Конституция

Экран алдындағы балалар

4

0

Күні кешегі бір отырыста пайғамбар жасындағы атаның «екі немерем көзден кетті» деп тосыннан бастаған сөзіне бәріміз аң­тарылып қалдық. «Телефон бәле болды…» деп әрі қарай жалғастырды, әңгіменің төркіні түсінікті болар. Расында, бүгінде баламызды кім тәрбиелеуде, өзіміз бе, өзгелер ме? «Әрине, өзіміз!» деп ауыз толтырып айта аламыз ба? Ендеше, неліктен бұл мәселе бүгінде өзекті өртеп, көзден айырып жатыр? Азаннан кешке дейін ұрпақ тәрбиесі айтылып-ақ келеді. Үйде, көшеде, емхана, асхана, жол-жөнекей буыны қатпаған баланың екі көзі анасын емес, телефонды іздеп, қолына бермесе жылап қоя беретініне куәміз, бірақ соған ден қойып, мән бермейміз. «Мультфильм көрсін» деп жанды жұбатамыз, құлақты тыныштандырамыз. Алай­да ұрпағымыз көзіміздің шырағы ма, ға­ламтор шырмауында ма? Күні мен түнін әлеуметтік желіге байлайтын ұл-қызымызға ұлағат болатындай өзіміз қандай амал жасап жүрміз? Балалар контентін молайтқан дұрыс па, интернеттен ажыратқан дұрыс па? Жалпы, ғаламтордың ғаламатынан қалай арыламыз, экран алдындағы балалар мәселесін қалай шешеміз, осыған тоқталайық.

Бұрын дала баласына алақандай ауылдың ақ сақалды атасы, ақ жаулықты әжесі, тақиялы әкесі, текті анасы, мәдениетті мектебі, мәр­тебелі мұғалімі ықпал етсе, қазіргі қала баласына танымдық теледидар, ғажайып ғаламтор, модернді мультфильмдер, озық он­лайн ойындар қызық. Әйелдерге пысық психолог, кәсіби коуч, белсенді блогер, өрелі өнер адамы серпін берсе, ерлер жағы ежелгі әтеш ұрысындай сенімді спортшыларға ақша тігетін болды, яғни ойынқұмарлықты осы жерден бастауда. Бұл аздай, үйдегі баласы ғаламтор кеңістігінде емін-еркін сайрандауы үшін қолдарына қолақпандай кірпіш телефонды ұстатты. Содан болар, кейінгі кезде өз баласына өзі ие бола алмай шағым­данушы әке-шеше қатары тізіле бастады. Өкінішке қарай, бұл шындық, оған тура қарайық. Баланың бірінші ұстазы – әкесі мен анасы, яғни әрбір сөзі, мінезі, қылығы, ісі, амалы, әрекеті, тұрмысы, салты ақ қағазды санасына түсетін сиясы қанық алғашқы жазулар. Содан кейін досы, жан-жағы, айналасы, ортасы – бағыт-бағдар. Осы тұста ата-ананың жіберетін бірінші қателігі – «баланы мектеп тәрбиелейді» деген ойы. Айналайын ата-ана, баладан бұрын өзіміз қателеспейік, мектеп – білім ордасы, мұғалім – білім иесі, тәртіпке бағыттаушы. Бұдан басқаға міндетті де, жауапты да емес. Сол сияқты, баланың досы – кез келген ортаға бейімдеп, жақсы-жаманды сіңіртіп, дағдылан­дырушы. Бұл да – жіті қаралатын мәселе.

Ғаламтор балаға не беріп жатыр? Қазір «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» дегеннің дәуірі өтті. Өйткені, таңның атысы, кештің батысы шуылы басылмайтын үйде тыныштық орнаса, сол үйдің балалары ноқ­тасыз желіге байланды дей беріңіздер. Жуырда мына бір көрініске тап болдым, яғни TikTok желісінде 1000-ға жуық адамға қазіргі келіндер мен енелер жайлы шайпау әңгімемен қарқынды стрим жасап отырған жас келін­шектің артқы жағына көзім түсті. Кішкене қыз баласы құлағына қуатты құлаққапты киіп алып, ноутбукқа телміріп отыр. Ол не көріп, әлемнің қай бұрышында, кімге ұйып, кімді тыңдап отыр, онымен анасының шаруасы жоқ, жұртқа ақыл айтып сайрап отыр. Бұл жерде бәріміз «мультфильм көріп отырған болар» деп ойлауымыз мүмкін. Алайда, жасы 10-ға жетпей, Құдайдың берген күш-қуатын интернетке жұмсауы – көз майын тауысуы, уақытын ысырап етуі. Бала үшін ғаламтор – көктегі айға, аспандағы жұлдызға, ғарыштағы ғаламатқа тең шартарап. Өзін бейтаныс әлемге саяхаттаушы ретінде сезініп, ұтыскер ретінде көруі ықтимал. Бұған дер кезінде шектеу қойылмаса, балаға ата-ана авто­ритет болмай қалады. Жылы ұясын, мектебін, мұғалімін, достарын ұмытса, ғалам­тор басты құнды­лығына айналуы әбден мүм­кін. Одан мінезі мен өмірге деген көзқарасы қалыптасады. Бір сөзге жиғанда, ғаламтор ғаламат ұстазы болады. Сол үшін бүгінгі ата-анадан қайталап сұраймын, балаңызды кім тәрбиелеп жатыр, өзіңіз бе әлде өзгелер ме?

Ата-ананың жіберетін екінші қателігі – балаға отырып алып ақыл айту әрі оны тәрбие деп түсінуі, сөйлейтін сөзі, істейтін ісі, мінезі, қылығы, жүрісі, тұрысы, киім киісі баласына үлгі екенін білмеуі. Салқын ой, құрғақ ақыл бойға жұқпайды әрі тәрбие амалмен жүзеге асады. Ата-ана ең жақын досындай баламен сыр­лас болмаса, біртабан қалыс қалады, тәр­тіпке үйретпесе, бәрінен кеш қалады. Баланың бағдары ата-ана болмаса, көрінгеннің көшіне ілесіп жүре береді. Ал бала үлкен бір кітапты оқып шыққандай, ата-анадан бәрін көріп, біліп шығуы тиіс. Сол үшін қазақ баласының әрбір әке-шешесіне айтарым, сіздер ұрпа­ғыңызға үлгі болмасаңыздар, Құ­дайға шағым айт­паңыздар. Әсіресе, ғаламды уысына жиған ғаламтор орындарыңызды басады. Баланың сөзге құлақ аспауы да дәл осы тұстан басталады.

Шексіз интернетті шегімен қолданған жөн. Иә, кез келген уақытта білім мен ғылым көзін табу, қабілетті арттыру, зейінді жат­тық­тыру, жақсы дағдылар қалыптастыруға пайдасы мол. Алайда, шексіз екен деп, шама­дан тыс қолдану жақсы емес. Мұның да пай­дасыз тұсы бар, яғни баладан бастап үлкен­дерді еріксіз елітетін онлайн ойындар. Оның ішінде баланың қандай әсер алып жатқанын білмейміз. Бір білерім, оқуы нашар­лайды, демалысы азаяды, ұйқысы бұзылады, көз жанары талады, зейіні шашырайды, қабілеті төмендейді, рухы шаршайды, жүйкесі жұқарады. Бұл ештеңе емес, жуырда жекеме шыққан бір ананың жан айқайына куәмін. Он үш жастағы қызы TikTok желісі арқылы трансгендерлерді күні-түні көріп, олардың арсыз қылықтарына өтіп, өз-өзіне қастандық жасаған. Бұл – баланың бақылаусыз қалуы, білместікке өтуі, жаманды қабылдауы, оны дұрыс көруі. Бұдан басқа агрессия мен кибербуллингке тап болуы, жасына сай емес контенттерді көруі жүйкесіне, мінезіне, өміріне әсерін тигізеді. Бәрінен бұрын, ғаламтордың қасіреті – соған тәуелді болуы. Сол үшін әрбір ата-анаға ұсынарым – баламен үнемі ашық сөйлесіп, жиі диалог құрып, түсінігіне сай интернеттің пайдасы мен зиянын айтып, дұрыс қолдануға бағыттаса екен деймін. Тіпті қолдану уақытына шектеу қою, қауіпсіздік фильтрін орнату немесе қажет болғанда қолдану не болмаса бірге пай­далану да артық емес. Мұндайда ата-ананың өзі телефонға үйір болмауы – балаға үлгі.

Қазір сәбиден бастап бес жасар баланы экран алдынан көп көреміз, оның зиянына мойын бұрмаймыз. Балалық шақ – нағыз асыр салып ойын ойнайтын кез. Қазіргі балалар керісінше, далаға шықпайды, ауылды ұмытты, кітап оқымайды, лагерьге бармайды, ойын ойнамайды, телефон шұқылайды, бала да ты­ныш, үйдің іші де тыныш. Сондай-ақ көшеде, емхана, шаштараз, кафе, көпшілік орындарда жылаған баланың көңілін аулап, назарын аударып, ауызын жабу үшін алдына телефон ұсыну дәстүрі пайда болды. Құйта­қандай балаға әлі келмей ме, жұбатуға еріне ме, әйтеуір, мұны уату тәсілі ретінде пайдаланады.

Сіздерге өтірік, маған шын, немере бағып отырған жас әжемен бейнеқоңырау арқылы сөйлескенде, артқы жағынан баланың тасыр-тұсыр жүгіргені, күліп-ойнағаны, заттарды төгіп-шашқаны, үйдің астаң-кестеңін шығар­ғаны, «далаға шығам» дегені, оған әжесінің күйіп-піскені байқалатын. Кейін дыбыстар бірте-бірте азайып, естілмей қалды. Соңында «Немереме бір рет телефон көрсетіп едім, содан шығара алмай әлек болып жүрмін» деді. Көңілге тимесін, кеше ғана дүние есігін ашқан балаға телефон ұсыну – ақымақтық.

Елімізде психикалық дамуы, сөйлеуі кешеуілдеген балалар саны өршіп тұр, неге, себебін анықтадық па? Өйткені, баламен қарым-қатынас азайды, «тыныш болсын» деп экранды алдына тоса салады. Әрине, бұдан басқа биологиялық, медициналық себептер баршылық, алайда, түпкі себебіне осы екеуі негіз. Мәселен, тоғыз ай анасының жүрегін тыңдаған бала бөгде тілдегі экранды көреді. Миы қабылдауы мүмкін, бірақ тілін түсін­бейді, сөйлесе алмайды, диалог құра алмайды, тек пассивті тыңдаушы болады. Баланың тілі қозғалысқа түспейді, сөйлеу қатынасы шектеулі. Ол робот емес, керек кезде батыр­масын басып сөйлететін, керек емес кезде өшіре­тін. Сол үшін бүгінгі жас ата-анаға айтарым, баланың дамуын құрсақтан бас­таңыз­дар, бала бәрін іште жатып сезеді, ести­ді, ұғады, түсінеді. Ал жарық дүниеге келгенде ал­дарынан телефон, планшет, теледидар шығады. Бұл техникалар болмаған дәуірде:

Әлди, әлди ақ бөпем,

Ақ бесікке жат бөпем,

Ай арбамен жетіпті,

Күн ұйқыға кетіпті.

Жұлдыз кіріп кетер деп,

Қақпаларын бекітті.

Лә илләһә иллалла,

Иллаллада пайда бар.

Мұхаммедтің үмбеті,

Осындай бала кімде бар? – деп, аналарымыз бесік жырымен белеске шығарды емес пе?

Үйдегі бала интернетті қолдану ретін білмесе, демек отбасыда тәртіп жоқ деген сөз. Сол үшін, ғаламтор уақытына шектеу қою керек, сабағына қажет материалды іздеп табуға 40 минут, 1 сағат жеткілікті. Ал жасөспірім мен жеткіншекке 1,5 сағат әрі жауап­кершілікке үйренгені жөн. Сондай-ақ жеке деректерді жарияламау, белгісіз сілте­меге өтпеу, бөгде адаммен сөйлеспеу, кибер­буллинг, жалған ақпарат туралы білуі тиіс.

Кибербуллинг – интернет арқылы біреуді мазақтау, қорлау, қорқыту, мұны баланың өзі жасамауы әрі соған ұрынбауы керек. Себебі, жарақаты дерттен де ауыр, өз-өзіне қол жұмсауы ықтимал. Мұның бәрі – баланың қауіпсіздігі үшін жасайтын ата-ананың жауап­кершілігі. Сол сияқты, бозбаланың интернетті пайдалануы дұрыс, бірақ, саналы қолданушы­ға айналуы үшін бәрібір қадағалауды қажет етеді, 2 сағат жеткілікті. Дәл осы тұста ата-ана мен бала арасында жалған сұлулық, алаяқтық схемалар, ақпаратты сүзгіден өткізу, сыни көзқараспен қарау бағытында пікір алмасулар өте-өте қажет. Ең бастысы, интернет досы, дұш­паны, ұстазы, сөйлеп тұрған тірі адам емес, бар болғаны нейрожелі екенін ұғынғаны жөн.

Ал енді түнімен түрлі әлеуметтік желіге жіпсіз байланатын ұрпағымызға ұлағат бола­тындай өзіміз қандай амалдамыз? Мысалы, бала әкесінің бір ісін, анасының бір қылығын іліп алады, ағасына еліктейді, інісінен үйренеді, яғни бала келешегіне қажетті эмоцияны отбасынан алады. Мысалы, кешкі дастарқан басында ойлы әңгімелер айтылса, бала телефонға, теледидарға емес, әкесіне қарап, кітапқа үңілер еді. Ал әке-шеше кітап оқыса, бала білімде жарыскер, ғылымда жеңіскер болар еді. Телефон уақытын шектеу отбасының дәстүріне айналса, бала оны тыйым емес, тәртіп дер еді. Ақылды, ойлы әңгімемен, әсерлі хикаямен, тамаша оқиғамен, керемет мысалдармен жеткізсе, балаға бұл сіңімдірек әрі өтімдірек болады. Бос уақытты баламен бірге жоспарласа, қызықты, пайдалы, алуан түрлі етсе, спорт, қолөнер, театр, тағы басқамен толтырса, телефонға уақыт қал­майды. Ата-ана күніге таң мен кеште алақан жайып, Құдайына қайырылып, дұғасын жасаса, барына шүкірлік етсе, үй іші бұған да дағдыланады. Баланың рухына қорек беретін ата-ананың жанды, мәнді істері – баланың өміріне ұлы тәжірибе. Сондықтан баламыздың өмірі экранның алдында өтпесін ағайын, бұл уақыт қайтып оралмайтын жел тәрізді.

Балалар контентін көбейту керек пе әлде телефоннан толық ажыратқан дұрыс па? Қазір бала түгілі, үлкендер телефоннан ажырамай­ды. Өйткені, сан алуан ақпараттардың көзі, оқу, білім, ғылым, таным, жер-жаһанмен бай­ланысу осы телефонда болып тұр. Сананы жаулап, тартымды дүниеге айналғаны сонша, таңнан тықылдап оятады, түннің бір уағына дейін көз майын тауысады. Өзі сағат, күнтізбе, фотоаппарат, банк, кітапхана, жұмыс, әйтеуір бесаспап. Ақпаратты заматында зу еткізеді, ағайынмен демде байланыстырады, қарым-қатынасты жеңілдетеді, түрлі деңгейдегі қызметтері тағы бар. Бірақ, уақытты жұтады, көзді құртады, ойлаудан қалдырады, меңіреу етеді, осы жағын да ескерген жөн. Олай болса, телефоннан қалай алыстаймыз, не істеу керек? Телефонға байланатын өзіміз, онымен қарым-қатынасты реттейтін де өзіміз, яғни телефонды бір жаққа ысыру, оған уақыт арнамау, түрлі әлеуметтік желіге кірмеу, ояна сала телефонға жүгірмеу, отбасымен таңғы ас ішу, сабаққа, жұмысқа дайындалу, кешкі аста күннің қалай өткені жайлы әңгімелесу, хал-жағдай білісу, ертеңді жоспарлау, телефонды өшіріп жату – тәртіп. Сондай-ақ шынайы қарым-қатынасқа көшу отбасыға өзгеріс әкеледі, яғни бос уақытта ағайын-туыспен араласу, үйлеріне бару, кемтігіне жәрдемдесу, шаруаларына көмек беру, ұйымшылдық таныту – балаға өнеге. Кем дегенде, аптаның екі күнін теле­фон­сыз өткізу – миды тынықтыру, «теле­фонсыз мүм­кін емес» деген ойды санадан өшіру, тәуелді болмауға қадам жасау. Әрине, «Баланы заманына қарай өсір» деген тағылымды да ұмытпағанымыз жөн. Сол үшін балаға интернетті дұрыс пайдалануды үйрету әл­деқайда абзал. Мұндайда сапалы рухани контенттерді көбейткен дұрыс. Әсіресе, қазақ тілді мультфильм, ертегі, мәнді бағдарлама, танымдық ойындардың көбірек болғанын құптаймын. Бәрінен бұрын, балаға шынайы өмірді маңызды етіп көрсету. Мысалы, спортқа бұру, суға жүзу, қазақша күрес, қа­шық­тыққа жүгіру, садақ керу, жамбы ату, бәйгеге шабу, көкпар тарту, аударыспақ, тоғызқұмалақ, асық ату. Сондай-ақ табиғатқа шығу, таза ауада серуендеу, сурет салу, әуен тыңдау, өлең оқу, ән айту, домбыра шерту, өнерге тарту. Осы жерде ескеретін мәселе – баланы еңбекке баулу. Бұл баланың келешегі­не аса қажет, осыған мән беру керек. Демек, ана тілде сөйлейтін, салт-дәстүрді дамытатын, әдеп-ғұрыпты жалғайтын, білімді, білікті, дарынды, талантты, жан-жақты ұрпақ өсіру үшін интернеттің аса бір қажеті шамалы. Сондықтан қадірменді әке мен құрметті аналар, тал шыбықты егетін өзіміз, оны түзу өсіретін де өзіміз. Ұрпағымыз ұлы дүниелер­дің басында болсын, ағайын.

Нұрлан БАЙЖІГІТҰЛЫ,

Ырыскелді қажы мешітінің бас имамы.

Астана