Науқан жеңімпаздары анықталды

692

0

Елімізде коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты ұжымдық иммунитетті қалыптастыру, эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру, денсаулықты нығайту мақсатында вакцина қабылдау жұмыстары жүргізілуде.

Осы орайда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті «Вакцина алып, ұтысқа қол жеткіз!» атты науқанын ұйымдастыруда. Аталған науқанға вакцина алған білім ордасының қызметкерлері мен студенттері белсене қатысып, керемет мүмкіндіктерге ие болды.

Атап айтсақ:

–   ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Нұр-Сұлтан қаласына 30 студентке жолдама;

–   қызметкерлер мен студенттер үшін «Сейхун» спорттық-сауықтыру кешенінің бассейніне 30 тегін абонемент;

–   студенттер үшін жазғы тынығу лагеріне 30 жолдама;

–   қызметкерлер мен студенттер үшін фитнес залға 30 тегін абонемент;

– 30 студентке бір оқу жылына жатақханаға тұруға 50% жеңілдік берілді.

Шарада есімдері жазылған қатысушылар лото жәшігінің  көмегімен кездейсоқ тәсілмен анықталды. Науқан университеттің Instagram парақшасындағы тікелей эфир арқылы өткізілді.

Тікелей эфирде университеттің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Ж.Н.Базартай сөз сөйлеп, жеңімпаздарды құттықтады:  

«Қазіргі таңда Қорқыт  Ата атындағы Қызылорда университетінде қызметкерлер мен профессор-оқытушылардың  87%, білім алушылардың  51 %  вакцина алған. Жаңа оқу жылын оффлайн форматта бастау үшін ұжымдық иммунитетті қалыптастыру маңызды. Бүкіл әлемдік пандемияны тоқтату үшін әрбір адам екпе алып, санитарлық талаптарды қатаң сақтап, сақтық шараларына аса көңіл бөлуі қажет. Ұжымдық иммунитетті бірлесе қалыптастыруға шақырамын. Бүгінгі ұтыс ойынына қатысып, белсенділік танытқан баршаңызға алғыс білдіремін. Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймын. Алдағы уақытта осындай ынталандыру шаралары жалғасатын болады.»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<