Орманға қорған болғандар

728

0

Орман шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында  облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова сала ардагерлері мен қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

– Қазақстанның шөлді айма­­ғында орналасқан орман шаруа­шылығының маңызы зор. Осы саланы өркендетуде сіздер білікті де білімді, іскер де қабілетті маман ретінде өзгелерге үлгі-өнеге болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер.

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейді даналарымыз. Олай болса, Сыр елінің табиғатын сауық­тыру, орманды сақтау, қорғау мен молықтыруға әрі қарай да аянбай еңбек ете беретіндеріңізге сенім білдіріп, қиындығы мен қызығы қатар жүрген еңбектеріңізге толайым табыс, шаңырақтарыңызға шаттық, құт-береке тілеймін, – деді аймақ басшысы.

Мұнан соң облыстың экологиялық ахуалын жақсартып, орман алқаптарының артуына үлес қосқан сала ардагерлері Мұхидин Исмаилов, Сақтаған Ешмахановқа «Құрмет» грамотасын, ардагер Қадиша Әлімбетова және маман­дар Сабит Садықов, Гаухар Жұмабаева, Бахытжан Әлімжанов, Айболат Берекешов, Ерболсын Үсенбаев, Ержан Жүнісов, Темірбай Сарымбаев, Жәнібек Сарыбаевқа облыс әкімінің «Алғыс хаты» табысталды.

Шара барысында сөз алған сала ардагерлері орман шаруа­шылығына мемлекеттен қолдаудың артқанын айта келе, мереке қар­саңында құрмет көрсеткен облыс басшылығына алғыс білдірді.

Айта кету керек, биыл облыстық орман шаруашылығы саласының құрылғанына 86 жыл толып отыр. Бүгінде  бұл салада 8 мемлекеттік мекеме, 422 қызметкер еңбек етуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында алдағы 5 жылда орман қорына 2 млрд, елді мекендерге 15 млн ағаш көшетін отырғызуға тапсырма берген болатын. Осыған сәйкес өңірде тұқымбақтар көлемі 22,6 гектардан 80 гектарға дейін ұлғайтылады деп күтілуде. Сонымен қатар орманды  сауықтыру, өрттің алдын алу мақсатында мекемелердің материалдық-техникалық  базасы да нығайтылмақ. Ол үшін алдағы үш жылда облыстық бюджеттен 1,5 млрд теңге қарастырылады.

Мейрамгүл Дауылбайқызы,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<