Мемлекет тарихындағы маңызды бағдарлама

423

0

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Парламентінің қабырғасынан жаңа әлеуметтік бастамалар көтеріп, өз халқына жариялаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» үндеуі баршамызды серпілтіп тастады. Елбасы бұл сәтті қоғамның әлеуметтік бірлігін нығайтудың кезеңі деп атап көрсетті. «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» идеясын жаңа мағынамен толыға түсуі барлығымыздың азаматтық және әлеуметтік жауапкершілігімізді арттыра түседі.

Елбасы ұсынған бес әлеуметтік бастамасы барлық қоғам мүшелері үшін маңызды. Еліміз осы уақытқа дейін баспана алу мүмкіндіктерін кеңейту бойынша көптеген шаралар атқарды. Ал, «7-20-25» жаңа бағдарламасы әрбір отбасына баспана алудың мүмкіндігін жасап, әсіресе тұрғындар арасында қолжетімділік артады. Елбасы ұсынған формуланың мазмұны қоғам мүшелері үшін түсінікті және ашық.

Президенттің екінші бастамасында жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту ұсынылады. Елбасы отандастарымызды қолдау мақсатында келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақысы төмен жұмысшылардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 процент қана салық салу жөнінде баяндады. Бұл ұстаным екі миллионнан астам адам жалақысының жұмыс берушіге салмақ салмай көбею мүмкіндігін береді.

Үшінші бастама тікелей еліміздің болашағы – өскелең ұрпақ пен жастарға арналған. Еліміздің жастарға деген айқын көрінісі ретінде жаңа оқу жылынан бастап қосымша 20 мың грант бөлінуін айтуымызға болады. Бұл гранттардың 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі. Бастама Қазақстанның Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандарын даярлауға мүмкіндік береді. Елбасы қазір жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін өзекті екендігін айта отырып, 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырды. Аталмыш міндетті жүзеге асыру үшін мемлекет пен жеке меншіктің серіктестігі қағидасын пайдалануды ұсынды.

Президенттің «Шағын несие беруді көбейту» төртінші бастамасы жаппай кәсіпкерлікті дамытуға серпін беретіндігі анық. Еліміз бұл бағытты дамыту бойынша бағдарламалар мен қолдау құралдарын жетілдіру үстінде. Бастамаға сәйкес осы жылы шағын несиелердің жалпы сомасы артып, қосымша 20 миллиард теңге бөлінетін болды.

«Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» атты Елбасының бесінші бастамасы миллиондаған ел тұрғындарын газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, еліміздің экологиялық ахуалын жақсартатындығына сенімдіміз.

Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік жаңғыру жолында жаңа, ауқымды қадам жасауға дайын екендігін айтты. Негізінен әлеуметтік жаңғыру барлық азаматтардың мұқтаждықтары мен мүдделерін жүзеге асыру барысындағы қоғамның даму құрылымын жетілдіру үдерісі болып табылады. Бұл жаңа мен ескінің, заманауи және дәстүрлі ұстанымдар негізінде өзгерістерге ұшырайтын қоғамның рационалды және тиімді қызметінің көрінісі. Жаңа бағдарламадағы барлық басым бағыттар, міндеттер мен мақсаттар мемлекеттік органдар, тұрғындар, сарапшылар мен ғалымдар үшін транспарентті құбылыс. Сондықтан Ұлт көшбасшысының елдің игілігі үшін ұсынылған ұтымды, оптимистік жобасы мемлекет тарихындағы маңызды бағдарлама болып қала беретіндігіне сенеміз.

Мұрат НАСИМОВ, 

саяси ғылымдарының кандидаты, 

қауымдастырылған профессор, 

«Болашақ» Ғылыми-зерттеу институтының директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<