Сарыарқаға Сыр елінің тартуы

334

0

 Адамзаттың айға ұшу арманы алғаш рет қазақ жерінде ғана, оның ішінде Сыр елінде іске асты.Әлемдегі барша адам ғарышқа тұңғыш жол ашқан айлақты білмеуі мүмкін емес. Иә, Қазақстан үшін Байқоңыр – бренд. Биыл ғарышқа сапардың қазақ жерінен басталғанын білдіретін керемет кешен Астана жерінде бой көтерді.

Бұл жыл егемендіктің айғағындай болып бой түзеген, тәуелсіз елдің төрі, тірегі – Астананың 20 жылдық мерейтойымен есте қалғаны анық. Ерекше айта кету керек,  халқымыздың аты дүние жүзіне танылып, абыройының артуы қастерлі тәуелсіздік пен ару Астанамен байланысты. Биыл Есіл бойындағы елорданың тарихи тойы тұтас ел бойынша атап өтіліп, Астананың 20 жылдығына орай Қызылорда облысы айрықша тарту жасады. Сыр елі Сарыарқа жерінде зымыран – ғарыштық техникасы музейінің ашық экспозициясы құрылысын салып, шаһар тұрғындары мен қонақтарына ғарыш аппараттарымен таны­суға үлкен мүмкіндік жасады. Астана күніне орай өткен жаңа музейдің таныстырылымына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Таныстырылым барысында Президент жуырда өзіміздің жерсеріктерімізді құрастыруға кірісетініміз туралы айтқан болатын.

 – Бізде зымыран ұшыратын құрылғы бар,  2022 жылға қа­рай «Зенит» зымыраны дайын болады. Осылайша, ға­рыш өнеркәсібіміз жаңа тех­но­ло­гия­лық деңгейге көтеріліп, Қа­­зақстан толық­қанды ғарыш державасына айналатын болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ашық аспан астындағы музейдегі танымал макеттердің өзі де, жасалу, қолдану тарихы да тұрғындар үшін қызық. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық ғарыш орталығының аумағында орналасқан музейге дәл өлшемде жа­сал­ған «Союз», «Протон», «Зенит» зы­мыран-тасығыштары орнатылған. Ал, техникалық сипаттамасы, пайдалану тарихы туралы ақпарат аламын деушілер үшін арнайы ақпараттық стендтер тұрғызылыпты. Біз де әлемге әйгілі зы­мыран-тасығыштар туралы айтып өтсек.

 «Союз» – «Королевтің жетілігі» деп аталып кеткен Р-7 жинақтамасының ең танымал зымыраны. Ал, «Протон» – авто­матты ғарыш аппараттарын Жер шарының орбитасына, әрі қарай ғарыш кеңістігіне шығаруға арналған біржолғы зымыран-тасығыш. «Протон» зымыран тасығышы арқылы «Глонасс» жерсеріктік жүйе кеңейтіліп, «Экспресс» сериялы жерсеріктер ұшырылады екен.

«Зенит» – толығымен авто­маттан­дырылған және ұшы­рылым құралында пер­соналдың болуын қажет етпейтін алғашқы әрі жалғыз әмбебап кешен. Алғашқы ұшырылымы 1985 жылдың 13 сәуірінде жүзеге асырылыпты. Тіпті бұл зымыранды 80-90 жылдары «21 ғасырдың ракетасы» деп те атаған. Ал «Боран» – «Энергия-Боран» бағдарламасының аясында жасап шы­ғарылған орбитальді ғарыш кемесі. Ақпарат көздеріне қарасақ, «Энергия-Боран» халықаралық ғарыш станциясын жасау кеңес дәуіріндегі ең ауқымды бағдарлама болыпты.

Түпсіз, тұңғиық көрінетін көк аспанды жарып өтіп, аспан әлеміне самғайтын зы­мырандар туралы мың естігеннен, музей ішін­де тамашалаудың алабөтен эйфория­сы, алаңның өзгеше аурасы болатыны ай­қын. «Байқоңырдай» ғарыш айлағы бар ел астанасында мұндай үл­кен музейдің ашылуы астраномияға қы­­зы­ғатын жас ға­лымдар тұрмақ, қара­пайым тұрғындар үшін де пайдалы. Айт­пақшы, Астана кү­ніне орай басқа аймақтар да сый-тарту жа­сағанын айту керек. Айталық, бірқатар облыстардың атсалысуымен ұзақ қашықтықты қамтитын вело­си­пед жолағын, Батыс Қазақстан «Ақ­жа­йық» саябағын, Атырау облысы Есіл өзені арқылы өтетін көпірді салып берді. Соның ішінде Сыр елінің Елордаға жа­саған тарихи тартуы үлкен орын алатыны анық.

Айдана ЖҰМАДИНОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<