Инвестиция тарту игілікті арттырады

883

0

Экономиканы дамыту үшін тікелей инвестицияға басымдық беру маңызды. Өйткені инвестиция – кез келген экономиканы алға жылжытушы. Бұл туралы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың жетекшілігімен өткен инвесторларды тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі өңірлік кеңестің отырысында айтылды.

Аймақ басшысы атап өткендей, биыл өңірге 230 миллиард теңге инвес­тициялық қаражат тарту жоспарланған. 11 ай қорытындысы бойынша 239,4 млрд теңге инвестиция тартылды.

– Президент Жолдауынан туын­дайтын негізгі міндеттердің бірі – әлемде қалыптасқан жаңа ахуалға қарамастан елге инвестиция әкелу. Үкімет пен облыс әкімдігі арасындағы меморандумға сәйкес біздің облысқа биыл 230 млрд теңге инвестиция тарту межесі бекітілген болатын. Жыл соңына дейін жоспарды артығымен орындаймыз. Сонымен бірге «Облыстың 2023 жылға дейінгі экономикалық даму» жоспарында 265 инвестициялық жоба қамтылды. Жоспар аясында биыл 28 млрд теңге инвестицияны игеру және 110 жобаны іске қосу жоспарланды. Бүгінгі күні оның 89-ын іске қостық, –  деді облыс әкімі.

Әрі қарай кеңес отырысында 5 мәселе қаралды. Өңірдің бірқатар қаржы институттарының 2020 жылғы жұмыс қорытындысы және 2021 жылға арналған жоспары туралы  есебі тыңдалды. Қызылорда облысы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ директоры Ерлан Түктібаев пен «Халық банк» АҚ аймақтық филиалының директоры Алмат Данкенов облыста 47 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейтінін, бұл республика бойынша ШОБ субъектілерінің жалпы санының 3,5 процентін ғана құрайтынын айтты. Бұл нысандарда 92 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Жеңілдетілген несие беру бағдарламасы аясында жыл басынан бері облыста жалпы сома­сы 3,9 миллиард теңгеге 1068 жоба қар­жыландырылған. 1 қарашадағы жағ­дай бойынша жалпы сомасы 51 мил­лиард теңгеден асатын несие қол­дау тапқан. Нәтижелі жұмыспен қам­туды және жаппай кәсіпкерлікті дамы­тудың «Еңбек» бағдарламасы аясын­да 1 миллиард теңге сомасына 127 кәсіпкер қаржыландырылды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының» об­лыстық филиал директоры Ерлан Түктібаев осыны алға тарта отырып, пандемия уақытындағы күр­делі жағ­дайға қарамастан, негізгі көр­сеткіштер мен жобаларды қолдау бағытындағы жұмыстар былтырғы межеден төмен еместігін атап өтті.

Шиелі ауданындағы «Балауса фермасы» серіктестігінің Бала-Сауыс­қандық кен орнындағы қара тақта тастарды автоклавты өңдеу жобасы қаралды. Серіктестік директоры Андрей Кузнецов мұнай нарығындағы ахуал мен пандемияға сәйкес жобаны ілгерілету жұмыстары кешігіп жатқанын алға тартып, кен өндірудің жоспарланған көлемін бірнеше жылдарға ауыстыру мәселесін қозғады. Жиында облыс әкімі жобаның баяу жүріп жатқанын және кезеңдік жұмыстардың тек бірінші кезеңі ғана іске асқанын назарға салды. Егер жоба әрі қарай баяу қарқынмен жүретін болса, жобаның экономикалық маңыздылығын ескере отырып, жер қойнауын пайдаланушыны ауыстыру мәселесі қаралатынын қаперге салды.

 Сондай-ақ, облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереевке келер  жылға жоспарланған инвестициялар көлемінің игерілуін бақылауды және келісім-шарттық міндеттемелер орын­далмаған жағдайда қатты пайдалы қазбалар бойынша тиісті ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Басқосуда Жаңақорған ауданындағы «Абдулла» шаруа қожалығының «Бройлер өсіру және тауық етін өңдеу бойынша құс фермасы» жобасы да шет қалмады. Қожалық директоры Әбілхан Тәжімбетов ферма құрылысы 2021 жылдың қыркүйек айында іске қосылатынын баяндады. Облыс әкімі өңір халқының құс өнімдеріне қажеттілігі жылына 13,6 мың тонна құраса, қазір қажеттіліктің небәрі 3% ғана қамтылатынын еске салды.

– Егер де құс фабрикасының жо­басы іске қосылса, өңірдегі құс етіне қажеттілікті 3%-тен 33%-ке дейін арттыруға мүмкіндік бар. Бұл ретте облыстық кәсіпкерлік және туризм басқар­масының басшысы Фердауси Қожа­бергеновке жобаға қажетті ин­же­­нерлік инфрақұрылым жеткізу мәсе­лесін «Бизнестің жол картасы –  2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында қарастыру үшін жоба-сметалық құжат­тамасын әзірлеуді тапсырамын,  – деді облыс әкімі.

Мұнан бөлек, кеңесте Шиелі ауда­нындағы «Мөлдір және К» серік­тестігінің «Құс фабрикасын кеңейту» жобасы қаралды. Кәсіпорын 2016 жыл­­дан бері жылына 15 мың дана жұ­мыртқа өндірумен айналысып ке­леді. Жалпы облыстың жұмыртқаға қажеттілік көлемі жылына 179,1 мың дананы құрайды. Өндіріс орны халық сұранысының маусымдық жағ­­дайға байланысты 4,8 бен 8,3% ара­лығында қамтып отыр. Аймақ басшысы тиісті сала басшыларына құс өндіру жобаларын мемлекеттік қолдау шараларын алуы үшін Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізу жұмыстарын жүргізуді, мемлекеттік қолдау шарасы ретінде жер телімін бөлу мәселесін қарастыруды жүктеді.

Кеңестің күн тәртібіндегі соңғы мәселе – «Дана кварц» серіктестігінің «Айна өндіру» инвестициялық жобасы. Кәсіпкер Мамадияр Қадырбеков келесі жылы іске қосылатын шыны зауы­тының айналасында шыны өндіру арқылы шикізат алу және жаңа технологияны енгізуді қолға алатынын, жобаны «Байқоңыр» ӘКК» акционерлік қоғамымен бірлесіп жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын жеткізді. Облыс басшысы тиісті басқарма басшыларына жобаны Өңірлік үйлестіру Кеңесінің қарауына шығарып, Картаға енгізуді, жоба бастамашысымен бірлесіп, жер­­дің рәсімделуін бақылауға алып, қар­жыландыру мәселесін пысық­тау­ды тапсырды. Сондай-ақ, барлық жоба­лардың тиімділігіне сараптама жасау және кәсіпкерлерге жұмысты шира­ту қажеттігін айтып, берілген тапсыр­малардың орындалуын бақылауды орынбасары Нұрлан Тілешевке жүктеді.

Мөлдір Қалымбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<