
«Қызылорда су жүйесі» мекемесіне қарасты 62 станцияның 23-інде тиісті жұмыс атқарылуда. Жобаны жүзеге асыруға «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қаржы бөлінді.
– Мұның тиімділігі көп. Біріншіден, тұрғындар жиі шағымданатын жағымсыз иіс мәселесі шешіледі. Екіншіден, КНС автоматты түрде қосылып-ажыратылады, сондықтан қосымша жұмыс күші қажет болмайды. Ең бастысы, адам өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз. Өйткені осындай орындарды жөндеу кезінде жұмысшылар қайтыс болғанын білесіздер. Міндеттеме бойынша мердігер 23 КНС-ті мамыр айына дейін іске қосуы тиіс, – деді қала әкімі.
Оларға Швецияда жасалған жарық үнемдегіш сорғылар мен қатты қалдықты ұнтайтын автоматты қондырғылар орнатылады. Ал желдеткіш сүзгі көміртек тотығы газын атмосфераға тазартып шығарады.
Қаладағы 62 КНС-тің 8-і ғана жаңа, қалғаны өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары салынған. Ағымдағы жөндеуден өткені болмаса, тозығы жетіп тұрған еді. Қолға алынған игі шараның келесі кезеңінде 31 станция қайта жаңғыртылады.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».