Облыстық музыкалық драма театрының әртістері Эдинбургте өнер көрсетті

594

0

Қызылорда облыстық музыкалық драма театрының әртістері Шотландия астанасы Эдинбург қаласында өнер көрсетті. Ұжым «Фриндж» халықаралық фестиваліне қатысып, «Ақбаян» спектаклін сахналады. Әлемнің 50 мемлекетінен 50 мың өнерпаз қатысқан өнер мерекесі жайында «24 кз» арнасының Ұлыбританиядағы меншікті тілшісі Ғалымжан Қараманұлы баяндайды. 

Ғалымжан Қараманұлы, тілші: 

– «Шет аймақ» болып аударылатын «Фриндж» фестивалінің тарихы тереңде жатыр. 71 жыл бұрын бірқатар шығармашылық топ Эдинбург халықаралық фестивалі бағдарламасына ене алмай қалады. Сөйтіп олар өздігінше баламалы шара өткізуді шешіп, өз өнерлерін көше жүргіншілерінің назарына ұсынады. Сыншылардың ризашылығына бөленген «Фриндж» содан бері Эдинбург халықаралық фестивалімен бірге өткізіліп келеді. 

Эдинбургтың орталық көшесінде ине шаншар орын жоқ. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген шығармашылық ұжымдар көрерменді таң қалдырып жарысуда. Араларында қазақтың ұлттық киімдерін киген өнерпаздар да бар. Шетелдіктер құйқылжи төгілген әсем ән мен тәтті күйге тәнті. 

Залипа Төлепова, актриса: 

– Салт-дәстүрімізді, өнерімізді, инабаттылығымызды, сыпайылығымызды, қонақжайлығымызды паш етіп жатырмыз. 

Қызылорда облыстық Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры фестивальге «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» лироэпостық драмасының желісі бойынша сахналанған «Ақбаян» спектаклімен қатысты. Махаббат хикаясына толы елу минуттық қойылымда қос ғашықтың тағдыры бейнеленеді. Мұнда да басты мақсат шетелдіктерді қазақтың бай өнерімен, тарихымен және мәдениетімен етене таныстыру. 

Хұсейн Әмір-Темір, театрдың көркемдік жетекшісі: 

– Ағылшын жерінің төрінде қазақ тілінде, қазақ әртістері қазақ спектаклін ойнауы бұл керемет дүние ғой деп ойлаймын. Біздің осында келуімізге себепкер болған біздің енді облыс әкімдігі. 

Спектакль шетелдіктер үшін ағылшын тіліне аударылып, алдын ала кітапша ретінде үлестірілді. Көрермен қазақтың ұлттық мәйегі мен мәдени құндылығы тоғысқан «Ақбаян» қойылымынан алған әсерлері ерекше екендіктерін жасырмады. 

Джон Коуи, көрермен: 

– Менің ұққаным мәдениеттеріңіз мақтануға тұрарлық дәрежеде, өнерлеріңіз жоғары деңгейде екен. Бұған дейін қазақ мәдениеті туралы ештеңе білмеппін және бұл жақсы таныстырылым болды. 

Жарты ғасырдан астам тарихы бар театр түрлі жанрда қойылымдар қойып келеді. Татарстан, Түркия, Әзербайжан мемлекеттерінде өткен өнер додаларына қатысып, үлкен жетістіктермен оралған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<