Қобызшылар ансамблі құрылды

885

0

  «Қызылордада қобызшылар ансамблі құрылды» деген ақпарат естіген жұртты елең еткізді. Себебі, бұған дейін елімізде арнайы қобызшылар ансамблі болмаған.

Түбі бір түркіге ортақ Қорқыт атаның Сыр елінде ғұмыр кешкені, аңыз бойынша «қарағайдың түбінен қайырып, үйеңкінің түбінен үйіріп алып» бұрын болмаған ерекше аспап жасағаны белгілі. «Тыңдасаң сыр, өкініп мұң айтатын» қобызға бір кездері «бақсының аспабы» деген кері көзқарас та таңылған. Жеткілікті көңіл бөлінбеді. Бірақ егемендік алғаннан кейін күй өнерінің дамуына жол ашылып, ел ұлттық құндылыққа қайта ден қоя бастады.

2018 жылы Қорқыт ата мұрала­рының ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енуі данагөйдің күйлері мен аңыздары түркіге ғана емес, адамзатқа ортақ құнды қазына екенін айқындады. Осыдан кейін тұтас елдің, әсіресе Сыр өңірінің Қорқыт ата мұраларын насихаттау жұмыстарын жандандыруы заңдылық. Қобызшылар ансамблін құру жұмысы Қорқыт мұраларын насихаттауға арналған 5 жылдық кешенді іс-шаралар жоспары аясында қолға алынған. Ансамбль облыстық филармония жанынан құ­рыл­ды. Көркемдік жетекшісі – Мәдениет саласының үздігі, қобызшы Салтанат Пұсырманова.

Қазір қобызшылар ансамблінде концертмейстерден бөлек 22 адам бар.

– Өнер ұжымына жастарды тарту мақсатында әлеуметтік желілер­ге кәсіби маман іздейтініміз жайлы хабар­ландыру бердік. Отызға жуық қобыз­шының арасында іріктеу өткізіп, қазіргі құрамды таңдап алдық. Олардың ең жасы – 16-да. Жастарға баса мән беруіміздің де себебі бар. Көбіне сту­денттер музыкалық колледж, универ­ситетті бітірген соң, білімін академия, консерваторияда жалғастыру үшін басқа қалаға жол тартады. Облысқа қайтып келетіндері сирек. Сондықтан Сыр өңірінде қобызшылар ансамблі бар екенін айта жүрсін әрі олардың елге қайтып келуіне себепкер болайық деп жас мамандарды тәрбиелеудеміз. Ансамбль құрамына «Тұрмағамбет» халық аспаптар оркестрінің 5 қобызшысын шақырдық. Олар үлкен концерттерде халық алдына шығып үйренген, сондықтан тәжірибелі ма­ман да қажет. Екі ұжымда жүру оңай болмайды, бірақ олар бұл ұсыны­сымызға қуана-қуана келісті, – деді ансамбль жетекшісі.

Қобызшылармен әңгімелесу бары­сында олардың бұл іске шын жүрек­тен кіріскенін байқадық. Айталық, ансамбльде өнер көрсету үшін аудан­нан келген өнер иелері де бар. Ұлттық аспапта ойнау шеберлігін жетілдіріп отырмаса, қолдың икемі қалыптан шығып, көңілдегі сезім мен аспап үнінің бірден үйлесіп кетуі оңай емес. Сондықтан, сұраныс пен ұсыныс бір-бірін тапты. Қобыз сыныбын бітір­генімен, музыкалық жетекші сынды қызмет атқарып жүрген қобызшылар, жас мамандарды ортақ мақсат бірік­тірді. Енді ансамбль ұлттық өнердің дами түсуіне жол ашады.

Қорқыттан бүгінге 10-ға жуық күй қалған. Ансамбль алдағы уақыт­та Қорқыт күйлерімен қатар классика­лық, жаңа күйлерді қылқобыз, төрт ішекті қобызбен де орындайтын бола­­ды. Бір айта кетерлігі, ұлы ұзан күй­­лері дәстүрлік сипатын сақтап, негізінен қылқобызда орындалады. Қор­қыт баба қалдырған қобыз ішегі жылқының қылынан тартылған, сон­дық­тан қылқобыз деп аталып жүр. Ал академик Ахмет Жұбанов оркестр құрған уақытта жоғарғы дыбыстарды орындау үшін қылқобыздың негізінде үш ішекті жаңа қобыз жасап шығарған. Кейіннен еуропалық, классикалық шығармаларды орындау үшін төртінші ішек қосылады. Ерекшелігі, жаңа аспаптың ішегі сымнан жасалған.

Жүректі қозғап, бозінген боздаған­дай естілетін қобыздың үні адамның қоңыр даусына да ұқсас. Қыл ішектен төгілген мұңды үннің адамның жан дүниесіне әсер етіп, елтіп әкететін қуаты бар. Ертеде бақсы, балгер, шамандардың науқас адамды емдеу үшін қобызды пайдалануында да үлкен сыр болса керек.

Айтпақшы, қобызға ұқсас аспап көрші түркі халықтарында да бар. Бірақ қазақтың қобызынан өзгеше сарын, мұңды үн еседі.

– Басқа елдерде қобыздың ағашы мен ішектің арасында арақашықтық болмайды. Ал, біздің қобызда ағашы мен ішектің арасы алшақ. Сондықтан қолдың күші ішекке түскендіктен, қатты баса алмайсың, ішкі сезіммен жайлап басасың. Осылай тырнақтың көбесімен ойнау дәстүрі бізде ғана. Аспаптың жұмсақ, ерекше үн беріп, бойды шымырлататыны да сол себепті,– деді С.Пұсырманова.

Қорқыт еліндегі қобызшыларға де­ген сенім де бір бөлек. 2018 жылы тәуелсіздік мерекесіне орай Елбасы қатысқан ауқымды шараға қобыз­шылардың тек Қызылордадан шақы­рылуы осыған дәлел.

Бүгінде ансамбльде күнде дайын­дық. Репертуар жинақтау бірер күн­нің жұмысы емес. Күйді жетігенмен сүйемелдеу үшін жаңа аспаптар алынып, арнайы костюмдер дайында­лу­да. Мұндайда «Қобызшылар ан­самблі­нің тұсаукесер концерті қашан бола­ды?» деген сауал туындайтыны белгілі. Ол үшін репертуар маңызды. Ал жаңа ұжым наурыздағы мерекелер қарсаңында өтетін концерттік бағдар­ламаларда өнер көрсетеді.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<