МЕНІҢ ӨМІРІМ
Өмір тартыс, додасында сыналғам,
Сол сынаулар адам етіп шығарған.
Кездерім көп құлаған да, жығылған,
Кім бар дейсің, арманымды ұғынған?
Төрт жасымда айырылғам әкемнен,
Тағдыр солай шертті қатты шекемнен.
Төрт баласын сауысқанға шоқтырмай,
Бар салмақты байғұс анам көтерген.
Менің өмірім кіл ащыдан тұрады,
Көп екен ғой тағдырдың сынағы.
Он сегізде туған ағам қайтқанда,
Аяулы анам ағыл-тегіл жылады.
Менің өмірім қиындықтан құралған,
Он алтымда сырқаттанып сыналғам.
Төрт жыл жатып Ташкентте емделдім,
Сонда маған жар болғаны бір Аллам!
Келдім содан ұзақ жатып емделіп,
Денсаулықта қалған еді жөнделіп.
Армандарды орындауға талпындым,
Анам байғұс, жүрді ылғи дем беріп.
Енді ғана көтергенде еңсемді,
Үйдің тағы шаңырағы теңселді.
Он сегізде қарындасым өрімдей,
Қайтты ол да ғұмыр бітіп өлшеулі.
Анам сонда боз інгендей боздады,
Жанға батты тағдырдың жазғаны.
Ал сонан соң үш жыл салып араға,
Қайран анам, бұл өмірден озғаны.
Қайғы-шерді көтере алмай құлады,
Ауырлықты кешкен жандар ұғады.
Бәріне де жүрек шіркін, шыдады,
Менің өмірім сан қиыннан тұрады,
Сабыр еттім, жақсы күндер туады,
Үміттендім, жарық сәуле шығады.
Осы күні Ұлы Аллаға мың алғыс,
Болады екен күннің түсер шуағы.
Алла солай күн сыйлады жайдары,
Өз бағымда балапандар сайрады.
Ата болдым, Ұлы Аллаға мың алғыс,
Мені осылай өмір сынап, қайрады.
МЕНІҢ МӨЛДІР ӘЛЕМІМ
Менің мөлдір әлемім бар тұп-тұнық,
Ай-жұлдыз да қарайды оған ынтығып.
Туған елдің топырағынан нәр алғам,
Ауыл жайын ұмытпау да мықтылық.
Менің мөлдір әлемім бар қарасаң,
Шағын сондай, үлкен емес орасан.
Айлы түнде жұлдыздарға ғашық боп,
Көмейімнен туындаған жаңаша ән.
Менің мөлдір әлемім бар, гүл еккем,
Жырды баптап жүрегімнен түлеткем.
Патша көңіл адалдықты ту еткен,
Сәл мұңайса қалың ойды түнеткен.
Менің мөлдір әлемім бар, байқасаң,
Ай қараған ғашық көзбен әрқашан.
Алай-дүлей мінезім бар кей кезде,
Ақ дауылдай жыр боратар бұрқасам.
Менің мөлдір әлемім бар әдемі,
Гүлдерді де ғашық етер әлемі.
Таудан аққан таза бұлақ секілді,
Жұмсақтығы ақ мақтаға тең еді.
Менің мөлдір әлемім бар шап-шағын,
Мені әлдилеп оятады ақ таңым.
Пендеге емес, махаббатқа жүгінем,
Онсыз сенің болмас әсте шат жаның.
Менің мөлдір әлемім бар көктемдей,
Рахман нұрға бөлеп мені кеткендей.
Өз бақшамда көгеріп тұр жемісім,
Шүкір Алла, шапағатын төккендей!
Менің мөлдір әлемім бар аспанда,
Ұқсатасың әппақтығын ақ қарға.
Келер жандар әлемімді көруге,
Жыр жұлдызым,
Жарық сәуле шашқанда.
АЛЛА, ӨЗІҢ ЖЕБЕГІН!
Өмірдің ырқына көніп келемін,
Асау мінезге кейде ерік беремін.
Шариғаттың шарттарына сенемін,
Әрқашанда, Алла өзің жебегін!
Елеуіндей бір пендедей еледің,
Құлағанда қолтығымнан демедің.
Сен қолдасаң қиындықты жеңемін,
Болар Алла, сенің әркез дегенің!
Өміріме нұрын төккен Құдайым,
Ұлы Алла жар бола гөр, лайым!
Денсаулығым сыр берсе де шыдайын,
Тағы да бір деген шығар сынайын.
Көтеремін, құлақ кесті құлыңмын,
Ей, жарық күн, қадірінді ұғындым.
Жығылмайтын жерде талай жығылдым,
Кейде өмірден күдер үзіп түңілдім.
Сондай сәтте, Алла өзің демедің,
Талай мені шаттыққа да кенедің.
Сүйенерім, сыйынарым бір өзің,
Демеуші де, қолдаушы да сен едің!
Алла өзің әрқашанда жебегін,
Ал қалғанын маңдайымнан көремін!
ЖҮРЕГІМДЕ САРЫҚҰМЫМ
Ақтөбе мен Асанас, Жеті зауыт,
Біз жеткенше кететін бесін ауып.
Ақ тақыры секілді айдын көлдей,
Алыстан сағымданар төсің анық.
Қызылдың шығатын ек қиясына,
Саяқтың айналған жер ұясына.
Жусаны бұрқыраған қайран далам,
Ештеңе тең келмейтін миясына.
Сарқамыста саршымшық ән салатын,
Сарықұмда сартышқан қарсы алатын.
Сары күзде сарғайған сексеуілдер,
Сағыныштай жаныма ой салатын.
Жүрегім де сақталған Сарықұмым,
Жал-жал биік болатын бәрі мұның.
Карани мен қоян көсік, құмжуасы,
Денсаулыққа пайдалы дәрі-тұғын.
Жейтін-ек, қазып алып осыларды,
Ыстық құм табаныма басылады.
Шыдаушы ек, білінсе де ашығаны,
Бойда қан онан сайын тасынады.
Балалығым ақшағыл құмда өткен,
Сарықұм – көңілімнің асыл әні.
Сарықұм сарытөбе ауылдағы,
Сендерге сағынышым қалыңдады.
Сарыбел сағымдана мұнартады,
Барсам деп көңіл құрғыр құмартады.
ОСЫ ӨЛЕҢ
Аша тұяқ жоқ алдымда айдаған,
Жерім де жоқ меншігімде ой бағам.
Күнкөрісім қоңыр тірлік көнтері,
Секілдімін мен өзімше ойлы адам.
Ысқырығым айналамнан шықпаған,
Дауысымнан үрген ит те ықпаған.
Жел жарардай екпін қайдан болады?
Қонбаса егер мол несібе, құт маған.
Жүгірмеппін дүниені табам деп,
Ойламаппын аш-жалаңаш қалам деп.
Өлеңіме мәз болыппын өзімше,
Биіктерді бағындырып алам деп.
Осы өлең – бар қазынам, байлығым,
Шайлығыма жетпесе де айлығым.
Көңілімді жыр жайлауға семірттім,
Қайран өлең, білдіртпеген қайғы-мұң.
БӘРІНЕН КЕШ ҚАЛЫППЫН
Жастығым қайда кетті жалындаған,
Екпінім көрінбейді арындаған.
Өліарада күн кешкен жандаймын-ау,
Шың басына жете алмай дамылдаған.
Сардаланы аңсаймын сағым буған,
Жігіт ем, жаратылған жалын нұрдан.
Күш-қуат бойымдағы тасып тұрған,
Қайран жастық, асауды бағындырған.
Осылай асау тайды бас білдірген,
Сырымды тарқатайын жас күндерден.
Келмеске кетті білем, қайран жастық,
Кезіміз болған емес, босқа жүрген.
Жігіт ем, жас қайыңдай бүршік атқан,
Самалымен оятқан сыршыл ақ таң.
Асау жүрек, о кезде асау көңіл,
Бойдағы қызу қаным ыршып аққан.
Шөп те ордық қол орақ, шалғыменен,
Өріске мал айдаушы ек алдыменен.
Есейдік еңбек етіп бала кезден,
Ал кешке пада күткен жанды көрем.
Жастық-ай, қараңғыдан қорықпаған,
Жігіт пе, мақпал түнде жортпаған?
Таң ата үйге жетіп құлаушы едік,
Бір күнім босқа өтті деп торықпаған.
Жастық-ай, қызуыңа мастаныппын,
Кететін таңым атса басталып күн.
Бүгін жасар тірлігім ертеңге қап,
Жүргенімде бәрінен кеш қалыппын.
ДОСТАР
Қайран достар, бала кезгі жоқ бүгін,
Ал олардың армандары көп-тұғын.
Қырық жаста сапар шегіп кетті олар,
Қара бұлттай жүрегімді жапты мұң.
Өздеріңсіз өтіп жатыр күндерім.
Талай рет тағдырды тілдедім.
Мен сендерді ауыл жақтан іздедім,
Бейнелерің жүрегімде тұр менің.
Қайран достар, бала кезгі жоқ бүгін,
Жанып тұрған алаулаған от-тұғын.
Кең дүниеге сыймай бәлки кетті ме?
Өздеріңсіз өтіп жатыр көп күнім.
Мұңсыз едік, бала кезде не деген?
Сол мұңсыз шақ қуанышқа кенеген.
Ұрысса үлкендер «адам бол» деп елеген,
Қариялар ол кездегі көреген.
Қайран достар, бірге есейдік бәріміз,
Бірге еді, біздер салған әніміз.
Тәтті еді, сөмкедегі нанымыз,
Бір болатын кеудедегі жанымыз.
Қайран достар, сыныпқа да бір бардық,
Бірге есейіп, жас қайыңдай бүр жардық.
Білім нәрі шуағымен нұрландық,
Еңбек еттік, бос жүргенге арландық.
Өздеріңсіз өтіп жатыр өрім күн,
Көп адамға досы жоқтай көріндім.
Өздеріңсіз сәні келмей төрімнің,
Тарқатылмай сыры қалды көңілдің!
МЕНІҢ АУЫЛЫМ
Менің ауылым – кең даланың бөлшегі,
Үлкен совхоз бола-тұғын еңселі.
Бір кездері Иранбақтай көркем ед,
Меккеге әлі тең көремін мен сені.
Менің ауылым жеті көлден тұрады,
Сол көлдерден ауыл аты шығады.
Маңабай мен Мақпалкөлім тұр әлі,
Сыбызғы үнді сыбдыр қаққан құрағы.
Кенбай көлі, Қайырсуат, Қараой бар,
Көктіңкөлден балық жеген талайлар.
Шошқаөлгенде торала қаз мекендеп,
Тазы алуға жетелеген сан ойлар.
Бола-тұғын жері қалың ну да көп,
Су тартылып қалар деген ойда жоқ.
Бескөлдің де су тартылып сор басқан,
Құйып алар ағыл-тегіл су да жоқ.
Жетікөлім жинағындай көлдердің,
Табиғатың сұлу шақта көргенмін.
Көктем келсе айналаңа әр бердің,
Арнап саған жыр бұрымын өргенмін.
АУЫЛДАСПЕН БІРГЕМІН
Ауылдағы ағайынмен бір едім,
Әр кезде де елді ойлап жүремін.
Бар жақсылық ауылыма тіледім,
Сендерменен бірге соққан жүрегім.
Ой-қырыңды бала кезде шарлағам,
Кербездене қараушы еді паң далам.
Көктем келсе Мақпалкөлде жайнаған,
Өлеңімді туған жерге арнағам.
Ақ айдында аққу жүзген паңданып,
Сұлу бейне қарайтын жұрт таңданып.
Жағалауға қараша үйлер тігіліп,
Жазғы жайлау кететін-ді жанданып.
Әсте ауылдан алыстаған емеспін,
Бала кезде тайға мініп мен өстім.
Есектің де жауыр еттің арқасын,
Бала кезім өтті, кетті елес күн.
Көл жағасы үркітуші ек шабағын,
Арқаласпақ ойнайтынбыз, баламын.
Ондай кезде жайға қалар сабағың,
Ойын десе, ашылатын араның.
Ертеңіне апайдан сыбағаны аламыз,
Жазасының түрі жаман қараңыз!
Тартқылайды құлақты, соққылайды шекені,
Осыдан соң жақсы оқып қаламыз.
Қызық еді балдай тәтті балалық,
Бастан өтті білем талай шалалық.
Елу жылда алмасыпты өмірлер,
Қалыпты ғой адамдар да жаңарып.
Ар ма, ағайын, алдарыңа кеп тұрмын,
Әрқашанда ауыл жаққа бет бұрдым.
Болмасам да найзағайың жарқ еткен,
Азамат боп қалуға мен ұмтылдым!
ЖЕТІНШІ АСУ
Жеті асуға жеттім-ау аман-есен,
Сүре алсаң өмірді болады әсем.
Қанша ғұмыр қалғанын Құдай білер,
Әжім басқан жүзіме қарама сен.
Жетінші белеске аяқ тірегенім,
Жетісіп неменеме шіренемін?
Қадірлейтін кім едім, алдарыңда?
Кітапқа да шықпаған бір өлеңім.
Жетінші асу биік пе, аласа ма?
Ой тастар өремде жоқ қарашаға.
Әйеліммен қоңыр тірлік күн кешемін,
Өрбітіп біз өсірдік бала-шаға.
Көрсетіп елге немді мақтанамын,
Өлеңге жан сырымды ақтарамын.
Сынаулардан тұрады мына заман,
Қызғаншаққа бәрібір ақ-қараның.
Жетпісті әр азамат құрметтеген,
Әйтеуір ешкімнен де сый күтпегем.
Өлеңім – көңілімнің ақ кептері,
Ақ қағазға сырымды өрнектеген.
Жеті асудан алатын сыйым қандай?
Қарай ма қаракөздер қиылғандай?
Кеудеме әсем жырлар құйылғандай.
Тоқырап менің жаным қалмаса екен,
Күн кешейін жақсылық бұйырғандай.
Жеті белес биіктен аса алам ба?
Өмір жүйрік ұқсайды қашағанға.
Жалт бұрылып кетпей ме асау аттай?
Денсаулықтың кей болты босағанда.
Әрең шықтым асуына жеті белдің,
Ауылдан арман қуып кетіп едім.
«Қай ауылдың тумасы» дегендерге:
– Перзентімін жерұйық Жетікөлдің.
ДОСТАРДЫ ЕСКЕ АЛУ
Өткен жылдар жүзімді шиырлады,
Жеңіл өмір жоқ екен қиын бәрі.
Елу жасты тойлаймыз деп жүргенде,
Достарыма елу жас бұйырмады.
Қыршын жас өкінішті… қиылғаны,
Сансыз ой қиялымды шиырлады.
Ұл-қызына той жасап берем деуші ед,
Ол той да достарыма бұйырмады.
Жүрегім оңашада жылап тұрды,
Жауабы жоқ, кеудеге сұрақ тұнды.
Не дейін саған тағдыр тіл жетпейді?
Көңілді қырық жамау құрақ қылды.
Басқосулар біртіндеп алыстады,
Есер шақ естен кетпес алыс қалды.
Сендерсіз мына күндер қызық болмай,
Қиялым желмен бірге жарыспады.
Кластастар мұнан соң жиылмады,
Нарық кеп өмір сүру қиындады.
Екі ғасыр тоғысын көзбен көрдік,
Оны көру сендерге бұйырмады.
Бәрі есімде балалық қылықтарың,
Бірге өткердік қаншама қызықтарын,
Ләңгі теуіп қызарған тобықтарың,
Жан достар, өздеріңді ұмытпадым!
Жігіттіктің бір жүрдік алаңында,
Нұр ойнатып арудың жанарында.
Өлең оқып, ал бірің ән салушы ең,
Жүзіп шығып махаббат аралында.
Сұлуларды қоятын тамсандырып,
Нәзік жанға кететін ой салдырып.
Арулардың алдына ішіп барған,
Танытпаған бірақ та, тарпаң қылық.
Көңілдің басылмаған арындары,
Асау жүрек ол кезде бағынбады.
Өткен шақ осындаймен тәтті шығар,
Жан достар қырға барып дамылдады.
Кенжалы ЕРІМБЕТОВ





