Әкімнің жұмысы оң бағаланды

283

0

Өткен кезеңмен салыстырғанда Арал ауданында қай салада болмасын ілгерлеушілік байқалады.  Әрине, теңіз төскейінде ешқандай шешімін күткен мәселе жоқ десек, артық айтқандық болар  еді. Алайда, нәпахасын теңізден айырған іргелі қауымның ата қонысынан үдере көшкен  жылдары  көрген түстей артта  қалғаны да, тұрғындар көкейіндегі түйткүлді түйіндердің кезең-кезеңімен тарқатылар шағы алда болар үміті де бары жалған емес.  

Аудандық мәдениет үйінде өткен жылғы атқарған жұмыстарды ортаға салған Арал ауданы әкімі Мұхтар Оразбаевтың есебіне тұрғындармен қатар облыс әкімінің  орынбасары Бахыт Жаханов, бірқатар облыстық басқарма басшылары мен мамандары, облыстық, аудандық БАҚ өкілдері, аудан активі және  тұрғындар қатысты.

Өз баяндамасында есепті мерзімде теңізді өңірдегі тындырылған тірліктер мен алдағы жоспарларды кеңінен бөліскен М.Оразбаев  ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайына тоқталып, Елбасының биылғы Жолдауынан туындап отырған міндеттерді орындау жолдарын тереңдете  жеткізді.

Әкімнің айтуынша,  «Арал ауданының экономикасын дамытудың 2017-2019 жылдарға арналған Жол картасы» бойынша  ауқымды жобалар атқарылған. Оны ауданға жыл басынан бері 28,6 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылуынан аңғару қиынға түспейді. Өткен жылы өнеркәсіп орындары 15,3 млрд теңгеден артық өнім өндіріп, салыстырмалы көлем индексі 112,3 пайызды құраған.  734,9 мың тонна тұз қазылып қазылып алынса, 242,4 тонна йодталған тұз өндірілген. Оған қоса,  балық,  ет, нан және нан өнімдері,  кварц топырағы халық қазынасына айналды. Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына ауданнан 1,8 млрд  теңгенің 4  жобасы енген. Бұған  дейін 3 жоба  жұмыс жасап  келген болса, ағымдағы жылы «Қазақстан Аквакультура» ЖШС-нің «Балық қабылдау және өңдеу цехы» жобасы іске қосылатын болады. Арал ауданының индустриялық аймағында жалпы құны 239,8 млн. теңгені құрайтын 3 жоба іске асырылып жатқанын атап кету ләзім. Мұнан өзге жуырда өңірлік индустрияландыру картасына және индустриялық аймаққа жылдық қуаттылығы 130 мың тонна дайын өнімді өндіретін «Qazaq Camel» ЖШС-нің «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау» жобасын енгізу  жоспарланған.Теңіз төскейінде «дала кемесі» атанған ойсылқара түлігінің өсіп-өнуге бейімділігін  ескерсек, жобаның маңыздылығы да  айқындала түседі.

Тұрғындардың тұрмыс-тіршілігінің деңгейін салынған құрылыс нысандары паш етіп тұрғандай.  Жыл басынан 167 жеке тұрғын үй пайдалануға берілсе, 9 жоба іске асырылуда. Олардың қатарында Арал қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигонның, 250 орындық оқушылар үйінің, Сексеуіл кентіндегі 40 төсектік аурухана құрылысы биылғы жылға өтпелі болса, Сексеуілдегі № 231 орта мектепке қосымша 100 орындық оқу корпусының құрылысы, Шижаға елді мекенінен жаңадан бой көтерген мәдениет үйінің құрылысы және Сексеуіл кенті мен Сазды елді мекендеріндегі биотермиялық шұңқырлардың құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы Арал қаласынан «Құқықтық қызмет көрсету орталығы», Сазды, Шөмішкөл, Қосаманнан елді медициналық бекеттер салынып, ел игілігіне берілсе, №83 орта мектебінің қосымша құрылысына және №13 орта мектебіне ағымдағы жөндеу жасалған.

Аудан аумағынан өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік көлік дәлізі бойынан 3 жол бойы сервистік нысандары қызмет көрсетіп келсе, оған қосымша жеке кәсіпкерлер Г. Жұмағазиева (нысанның І қабаты іске қосылған) мен Т. Абибуллаевтың «С» санатты сервистік нысандары биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ, аталған автокөлік дәлізі бойынан жеке кәсіпкер Т. Жалғасбековтың бастамасымен «С» және «Д» санатындағы жол бойы сервистік қызмет көрсету орталығының құрылыс жұмыстары жүргізілудеБағаны тұрақтандыру-қоғамдағы басты мәселе екені басы ашық жайт. Бұл тұрғыда ел азаматтары да  қол қусырып отырмаған сыңайлы. Осы бағытта әлеуметтік маңызы бар  негізгі азық-түліктің бағасына мониторинг жүргізілуде.

Аудан аумағында балық шаруашылығы үшін маңызды Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені және 20 көл бар. Теңіз төскейінде жылдық қуаттылығы 19900 тоннадан асатын 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді.  Аталмыш зауыттардың тең жарымы балықты тереңнен өңдесе, қалғаны балықты қатыру, мұздату, ыстаумен  айналысады. Сондай-ақ, «Арал балық өңдеу зауыты» ЖШС-і мен «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС-гі  Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін «Еврокод» белгісін иеленген. 2019 жылы балық өнімдері  Ресей, Қытай, Германия, Польша, Нидерланды, Грузия, Украина, Азербайжан, Қырғызстанға  экспортқа шығарылыпты.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың жылдық есебі барысында тұрғындар тарапынан қойылған көптен бері шешімін күткен   Арал қаласындағы темір жол үстінен аспалы көпір салу, аудандық маңызы бар «Қаратерең-Жаңақұрылыс» бағытындағы автокөлік жолы, Сексеуіл кентін газдандыру басқа да өзекті мәселені қамтыған сауалдар мен ұсыныс өтініштер қозғалып, оған аудан басшысы толыққанды жауап қайтарды. Жиын соңында аудан әкімнің жыл көлемінде атқарған жұмыстары оң бағаланды.

Жұмабек Табынбаев.

Арал ауданы.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<