық док­тор­лардың» «Здоровый образ жизни» (ЗОЖ), «Лечебные письма», «Доктор Айболит» және басқа да дереккөздерінен алынып, онда қандай аурудан қалай жазылғаны, емнің түрі жайлы және материалдардың шыққан жылы, нөмірі және авторлары туралы толық мәлі­меттер берілген.

Мысалы, №9 кітапшада бірыңғай жапон профессоры Кацудзо Нишидің денсаулық сақтау жөніндегі  кеңестері келтірілген. К.Ниши барлық науқастар емделеді дейді және оның пайда болуының себептерін жою, салауаттылықты сақтау, адам организмінің иммундық қабілетін арттырудың жол­дарын ұсынған. Осы кітап­шада сонымен қатар, таби­ғат­ заңдылықтарын тү­­­сініп, оны дұрыс пайдаланып, ауру­дың алдын ала отырып, науқастылықты бол­дыр­мау­дың жолдары көр­сетіледі. Біз пайдаланып жүр­­­ген дәстүрлі медицина ауру­­ды емдеуді үйретсе, Ниши жүйесі оның себебін анықтап, оны әу бастан болдырмаудың жол­дарын ұсынады.

Қалған 8 кітапшада күн­делікті өмірде көп кездесетін 54 аурудың қалай пайда бола­тындығы және оны емдеу тәсілдері келтірілген. Жас ізденімпаздар еңбегі оңай әрі жеңіл оқылады, қолдануға ың­ғайлы. Атап айтқанда, №1 кітапшада 7 ауру жайлы баян­далған, олар: радикулит, остеохондроз, подаг­ра, геморрой, диабет, ЗОБ, омыртқа мен буын аурулары болса, №3 кітапшада жүрек-қан тамырлары аурулары, ал №7 кітапшада асқазан-ішек ауру­ла­рының пайда болуы мен оны емдеудің халықтық тәсілдері жинақталған.

Кітапшалардағы ұсынылып отырған емдеу тәсілдері ем­деуші дәрігерлермен келісілуі керек және медициналық ме­ке­мелердің жүргізетін ем-домына қосымша есебінде пайдаланылуы мүмкін.

 

А.ЖҰМАТОВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<