Мұхтар ОРАЗБАЕВ, Арал ауданының әкімі: МЕМЛЕКЕТТІК–ЖЕКЕМЕНШІК ӘРІПТЕСТІК ЖЕМІСІН БЕРУДЕ

986

0

Уақыт зымыран. Осында, Аралға редакцияның арнайы тапсырмасымен іссапарға кейінгі рет келгеніме, сол уақытта көңілге түйгендеріме ойша көз жүгірттім. Осыдан екі жыл бұрынғы жағдай көз алдымда.

Тым алысқа бармай-ақ, сол екі жылдың ішінде болған оңды өзгерістерге шынайы көз жеткізу үшін әдетте өзім секілді журналистер жиі қолданатын цифрлар тізбегіне кезек беруді екінші қатардағы мәселенің қатарына жатқы­зып, алдымен көз­бен көргенді сана сүзгісінен өткізгенді жөн көрдім.

Аралға таңсәріде жеттім. Межелі аялдамаға жақындағанда жүрісін бәсең­деткен поезд вагонының терезесінен жаңа ақшаңқан үйлердің сұлбалары анық көрінеді. Бұл енді халықтың тұр­мыс деңгейінің өскендігінің, олар­дың бұрынғы таптаурын көз­қарас­тан арылып, шынайы нарыққа бейімделгенінің белгісі екені көзге ұрып-ақ тұр. Өңір­де қысқа уақытта сыртқы пішіні әсем­дігімен көз тартатын әлеуметтік, тұр­мыстық, мәдени нысандар бой кө­те­ріпті. Қысқасы, Елбасының айрық­ша қамқорлығындағы өңірдегі болып жат­қан өзгерістердің сипатын сол зымыран жылдамдығымен салыстыруға болады.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевпен жолығудың сәті бірден түсе қоймады. Мұны іштей болжаған едік. Қазір мемлекет басшысының қойып отырған талабы ерекше. Әр нәрсенің сұрауы болатыны секілді, бүгінгі атқарушы билік ең алдымен әрбір істің жай-жапсарын мықтап ойластырып, тынымсыз тіршілік етпесе уақыт көшінен қалыс қалады.

Мұхтар Әуесұлымен кездескенде «ә» дегеннен әңгіме сарыны осы бағытта өрбіп сала берді. Өңір­дің өткір мәселелері тілге тиек етілді. Атқарушы биліктің тө­­менгі буындарында ысылып, тәжірибе жинақтаған аудан әкі­мінің бюджеттің қатпар-қат­пар түйткілдерінен, оның ішінде жергілікті бюджеттің сыр-сипатынан жақсы хабардар екені, оларды талдау сүзгісінен өткізе білетіні айқын сезіліп қалды. Әңгіме барысында жергілікті бюджеттің табыс көзін алдын ала болжағанда кейбір түсімдердің асығыс жоспарланғанын, осы­ған қарамастан, өзінің ішкі мүмкіндіктерін әбден елеп-екшеудің нәтижесінде бұл тұйықтан да шығудың жолы табылғаны айтылды. Бұл, біздің пайымдауымызша, үлкен тәжірибемен, тынымсыз еңбекпен, біліммен келетін күш-жігердің жемісі.

М.Оразбаев кезінде өзі бастап, кейін уақытпен қаржыландырылуы кешіккен жобалардың жобалық-сметалық құжаттарын қайта пысықтап, Астанада қыруар жұмыс­тың нәтижесінде мүмкін болған ауданның бірнеше елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз етудің сәтті жүзеге асырылғанын қанағат сезімімен баяндады. Бұл тұрғыда облыс әкімі Қ.Көшербаевтың беделі мен тәжірибесінің үлкен ықпалы болғаны айтылды.

Экономикада ішкі тұтыну мөлшері деген ұғым бар. Ол ең алдымен мемлекеттің қаржылық қолдауы мен сол өңірде бюджеттің мүмкіндігіне орай халықтың сатып алу қабілетінің артуымен жүзеге асатын тірлік. Әңгімеміздің басында айтқан ел тұрмысындағы оңды өзгерістер өңірдегі сол ішкі тұтыну көрсеткішінің игі жемісі. Ал аудан бюджеті бірлі-жарым жыл көлемінде бұрын-соңды болмаған көрсеткіш – 13 млрд теңгені құрады. Аудан әкімі әңгіме арасында бюджеттің қаржысына арқа сүйей бермей, бүгінде республикада белгілі аудан кәсіпкерлерінің қолдауына үміт артқанын, олардың көмегімен өңірге 100 млн теңгеге жуық инвестиция тартылғанын мәлімдеді.

– «Туған жерге тағзым» атты акция аясында атқарылған игі істер бірлігімізді бекемдеп, тарихымызды түгендеуге, санамызды сілкінтіп, өткенімізді талдап-таразылауға ай­тар­лықтай ықпал етті. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табатын болады, – дейді бұл тұрғыда Мұхтар Әуесұлы атқарылған қыруар жұмыстың мазмұнына қысқа ғана тұжырыммен. Енді кезекте аудан басшысы өңірдегі тыныс-тіршілікті былайша сабақтады.

Мемлекет басшы­сы­ның «Мен Арал­ға кө­мек­тессем деген арманыма жеткеніме қуа­ныш­тымын» деген сө­зі­нен қуат алған арал­дық­тардың әр таң­нан күтер үміті зор. Әлемдегі са­наулы кере­меттер қа­тарына ен­ген «Көкарал» бөгеті салынғаннан бері Кіші Арал теңізінің екінші тынысы ашылды. Қай­раңдап қалған қа­­йық­­тар айдын бе­тін қайта шиырлап, тоқсаныншы жылдардың басында атакәсіптен қол үзген балық­шылардың негізгі ісімен белсене айналысуына мол мүмкіндіктер жасалды. Жақында облыс әкімінің бастамасымен, Біріккен Ұлттар Ұйымы «Даму» бағдарламасының қолдауымен Арал өңірін өркен­детуге бағытталған «Арал достары» атты халықаралық эконо­ми­калық симпозиум өтіп, оған тиісті министрліктердің өкіл­дері, жаһандық деңгейдегі қауым­­дастықтар мен қар­жылық ұйым мүшелері қатысты. Биыл Ха­лықаралық Аралды құтқару қорына 25 жыл толды. Қордың кенезесі кепкен теңізді қалпына келтіру үшін жасаған жұмыстары өлшеусіз. Аралды құтқару – әлемді құтқару екенін жан-тәнімен ұғынған Ұлт Көшбасшысы тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарында  халықаралық мінбелерде түсіндіріп, ортақ проб­леманы бірлесе шешуге шақырғаны қатпарлы тарихтан мәлім. Ас­та­надағы келелі басқосуда Аралға қатысты мәселелердің түйіні тар­қатылды. Облыс басшысы айдынды өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруге үн қосқан барша тілеулестерге ризашылығын білдіріп, ортақ мәселені тиімді шешу жолдарын атап өтті. Сондай-ақ, Президент Нұрсұлтан Әбішұлының қолдауымен құрғаған теңіздің қоршаған ортаға кері әсері азая бастағанын, балық өндірісін шетелдерге экспорттау жолға қойылғанын жеткізді.

Жергілікті тұрғындардың «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламасы негізінде мал басын асылдандыруға ынта танытқаны қуантады. Нәтижесінде, өткен жылы аграрлық саланың барлық бағытында өсім байқалып, 2016 жылмен салыстырғанда жалпы өнім көлемі 5,7 процентке артты. Яғни, мүйізді ірі қара 7,1%, жылқы 11,5%, түйе 13,9% және уақ мал 2,2 процентке өсіп отыр.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың 2017 жылға арналған іс-қимыл жоспары ішінде Арал ауданының экономикасын дамытуға негізделген жол картасы да қамтылған-ды. Соның аясында көптеген жұмыстар атқарылды. Бастысы, ауданға тартыл­ған инвестиция 8,8 млрд теңгені құрап, апаттық жағдайдағы 7 мектеп ел игілігіне берілді. Бұдан бөлек, аудандық орталық аурухананың іргесі қаланып, биылғы жылы аяқтау жоспарланса, өрт сөндіру депосы пайдалануға берілді. Тіршілік нәріне баланған таза ауыз су құбырларын тарту да қарқынды жүргізіліп, бірқатар елді мекендер сапалы суды тұтынуда. Мұндай игілігі мол жұмыс үстіміздегі жылы да жалғасын таппақ. Индустриялық-инновациялық дамуға да серпін беріліп, өңірлік кәсіпкерлікті қолдау үшін ауданнан 7 млрд теңгенің 8 жобасы енгізілді. Күн санап кемелденген аудан орталығынан индустриялық аймақ ашылып, жер телімі рәсімделді. Қазіргі таңда ол жерден 2 жоба іске қосылып, енді біреуінің құрылысын қолға алу жоспарлануда. Шағын және орта бизнесті дамыту барысы да назардан тыс қалмады. Нақты айтқанда, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде жұмыс жасалып, 244,6 млн теңгенің 12 жобасы субсидияланып, оның 14 жобасы қайтарымсыз грантқа иелік етті.

Рас, бүгінгі қоғамда жалқауға ғана жұмыс жоқ. Әрбір адам масылдыққа бой үйретпей, кәсіп етемін десе, үкімет тарапынан бар жағдай жасалуда. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» жоғарыдағы сөзімізге дәлел. Жыл көлемінде аудан кәсіпкерлеріне 799,5 млн теңге несие беріліп, тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 110,3 процентке артты. «Елің байысын десең, жол сал» деген тәмсіл бар. Аудан аумағынан өтетін «батыс еуропа-батыс қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында 4 жол сервистік нысан қызмет көрсетуде. Бұдан бөлек, арал  қаласынан жеке кәсіпкер Ж.Исаев жаңа автобекетті іске қосып, жолау­шылар облыс, қалааралық бағытта жолға шығуда. Ал, Б.Жандаулетов «Ер-ай» сауда орталығын ашып, тұтынушыларға қызмет көрсетуде.  

Өткен жылы Сазды, Райым-Водокачка елді мекендеріне кіреберіс автокөлік жолдары салынып, «Арал-Әуежай-Жалаңаш» жолын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қызылжар елді мекеніне кіре беріс жол да назардан тыс қалмады. Аудандағы жолаушылар тасымалына қолайлы жағдай жасалып, «Самара-Шымкент-Қамыстыбас-Аманөткел-Бөген» автомобиль жолы орташа жөндеуден өткізілді. Арал қаласындағы көптен жөндеу көрмеген Баймұратов, Сәрсенов, Сапақ би, Космонавт, Терешкова, Қаюпов көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жасалды. Жақсықылыш-Тоқабай-Абай, Ақлақ-Қаратерең, Қосжар, Аманөткел, Қамыстыбас елді мекендеріне барар жолдар мен Хан елді мекені тұсындағы қалқымалы көпір жөнделді.

Медициналық қызметтің сапасын жақсарту бағытында едәуір іс тындырылды. Соның бірі де, бірегейі «BBNURA» гемодиализ орталығының ашылуы еді. Осы кезге дейін аталған құрылғының ауданда болмауы салдарынан көптеген науқастар өзге облыстарға, көрші аудандарға барып ем алатын. Енді соңғы үлгіде жабдықталған мұндай орталық аралдықтарға қызмет көрсетуде. Шалғайдағы Атанши ауылдық округіне жедел жәрдем автокөлігі беріліп, Қосжар, Мергенсай, Ақбасты елді мекендерінен мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жеке тұлғалар есебінен әлеуметтік нысандар салу тәжірибесін қолға алып, Қосжар, Мергенсай елді мекендерінен медициналық бекеттер жаңадан тұрғызылды. Орта­лық ауруханаға науқастар тасымалдау үшін 1 реанимобиль, 3 жедел жәрдем автокөлігі алынып берілді.

PS:

Аудан әкімімен болған әңгімеде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, саласындағы оңды өзгерістер сөз болды. Әсіресе, соңғы уақытта аудан жұртшылығы қуаныш сезімімен қабылдаған газдандыру жұмыстарының кезең-кезеңмен шешілуі, энергетика секілді инфрақұрылымдық жобалардың, шетелдік инвестордың ықпалымен «Аралтұз» акционерлік қоғамындағы жобалардың, мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламаларының жүзеге асырылуы әңгіме өзегіне айналды. Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы барысында аудан әкімінің өзекті деген түйткілдерге барынша зерек, прагматикалық тұрғыдан қарайтынын байқадық. Мұны бүгінгі заман талабынан туындап отырған өмірге, болмысқа деген жаңашылдықтың нышаны деп түсіндік.

Біздің ауданға іссапарымыз кезінде әуеде қалықтаған тікұшақтардың гүрілі естілді. Сөйтсек, Арал өңіріндегі соңғы өзгерістерді саралап, оларды қайта ой елегінен өткізу мақсатымен осында шетелдік ұйымдар өкілдері жиі келетін болғанға ұқсайды. Олардың қатарында әлемге белгілі жапон медиакорпорациясының өкілдері де бар. Бұл әлем жұртшылығының назары ауған Арал өңірінің тынысы ашылып, оған жаңа инвесторларды тарту мүмкіндіктері кеңейгенін аңғартады.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы».

Арал ауданынан.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<