Санжар Сұлтанғазы – Жетісу облысы, Алакөл ауданына қарасты Бұлақты ауылында дүниеге келген. Жетісу облыстық «Jetisý» газеті веб-сайтының журналисі. «Апа, сен болмасаң…» атты жыр жинағының авторы. Қазақстан Жазушылар Одағы «Жазушылардың Әдеби шеберлік мектебінің» түлегі.
* * *
Көке, ауылға қайтайық биыл енді,
Биыл ауыл қарттарын жиі көмді.
Сиыр өлді, қара атың қалып қырда,
Ескі қосың өзгенің үйі болды.
Ол да кетіп, тағы да алмасады ел,
Тіршілік қой, қайтеді, жалғасады ол.
Сары уайымға салынбас едім ғой мен,
Сағыныштан өзгесі қалмаса егер.
Сағыныштан өзгесі бос ой демек.
Бала шақ та айтпады есейме деп.
Қарғыс сынды қаладан қажығанда,
Қарғам-ау деп қоятын шешей де жоқ.
Қаймақ қандай тәтті еді, қаспақ неткен.
Құрбы ұялып сүйдірмей қашпақ беттен.
Ойдым жолға түсіп ап орағытқан,
О, неғылған жүрек бұл тас боп кеткен?
Тас боп кеткен жүректі ая, құдай,
Қайда барсам жанға мұң таяды ұдай.
Итсің десем өкпелеп қаласың, рас,
Мен өкпелеп көрмеп ме ем, әй, өмір-ай…






