Макроэкономика: Республика және аймақта

226

0

 Республикада және аймақта үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы жария етілді. Аталған мерзімде бірлі-жарым салаларды есепке алмағанда макроэкономикалық  негізгі көрсеткіштер бойынша тәуір нәтижелерге қол жеткізілді.

Қаржы-несие рыногы

Республикада тұтынушылық кредит­теудің қарқыны мамырда жылдық көр­сеткіш бойынша 19,4%-ке дейін өсті. Халықтың нақты кірістерінің өсуі сәуірдегі кейбір бәсеңдеуге қарамастан, оң сипатқа ие болып отыр», – деді Қазақстан Ұлттық Банкінің төрағасы Д. Ақышев. Оның айтуынша, тұтынушылық жиынтық сұраныстың кеңеюін ынталандыратын факторлардың бірі бюджет саясатының әлеуметтік бағыты болып қалады. Зейнетақы төлемдерінің ағымдағы жылғы 1 шілдеден бастап көтерілуі халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау жасайды. Екінші жағынан алғанда инфляциялық аяның төмендеуін шектейді. Баға орташа алғанда бір баррель үшін 75 АҚШ доллар көрсеткішінен жоғары қалыптасуда. Сонымен бірге сыртқы рынокта мұнай бағасы күткендегіден жоғары болды. Бағаның одан әрі серпіні бойынша ағымдағы орташа жылдық болжамдары қолайлы және 2020 жылдың соңына дейін 70 АҚШ долларынан жоғары болатынын атап көрсетеді. «Маусымда, жыл басынан бастап алғаш рет азық-түлікке халықаралық бағалардың төмендеуі байқалды. Бұл елдер арасындағы сауда шиеленісінің күшеюіне байланысты. Нәтижесінде астық бағасының төмендеуі байқалды. Бұл сарапшылардың пікірі бойынша инфляциялық аяны күшейтеді және индекстің одан әрі өсуіне ықпал етеді», – деді жуырда Ұлттық Банк төрағасы Д.Ақышев. Оның айтуынша, орта мерзімді кезеңде саудадағы негізгі әріптес елдерде инфляция деңгейі өседі. Сонымен бірге АҚШ долларының қымбаттауы күтілуде.

Дамушы елдердің валюталарына шолу теңгенің елдердің осы топтарында тұрақты валюталардың бірі болып табылатындығын көрсетеді. Данияр Ақышев 2018 жылғы 6 ай ішінде Ұлттық банктің алтынвалюта резервтері алдын ала деректер бойынша, 30,6 млрд АҚШ доллары болғанын,  елдің халықаралық резервтері 88,7 млрд АҚШ долларына жеткенін атап көрсетті.

Қаржы сарапшыларының пікірінше, кредит нарығының қалпына келуі жалғасуда. Қаңтар-мамырда жаңа кредиттер беру өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 24%-ке немесе 915 млрд теңгеге артты. Кәсіпорындардың теңгедегі кредиттері бойынша орташа мөлшерлеме 2017 жылғы желтоқсандағы 13,2%-тен 2018 жылғы мамырда 12,5%-ке дейін төмендеді.

Тұрғын үй

сатып алу, сату

2018 жылғы қаңтар-маусымдағы тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 119 104 құрады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Статистика комитетіне сілтеме жасап.

Осы ретте, маусым айында тұрғын үйді сатып алу-сатудың тіркелген мәмілелерінің саны 23840 құрады. Мамыр айымен салыс­тырғанда ол 6,6% көрсетті.

2018 жылғы қаңтар-маусымда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 6,5%-ке артты.

Ал, Алматыда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері 5,2% азайды.

Соңғы жылдары облыстың мұнай-газ саласында күрделі ахуал қалыптасты. Көмірсутегі шикізатының бағасына қатысты әлемдік дағдарыс өзге өңірлерге қарағанда біздің аймаққа әжептәуір әсерін тигізді. Республика бойынша аталған табиғат байлығының қысқарған көлемінің 70%-і Сыр елінің үлесіне тиесілі. Мұнай өндіру көлемі жыл сайын орта есеппен 12%-ке кеми түсуде. Егер 2013 жылы облыс бойынша 10,5 млн тонна «қара алтын» өндірілсе, 2017 жылы бұл көрсеткіш 6,8 млн тоннаға төмендеді.

Экономиканы

әртараптандыру

өнеркәсіпке

өң берді

Биыл өндірілетін мұнай көлемі өткен жылғыдан 7,5%-ке немесе 600 мың тоннаға дейін қысқарып, 6,2 млн тоннаны құрауы мүмкін екені болжанып отыр. Әзірге осы жылдың алғашқы жартысында барлығы 3,2 млн тонна жерасты байлығы өндірілді. Сәйкесінше, соңғы бес жылда мұнайшылар тарапынан бюджетке бағытталған салықтық түсімдер 3 есе немесе 594 млрд теңгеден 204 млрд теңгеге азайды.

Дегенмен, осы уақыт ішінде экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік туды. Облыс көмірсутегі мен уран өнімдерінің бағасы түсіп кеткеніне қарамастан,  жақсы өмір сүріп, қарқынды дамуға болатынын дәлелдеді. Қазір өңір экономикасының көмірсутегі шикізатына тәуелділігі едәуір азайды. Облыс жалпыөңірлік өнім бойынша соңғы 4 жылда, алғаш рет оң векторға шықты. Қазіргі күні аймақта өндірілген мұнай көлемінің 70%-і ішкі нарықтың қажеттілігіне жұмсалса, қалған бөлігі экспортқа бағытталып келеді.

2018 жылдың қаңтар-маусым айлары  аралығында облыстың әлеуметтік-эко­номикалық дамуының негізгі көрсеткіштері бойынша өсу байқалады. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 100,5 процентті құрады. Ал әлеуетті саланың бірі – құрылыс жұмыстарының көлемі 15,9%-ке ұлғайған. Айталық, 2018 жылдың алғашқы алты айында пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 228 050 шаршы метрді құрап отыр.    Облыс бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 87049 млн теңгені құрап, нақты индекс көлемі 117,2%-ке өскен. Сондай-ақ, есепті кезеңде ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,7% өсіп, бөлшек сауда өсімі 1,1 процентті құраған.

Президент Жолдауында белгіленген негізгі 10 бағыттың біріншісі индустрияландыру, оның ішінде өңдеу секторы болып табылады. Өңдеу өнеркәсібінде 2018 жылдың қаңтар-маусымда басқа санаттарға кіргізілмеген машиналар мен жабдықтар жасау – 2,3 есеге,  дайын металл бұйымдарын жасау – 2,1 есеге, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру – 33,3%,  жиһаз жасауда – 3,3%, машиналар мен жабдықтарды жөндеу және орнатуда 1,9%-ке өсім байқалды.

Бюджет түсімі өсті

Еліміздің 2050 жылға дейінгі стратегиясына негізделген басым бағыттардың бірі – электронды форматқа көшу арқылы мемлекеттік қызмет түрлерін жеңілдету, оны алушыға қолайлы жағдай жасау. Осы ретте мемлекеттік кірістер органдары нақты жұмыстар атқарып, бірқатар міндеттерді жүйелі орындауда. Мәселен, Жолдау аясындағы ілкімді жобалардың бірі «Салықтың жиналуын көтеру» бойынша облыс көлемінде мемлекеттік кірістер департаменті  осы жылдың бірінші жартыжылдығында шоғырландырылған бюджетке 151,1 млрд теңге түсім түсуін қамтамасыз еткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 45,8 млрд теңгеге артық. Оның ішінде мемлекеттік бюджетке түсірілгені 61,3 млрд теңге, яғни тапсырма 108,6 процентке орындалған. Ал, республикалық бюджетке түсірілген салық көлемі 33,5 млрд теңге, өткен жылмен салыстырғанда 6,6 млрд теңгеге артық.

Негізінен облыстың макроэко­номи­калық көрсет­кіштерінің жақсаруы ықпал жасады, яғни, өңдеу өнеркәсіп өнімдері 100,5%-ке, құрылыс көлемі 115,9%-ке, ауыл шаруашылығы өнімдері 102,7%-ке өсті. Кіші кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,4%-ке артып отыр. Салықтық және кедендік әкімшілендірудің күшейтілуі арқасында 14,2 млрд теңгенің қосымша кіріс көздері қамтамасыз етілді. Бизнеске қолайлы жағдай жасау аясында салықтық тексерулер саны өткен жылмен салыстырғанда 46%-ке азайды. Тексерулер нәтижесінде 8 млрд теңгенің қосымша салықтары есептеліп, алдыңғы жылдардағы сомаларды қосқанда 10,4 млрд теңге өндірілді.

Жалпы республика мен облыста 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында осындай макроэкономикалық көрсеткіштерге қол жеткізілді. Бұл алдағы уақытта жалпы  жылды нәтижелі қорытындылауға негіз қалайтын болады.

Ж.Әлмахан.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<