Құндылықтар тізімінде білім бірінші орында

368

0

Кеше Қызылордада «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбында дәстүрлі педагогикалық тамыз кеңесі өтті.

Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы А.Өрсариев, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы К.Шамшидинова, Білім және ғылым министрлігі жанындағы ақпараттық талдау орталығы пре­зи­дентінің міндетін атқарушы Е.Нұрланов, жергілікті білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен облыс мұғалімдері қатысты. Жиынға облыстық білім басқармасының басшысы М.Мелдебекова модераторлық жасады.

Тамыз кеңесінде облыс әкімі Қ.Көшербаев заманауи білім беру жүйе­сіндегі маңызды мәселелер мен проблемаларды атап өтті. (баяндаманың толық нұсқасы газе­тімізде жарияланып отыр)

Одан әрі БҒМ жауапты хатшысы А.Өрсариев сөз алып, алдағы 20 жылдың ішінде автоматтандыру мен роботтандыру еңбек нарығындағы мамандықтардың 40 проценттен астамын өзгертетінін айтты. Сондықтан еліміздің білім беру жүйесінде бірқатар бас­тамалар жүзеге асуда. Балабақшалардан бас­тап оқу-тәрбие бағдарламаларына өзгерістер, білімді бағалаудың бірыңғай жүйесі  енгізілді. Келесі жылдан бастап 0 класс тәрбиешілері мен мұғалімдерін дайындау басталады. Қазір базалық оқулықтар әзірленіп жатыр. Орта білім тармағын жаңартылған мазмұнға көшіру жалғасуда.  Құжаттарды интернетке қосылмаған мектептерде ғана қағаз түрінде толтыруға рұқсат беріледі. Цифр­ландыруды дамыту үшін қосымша білім берудің мүмкіндіктерін пайдалану керек. Қазір көптеген қалаларда робототехника, бағдарламалау, 3D принтинг кластары ашылуда.

Жекелеген пәндерді ағылшын тілінде оқыту үшін педагогтар тілдік курстардан өтті. Олардың 5 мыңнан астамы осы оқу жылынан бастап сабақ беруге кіріседі. Министрліктің жауапты хатшысы балалар құқығын қорғау, кәсіптік, жоғары білім берудің сапасын арттырудағы жаңа­лықтарға тоқталды.

Бүгінде Назарбаев зияткерлік мектептерінің жаңартылған білім беру мазмұны барлық мектептердің оқу процесіне енгізілуде. Дербес білім беру ұйымы мен облыс әкімдігі арасындағы меморандумға сәйкес аймақта 46 мектеп инновациялық бағытта жұмыс жасап жатыр. «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы К.Шамшидинова қазіргі сұранысқа ие мамандықтарды роботтар алмастырғанда, адамның жаңа өмірге бейімделуі қандай сатылардан өтетініне жүргізілген талдауларды ұсынды. Мұндай уақытта «балаларды қалай оқыту керек?» деген сауал өздігінен күн тәртібіне шығатыны сөзсіз. Аграрлық өнеркәсіп дәуірінде басты актив жер болды. Индустрияландыру заманының активі капитал, ал қазіргі уақыттың активі – адам. Бүгінде цифрлық сауаттылық жазу және оқу сауаттылығымен бірдей. Қазір адам баласына өзінің еңбек жолында 6-8 рет мамандық ауыстыруға қабілетті болу талабы қойылып отыр. Басқарма төрайымы ақпаратпен жұмыс істеп оны сараптай алу, кез келген ортада өз біліктілігін дәлелдеу, командада жұмыс істеу, өмір бақи оқып-үйренудің маңызына, мұғалімдерге әдістемілік көмек көрсетудің Қызылорда облысында жасалған моделіне тоқталды. Жалпы білім беретін мектептерге тренерлер дайындап, ұстаздарға онлайн көмек көрсету жолға қойылды. Жақында «Жетекші мектептердің басқа мектептерге көмек көрсетуге шамасы жете ме?» деген сауалмен зерттеулер жүргізілді.

Нәтижесінде мұғалімдер де, директорлар да семинарлардың сапасы артқанын,  мектеп басшыларының тек қана әкімшілік жұмыспен айналысуы  қысқарғанын көрсетті. Қазір жетекші мектептер директорлары әдістеме, технология және бағалау тұрғысынан басқа білім ошақтарына көмектесе алатындықтарын айтқан. К.Шамшидинова қазір «жасанды интеллект мұғалімді алмастыра алады ма?» деген сауалдың өткір екеніне тоқталып, оған «әріптестерім, біз дұрыс мамандықты таңдадық, өйткені мұғалімді ешбір робот алмастырмайды. Жасанды интеллект адамды алға ұмтылуға итермелей алмайды, бұл тек қана ұстаздардың қолынан келеді» деп жауап берді.

Облыстық білім басқармасының басшысы М.Мелдебекованың айтуынша,  Қызылорда қаласы бойынша автоматтандыру жүйесіне бала­бақшалардың барлығы қосылды. Облыстағы қалған 420 балабақша жаңа оқу жылынан қосылуды бастайды. Ендігі кезекте жекеменшік балабақшаларға қатысты орын алған проблемалар толық шешілуі тиіс.

Өткен оқу жылында халықаралық олимпиада­лар мен ғылыми жарыстарға қатысқан оқушы­лардың 17-сі жүлделі орындарды иеленді. Оның ішінде 5-і Алтын медаль, 3-і Күміс медаль алды.

Биылғы ҰБТ-ға  7113 мектеп бітірушінің 4742-сі қатысты. Қорытындысымен орташа балл  85,8-ді  құрап, өткен жылмен салыстырғанда 3,4 баллға кө­терілді.  Облыста мектеп бітірушілердің 57,6 пайызы мемлекеттік білім беру грантын иеленді. Грант иегерлерінің саны 2017 жылмен салыстырғанда 509-ға артты.

Талапкерлердің  45,2 проценті техникалық, 25,4 проценті педагогикалық, 7,5 проценті медициналық, 10,3 проценті ауыл шаруашылығы мамандықтарын таңдаса, басқа да салаларды 11,3  проценті таңдаған. «Серпін» бағдарламасы бойынша  751  бітіруші оқуға түскен. Сонымен қатар, облыс әкімінің грантына 205 талапкер, жоғары оқу орындары грантына  – 43, әскери грантқа  39-ы  ие болған.

Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспаған 2371 бітірушінің 669-ы жоғары оқу орындарына ақылы түрде, 1184-і колледждерге, 16-сы қысқа мерзімді курстарға барады. Ресей Федерациясының алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында техникалық мамандықтар бойынша 58 бітіруші оқуға түсіп отыр.

Биылдан бастап  педагог кадрларды аттестаттаудың жаңа форматы енгізілді. Жаңа формат бойынша  біліктілік санатын бекіту немесе растау үшін педагог қызметкерлер  міндетті Ұлттық біліктілік тестілеуден өтсе, екінші кезеңде атқарған жұмысына  талдамалық қорытынды жасалады. Аттестаттау қорытындысымен біліктілік санаттарына қарай жалақыларына 30-50% көлемінде үстемақы қосылады.

Облыс бойынша оқушылар санының жыл сайын өсу динамикасы байқалады. Жаңа оқу жылында оқушылар контингенті 154 мыңнан асты. Былтырғымен салыстырғанда 7 мыңға көбейіп тұр. Алдағы уақытта  демография, миграция  есебінен  және 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 6 жасқа толатын балалардың барлығын 1 класқа қабылдау нормасы  енгізілгенде, бұл көрсеткіш тіптен өседі. Сол кезде  үш ауысымдық мектептердің болу қаупі бар.

Облыста бұл бағытта алдын алу шаралары іске асырылды. Биыл Қармақшы, Жаңақорған аудандарында  3 мектеп  пайдалануға берілсе,  жаңа оқу жылына Қазалы, Жаңақорған аудандарында 3 мектеп іске қосылады. Арал ауданындағы 1 мектеп жыл соңына  дейін және  Қызылорда  қаласындағы 1 мектеп алдағы жылы қабылданады деп күтілуде. Осымен қатар, орын тапшылығын болдырмау және апаттық мектеп мәселесін шешу мақсатында Білім және ғылым министрлігіне  келесі жылы 6 мектеп құрылысын бастауға қаражат бөлу үшін ұсыныс берілді.

Жаңа оқу жылының жаңалықтарының бірі –  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы  аясында 5-7-ші кластарда «Өлкетану» курсы биыл алғаш рет енгізіледі. Облыстағы педагог ғалымдардың  авторлық ұжымы дайындаған  өңіріміздің  табиғаты, тарихы, салты мен дәстүрін көрсететін оқулық дайын. Арнайы курс оқу жылының  екінші жартысынан бастап оқытылатын болады.

 Биылғы оқу жылының тағы бір ерекшелігі – жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндердің  жоғары кластарда ағылшын тілінде оқытыла басталатыны. Пәндерді ағылшын тілінде оқытуға 2021 жылға дейін кезең-кезеңмен көшудің жоспарына сәйкес облыстағы 46 инновациялық мектеп жұмысты  бірінші болып қолға алады. Қазір 649 мұғалім ағылшын тілі курстарынан өтті. Ағылшын тілінде білім беруді бастайтын педагогтарға республикалық «Ұстаз» орталығы мамандары оқу жылы бойы қолдау жасап, сабақтарына қатысу арқылы нақты көмек көрсетеді. 

Облыстағы  мектептердің 93,1%  немесе 273-і  кең жолақты Интернет желісіне қосылған. Жыл соңына дейін қалған мектептер толығымен қосылатын болады. Былтырдан бері 242 мектеп «Күнделік» электронды жүйесіне қосылды. Қалған мектептер жаңа оқу жылына жүйеге қосуды аяқтайды. Алда барлық мектептер класс журналдарын электронды форматқа көшіреді. Мектептер 156 жаңа модификациялық физика, химия, биология пәндік кабинеттерімен, 92 мектеп робототехника кабинеттерімен, 9 оқушылар сарайы «3Д лабораторияларымен» жабдықталса, қалалық оқушылар сарайы базасында IT IMAQORDA ресурстық әдістемелік орталығы құрылады. Инновациялық мектептер арасынан Қызылорда қаласындағы №3 мектеп-лицейі «информатика» бағытындағы тірек мектебі  ретінде ІТ-лицей болып белгіленіп,  интерактивті құралдармен  қайта жабдықталуда.

Тамыз кеңесінде БҒМ жанындағы ақпараттық талдау орталығы президентінің міндетін атқарушы Е.Нұрланов, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғ.Жақсылықов баяндама жасады. «Мәскеу болат және қорытпалар институты» Ұлттық зерттеу технологиялық университетінің түлегі А.Тобжан Мәскеуден диплом алып оралған алғашқы қарлығаштардың атынан аймақ басшысына алғысын айтты.  

Жаңа оқу жылы қарсаңындағы жиында бірқатар оқытушы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, «Ыбырай Алтынсарин» медалімен, сондай-ақ облыс әкімінің Құрмет грамотасы және алғыс хаттарымен марапатталды. Ал, Қызылорда қаласындағы үш тілде білім беретін «Мұрагер» мектебіне «Үздік орта білім ұйымы» номинациясы бойынша 17 миллион теңгенің сертификаты табысталды.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы».

Суретті түсірген

Бағдат Есжанов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<