Құрылтай

Жүрегімде бүр жарған жүз бір өлең

6

0

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық Махамбет атындағы сыйлықтың иегері Оңталап Базаралының «101 өлең» атты таңдаулы жыр жинағы жарыққа шықты.

Кітаптың алғашқы беті ақын, Қа­зақстан Жазушылар одағы Басқарма тө­рағасының орынбасары, Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері Қа­сымхан Бегмановтың «Оңталаптың от­ты жыр­лары» атты алғысөзімен ашы­­лыпты.

«О, менің құт мекенім, Шабан түбек,

Түскенде сен есіме қалам жүдеп.

Қоштастым он жасымда өзіңменен,

Мен сенде қала алмадым

табан тіреп, –

деп қонысынан көшкенде жазған өлеңі адам баласын бейжай қалдырмасы анық.

Ақын жүрегі қашан да алаулап тұрады. Ол өлеңді жүрек түкпіріндегі жалынмен жазады, сондықтан да оның жырлары тыңдаушысына тез жетеді.

Биыл зейнет жасына жеткен ақын­ның «101 өлең» атты кітабы жа­рыққа шығып жатыр. Осыған дейін бес кіта­бын жарыққа шығарып, өлең­дерінің ширағаны көзге ұрып-ақ тұр. Лирикалық жырлары жүйріктің майда жалындай желбіреп, Аралдың ақ айдынындай мөлдірейді» деп баға бе­ріпті қазақтың көрнекті ақыны Қа­сымхан Бегманов.

Иә, шынында ақын Оңталап Ба­заралы өлеңдерінде өмірдің боямасыз кейпі, көңілдің әрбір сәтіндегі әрқилы әсері қаз қалпында  бейнеленген.

Білмегенім көп болған соң

білгеннен,

Көп жағдайда шатқаяқтап

күрмелгем.

Бақыт деген құс екен деп жүріппін,

Оның қалай қонатынын кім көрген, – деп жырлайды ақын.

Жаңа жыр-жинақта ақын жүрегінде бүр жарған жүзден аса өлең бар. Оның ішінде атамекені – Арал өңірінен бас­тап, Сыр өлкесі, сымбатты Қы­зылорда қаласы, тұрғындарының та­биғаты, тағ­дыры, болашағы, одан бө­лек, қарапайым өмір қалыбы туралы толғанысты туын­дылары кездеседі. Кейбірі керемет әнге айналған. Мы­салы:

Армысың, Қызылорда –

сыршыл қала,

Ерекше ғұрпың дара, жұртың дана.

Ақ қанат арманыңа қанат қағып,

Жасампаз келбетіңмен тұрсың, дара.

Мәртебең – Қызылордам, биік екен,

Қорқыттың қобызындай күйі бекем.

Алаштың анасындай Қызылордам,

Мен сені мәңгілікке сүйіп өтем, – деп келетін жыр шумақтары әсем әнмен өріліп, өзіндік үні бар өміршең дүниеге айналды.

Жалпы өлең дейтін дүние – көптің көңілінен шығып, сезімін селт еткізіп, қандай да бір әсер қалдыра алса ғана кәделі. Сондықтан ақын үшін жыр жазудың бейнеті мен ләззатынан бөлек, жауапкершілігі де зіл батпан.

Жырладым табиғатын, тамашасын,

Болмысын Аспан, жердің

жарасатын.

Қара өлең, сенде тылсым

құдірет бар,

Ғасырлар, Дәуірлерден әрі асатын, – деп жырлағандай, ақын өзі серік еткен қара өлеңнің болашағына еш күмәнсіз сенім артады. Оқырман ойы да сол сеніммен орайласар дейміз.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»